Жаңалық

«Рухани жаңғыру» аясында ұлттық аспаптың қадірі артты

Үстіміздегі жылдың 1-шілдесі «Домбыра күні» болып бекітілгенінен күллі халық хабардар болуы шарт. Шанағынан төгілген күй көңіліңді шаттыққа бөлеп, пернесінің әрбір нүктесі пендешіліктен аулаққа әкететін ерекше қасиеті бар ұлттық аспап домбыраны халық болып қадір тұту – ұлттық сананы жаңғыