Жаңалық

«101-інші жаңа оқулыққа» бергісіз кітап – «Екінші болма!» не дейді?

Он тоғыз жасында алғашқы миллионын тапқан танымал кәсіпкер, 2,5 жылда «Rumi Group» мейрамханалар желісін ең дәмді, танымал және беделді брендке айналдырған білікті ресторатор Қуаныш Шонбай – бүгінде ел кеңесіне құлақ түретін, жастарымызға жеңіске жетудің қазақша жолын нұсқап жүрген атпал азаматтарымыздың бірі. Оның биыл ғана жарық көрген «Екінші болма!» кітабы да қалың оқырманның қызығушылығын оятып, сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. Бұл еңбектің Елбасының «Рухани жаңғыру» стратегиясының атқарылу үдерісімен тұспа-тұс келіп, ел дамуы мен қазақстандық әр азаматтың әлемдік бәсекеге қабілетті, білімді де білікті болып қалыптасуына берер пайдасы мен тағылымы мол екеніне кітапты оқу барысында көз жеткізуге болады.

Сонымен, бірінші кезекте Қуаныш Шонбай кім?

Ол – соңғы 2,5 жылда 10 мейрамxана ашып, ұлттық арнада “Үміткер” бизнес реалити шоуын түсіріп, атақты ресейлік “Бизнес молодость” жігіттеріне сұхбат берген алғашқы қазақ кәсіпкері. Жамбыл облысында туылып, жоғарғы оқу орнын Түркияда аяқтаған Қуаныш Шонбай, елге оралғаннан кейін мұғалім болып жұмыс атқарады. Кейіннен бизнес саласында өз мүмкіндігін сынап, 2015 жылы алғашқы “Rumi” дәмді палау орталығын ашады. Қазіргі күні ол үлкен 10 мейрамханадан тұратын, 700 адам жұмыс жасайтын алып компанияға айналды.

Қуаныштың өміріне қызығатындар аталған екі жарым жылды ғана көретін сияқты. Ал бұған дейінгі Қуаныш Шонбайдың 8 жыл бойы шыңдалған, дайындалған, қателескен, өкінген, банкротқа ұшырап, қайта көтерілгенін көбі біле бермейді. Бұл жайлы ол өз сөзінде: «Сол сегіз жылдың ішінде талай қателестім, үйрендім, білдім, көрдім, адыраспандардан арылдым. Ал елдің көретіні, оларға белгілісі – тек «Rumi» ашылғаннан кейінгі екі жыл. Егер кезінде банкрот болған бизнестерімнен сабақ алмасам, алпыс мың теңгелік мұғалімдік жұмыста істемесем, өзімді дамытпасам, бүгінгі күнгі жеткен нәтижемнің ешқайсысы болмайтын еді…» – деп ағынан жарылады. Бірақ, бізге автор секілді 8 жыл қиналудың қажеті жоқ. Біздің тек «Екінші болма!» кітабын оқып, автордың өмірден түйгендерінен сабақ алуымыз қалды.

Әрбір ізденушіні жеңіске жету теориясымен таныстырып, кәсіпте жаңа деңгейлерге көтерілуге жетелейтін бұл кітапта – күн тәртібіндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бәсекелік қабілеттілік, прагматизм, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы сынды жеке тұлғаны жан-жақты дамытудың тетіктері де кең қамтылған. Елбасының «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген сөзіндегі негізгі мақсаттарға бағытталған «Екінші болма!» кітабы, алдағы уақытта еліміздің қайта түлеу жолындағы саяси реформа және экономикалық жаңғыру жолындағы қызметі ерекше болмақ.

«Бірінші бол!» емес, неліктен «Екінші болма!»?

Кез-келген еңбекке сәтті қойылған тақырып – көзделген мақсаттың жартысы орындалғанын білдіреді. Сол секілді аталмыш кітапты қолға алғаннан-ақ, сіз ерекше күйді бастан кешкендей боласыз, себебі кітаптың аты «Бірінші бол!» емес, «Екінші болма!». Қызық. Бұның себебін автор кітабында былайша атап өтеді: «Өйткені, біріншінің артында екінші, үшінші немесе төртінші болуы мүмкін. Ал бұл жерде біз анық біліп алуымыз керек: біздің бірінші жауымыз, алғашқы қарсыласымыз – өзіміз ғана. Сондықтан, бұл өмірде өзімізді не жеңеміз, не өзімізден жеңілеміз. Жеңсек – бірінші, ал жеңілсек – екінші боламыз. Бұл кітаптың жеткізетін негізгі ойы, бәлкім пәлсапасы – өзіңмен ғана жарысуға тиіссің, сенің бәсекелесің өзің ғана, сондықтан, екінші болмай, бірінші болуға лайықсың деген тілекпен жазылған кітап». Әрі мұқабадағы «жеңіске жетудің қазақша жолы!» деген сөз де қазақ тілді оқырмандарды өзіне еріксіз тарта түседі.

Бұл кітаптың жазылу себебіне де қатысты бірер сөз келтірсек, автор әдеттегідей бірнеше жылдың ішінде мол табысқа кенеліп, аты жалпақ жұртқа жайыла бастағасын көптеген кәсіпкерлер мен талапкерлер ақыл-кеңес алу үшін Қуаныш Шонбайдың алдына келе бастайды. Соларға «бір жауап ретінде, пайдалы болсын деген оймен, адал ниетпен» осы кітаптың жазу жоспары түзіле бастайды. Себебі, Қуаныштың алдына келген адамдар «өмірдегі бағдарымды жоғалтып алдым», «арманымды білмеймін» деп, ал кейбіреулері еліміздің ең мықты, беделді жоғары оқу орындарын бітіріп, «мақсатымды білмеймін» дегенде, осы кітап қалайда жарық көруі керек деген ойға келеді. Содан автор «бұл кітап – жалпы қазақ жастарына жол сілтейтін, замандастарыма, еліме пайдасын тигізетін туынды болса деймін» деп тілек білдіріп, еңбегін жарыққа шығарады.

Бұл кітаптан не үйрене аламыз?

«Екінші болма!» кітабы үлкен 7 тараудан тұрады. Әр тарауда тақырыпқа сай мағлұматтар кең қамтылған. Кітаптың тілі жатық, оқуға жеңіл. Осыған дейін әртүрлі тақырыптағы 600-дей кітапты оқып тауысқан автор, айтар ойын жақсы жеткізе білген. Ол өзі де бұл кітаптың жазылу барысына қатысты «адамдардың көпшілігі осы кітапқа қатысты «Қуаныш білгенін, оқығанын аударып жаза салды» деген ойда қалуы мүмкін. Ондай сынға дайынмын. Бірақ, ескеретін жайт, бұл кітаптың ерекшелігі – мен оқыған алты жүз кітаптың қорытындысы іспеттес. Оған қоса, сол кітаптардан түйгенімді қолдану, жүзеге асыру, біздің менталитетті ескеру және соның нәтижесінде жүзеге асырылған тәжірибе» дегенді айтады.

Автор ә дегеннен бірінші тарауда бұл кітаптың кімдер үшін арналып жазылғанын және Румидің «2,5 жыл + 8 жыл» хикасын баяндай келіп, 2,5 жылда 10 мейрамхана қалай ашуға болады дегенге жауап береді. Сонымен қатар, он мейрамхана ашқанға дейін өзін қалай дамытқанын, қандай қиындықтардан өткенін және өзінің өкініш пен ұятқа қалған, банкрот болған тұстарымен бөліседі. Соңында өзің қандай болсаң, бизнесің де, карьераң да сондай болады деген ой-тұжырымын айтады. Яғни, мұндағы негізгі ой ретінде сен карьераңды немесе бизнесіңді жасайсың ба, ол өз еркің, бірақ, әрқайсынын дамыту үшін, ең алдымен өзіңді дамытуың керек деген ұйғарымға келеді.

Румидің хикаясы: 2,05 жыл + 8

«Бейнетсіз зейнет жоқтығын» ескерсек, кәсіп бастау немесе оны ары қарай дөңгелетіп әкету де оңай нәрсе емес. Кез келген салалың өз қиындығы болады. Осы тұрғыда бұл кітаптың ең бір ұтымды жері – адамды жеңіске жеткізетін нәрсені айтудан бұрын, адамды жеңіліске ұшырататын нәрселерден барынша сақтандырады. Бұндай мәселе кітаптың екінші тарауында айтылады. Автор біздің күнделікті өмір салтымызға, кеткен қателіктеріміз бен мүмкіндіктерімізге, өзгелер үшін босқа өтіп жатқан есіл уақыттарымызға жаны ашып, аяушылық сезіммен қарағандай болады. Содан бәріміздің боймыздағы кемшіліктерімізді санамалай жөнеледі…

Автордың айтуынша, біздің ең үлкен кемшілігіміз – армандай білуден қорқамыз, яғни, адамдар өздерінің армандарына өздері «Неге?», «Бұл қалай болғаны?» деп үрейленіп қарайды дейді. Ал армансыз адамның қанатсыз құстай болатыны бесенеден белгілі. Сондықтан, әр адам армандауға, ойындағысын іске асыра білуге үйренуі керек. Оған «Екінші болма!» таптырмас құрал деуге болады.

Бұл тарауда автор адамның белгілі саладағы формасыздығын, тұлғалық қалыптаспауын яки тұрақсыздығын, жоққа жүйрік жетпесе де, барын бағалай алмауды өлтіре сынайды. Автордың айтуынша, біз өзіміздің нақты образымызды, формамызды қалыптастырып алмасақ, өзіміздің абстракциялы – жалқау, еріншек образымызды жеңе алмаймыз. Ал, идеал образымызға жету үшін біз саяхаттап, ел бармаған жерлерге бару керекпіз. Егер, ел қатарлы, солар барған жерге барсақ, басымызға тың идеялар келмейді. Кәсіпкер ойын одан әрі жалғап «мен жазда Сыктывкарға емес, барлығы сияқты Анталияға барсам, қазір «Rumi» мейрамханалар желісі болмайтын еді. Егер мен, басқа рестораторлар сияқты шабыттануға Стамбулға емес, Мәскеуге барсам, бәлкім «Dala» мейрамханасы болмайтын еді» дейді, яғни адамның жаңа формаларға өтіп, жаңа сапаларға көтерілуіне Ньютонның басына құлаған алма секілді себептер ауадай қажет.

Ал екінші форма қалыптастыруға кітап оқу арқылы мотивация алуды, ой түюді және өмірдегі шешімін таппай жүрген сұрақтарға жауап табу үшін оқитынымызды айтады. Үшінші кезекте форма табуымызға телехикаялардың алар орнына да тоқталады. Сондай-ақ, жақсы дүниелерден алатын үлгінің мол екенін автор, «болмасаң да ұқсап бақ» деген сөзбен тұжырымдайды. Әрі жағымды образға жанаса жүріп, соған сәйкес жүріс-тұрыста жақсы әдет қалыптастыруға шақырады.

Одан әрі кітапты парақтай отырып «Менің қолымнан ештеңе келмейді» дегенді сенен басқа ешкім білмейді, ол сенің ғана басыңда туған ой» деген сөзді оқып тіксініп қаласың, өйткені, мұндай ішкі комплекстік жағдай екінің бірінде бар. Мұны жеңіс үшін таптырмас қазына деп те атайды, себебі, біз бұл арқылы шартарапты айналып, психологтың немесе өзге маманның көмегіне жүгінбей-ақ минусымызды көріп, онымен күресе алу күшіне ие бола аламыз.

Автордың өмірлік қағидаларының бірі – сылтау айтпау. Өйткені, бұл адамды еріншектікке, бойкүйездікке жетелейтін кесел. Сондықтан, автор мұндай дерттен дер кезінде айығу керектігін ескертеді.

Бұл тараудың тағы бір бөлімі «Неге Батыс кітаптары көмектеспейді?» деп аталады. Автордың айтқанындай-ақ, біздің оқырмандардың Батыс кітаптарынан алып жатқан пайдалары шамалы екені рас. Оның себебін автор «бізде, өзіміздің қоғамға тән, осы ортадан шыққан ауруларымыз, проблемаларымыз немесе әке-шешеміздің бойымызға сіңірген аурулары бар. Батыс кітаптары көмектеспейді емес, көмектеседі, егер біз қойған талап соған сәйкес болса» дейді де, төмендегі модельдерді ұсынады.

Батыстағы модель vs қазақша модель

Батыста идеал әлемді құрып, оны сенің әлеміңмен байланыстырады. «Барлығы өз қолыңда», «Сен мықтысың», «Визуализация жаса» дейді, мотивация береді. Адам армандайды, соның барлығын қалайды, көз алдына елестетеді, бірақ бұдан нәтиже шықпайды. Оның салдары – депреция!

Ал негізінде бізде қалай? Қазіргі сенің және сенің мінсіз нұсқаң бар. Яғни, сен идеалды әлемге ұмтылмайсың, керісінше бойыңдағы адыраспандармен, кемшіліктермен күресіп, өзіңді дамытып, мінсіз нұсқаңа ұмтылып, әрдайым даму үстінде жүресің.

Жетістік жоқ – жеңіс бар

Батыстағы жалпы жетістік теориясы бізге көмектеспейді, өйткені, олар жетістікті басты мәселе етіп қарастырады. Жетістіктің не екенін біз, біріншіден, түсінбейміз, ал, екіншіден, бізде мақсат жоқ, онда жетістік қайдан болсын.

Сондықтан да, кітап авторы алдыңа айқын мақсат қою керектігін ұқтыра отырып: «Алдыңа мақсат қою қиын. Бірақ, осы мақсатқа қол жеткізген соң, көп адамдар жұлдызды ауруға ұрынып, босаңси бастайды. Сондықтан, үлкен жетістікке емес, оның жолындағы кішігірім жеңістерге ұмтылу керек» дейді.

Сосын ол бір жақты «Мақсат қоюды» – өзін шектеуге жатқызады. Сондықтан, ол мақсатты емес, мақсатқа апарар жолды белгілеп алу керек дейді. Бұл жолда, әрине, адамға мотивация керек болады. Автордың айтуынша, мотивация – құрал, оны мақсатқа айналдыруға болмайды. Мен сол үшін оны шабытқа айналдырдым дейді. Қарап тұрсаңыз, мотивация дегеніміз жәй ғана жігерлену болса, ал шабыт деген – орасан күш әрі «қазаққа етене жақын ұғым». Осы тараудың соңында автор өзінің мынадай тезистерін ұсынады:

Жетістік жоқ – жеңіс бар.

Мақсат жоқ – нысана бар.

Мативация жоқ – шабыт бар.

Қазақтардың жеңіске жету формуласы

«Екінші болма!» кітабы қазақтардың жеңіске жету формуласы үш негізге бөліп қарастырады: жеңістің адыраспандары, жеңіске барар жолдағы барьерлер (кедергілер) және жеңіске апарар жол.

Жоғарыда көрсетілгендей, жеңіс жолының негізгі үш бөлігін – жеңістің баспалдақтары ретінде қарастыра отырып, біріншісін, яғни, жеңістің адыраспандарын аттап өтіп, бірден барьерлерге (кедергілерге) немесе жеңіске апарар жолға өтіп кете алмайсың . Яғни, асықпай, бір-бірлеп басқан қадамдарың ғана тұрақтылыққа, аңсаған арманға, қаржылық тәуелсіздікке алып келеді.

Жеңістің адыраспандары

Мұндағы айтылып жатқан адыраспан – жын-шайтаннан, жаман нәрселерден аластайтын шөп деген мағынада алынып, бізді жеңістен аластайтын, сәтсіздікке ұшырататын мінездерді білдіреді. Комплекс, қырсықтық, сенімсіздік, эго, сасық көкірек, жалқаулық – бұл байдың да, кедейдің де, студенттің де, кәсіпкердің де – барлығының бойынан табылатын жаман мінездер. Ал бұл мінездер бар жерде, жеңіс адамды айналып өтеді.

Ал осынау жеңістен тосатын адыраспандар қалай бар болса, одан құтылудың жолы бар. Автор оған мойындау туралы шындықты ұсына отырып, адыраспандардан құтылудың ең бір ұтымды әдісі ретінде еріншетіктен арылу деп келтіреді. Еріншектікті жеңе білген адам ғана – үлкен мақсаттарға қол жеткізеді.

Жеңіске барар жолдағы барьерлер (кедергілер)

Кітаптың төртінші тарауында, жоғарыда айтқанымыздай, қазақтардың жеңіске жету жолынының екінші сатысы ретінде жеңіске барар жолдағы барьерлер (кедергілер) қарастырылады.

Автор бұл бөлімде адам бойындағы Құдай дарытқан қабілетті шыңдаудың, жоқты қуаламай, барды бағалауға шақырады. Әрі қабілетті дамыту үстінде талмай ізденіп, логикалық ойлауды, негізсіз пікірлерді өшіріп, ақылды қоса білуді үйретеді. Сонымен қатар, өз салаңа қатысты, адамның білім-білігін арттыратын кітаптар оқу арқылы бойымыздағы минустарды плюске ауыстыру мүмкіндігі туатынын тілге тиек етеді. Кругозор мен білімнің, бір істі жасау мен тырысудың фундаменталды айырмашылықтарын түсіндіреді.

Содан бізге жеңіске бастайтын нәрсе ретінде – жасау – заток ережесін ұсынады:

З аң бойынша

А яқталған

Т әртіп бойынша

О йластырылған

К өрікті (Әдемі)

Ж еңіс жолына түсу

Бұл ретте жеңіске жеткен адамдардың ортақ тұстарын айтып өткен жөн шығар, яғни, кітапта айтқандай, кез келген адам жеңіске жеткісі, белгілі бір белестерді бағындырғысы келеді. Бірақ адамдардың неден бастайтынын білмеуі, нақты стратегияны құрмауы оларға кедергі келтіреді. Себебі, олардың алдында нақты қалыптасқан бір образ жоқ.

Сондықтан да, автор адам баласына өз өмірін мәнді де сәнді сүру үшін бірнеше қасиет керек дейді, олар – өзін-өзі басқару мен табандылық, әрі өзіндік образ таңдау үшін қияли болу.

«Екінші болма!» кітабы төмендегідей жеңіске

жетелейтін бірқатар әдеттерді ұсынады:

Ұйқы гигиенасы, дұрыс тамақтану, физикалық жаттығулар, Эмоционалды интелект, практикалық интелект, ширақтық, рухани интелект, позитив, ойды басқару, жауапкершілік, өзіңе сену, Құдайға сену, репутация, принцип, өзгелерге ұнау, өзгелерді ойлау, өзіңе ұнау, дисциплинаға үйрену.

Түйін:

«Қуаныш Шонбайдың “Екінші болмасы” алдымен өз нәпсіңнің, өз эгоңның алдындағы бәс, бәсекеде жеңуді үйретеді. Не ол, не сен. Осы өз-өзімізбен арпалыста қолымызға лайық қару түспей, өзімізді қамшылар қуат табылмай, ол табылса, оны демер, демесек, соңына деміміз жетпей қалып жатады. Оны былай қойғанда, қанағат пен жалқаулықтың айырмасын, ұяңдық пен ынжықтықтың арасын, мотивация мен шабыттың өзгешілігін білеміз бе? «Екінші болмада» жетістікке жетер жолымызды байлап тұрған түйіндердің шешімін көрсетеді. Оқы да өз түйініңді шешкін!», – деген блогер, PR маманы Өркен Кенжебектің пікірімен келісе отырып, расында Қуаныш Шонбайдың аталмыш еңбегі қазақ жастарының жеңіске жетуіне, мол табысқа кенелуіне таптырмас олжа деуге болады. Елбасының да діттеген межесі, аңсаған арманы – қазақ жастарын білімді де білікті, жаһандық даму үдерісіне жан-жақты төтеп бере алатын, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеп шығару. Мұның өзі баянды болашаққа бағдар алған «Рухани жаңғырудың» бір көрінісі іспетті. Осы жолда аянбай тер төгіп, елінің ертеңі үшін емешегі езіліп жүрген Қуаныш Шонбай мырзаның істері мақтауға тұрарлық.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button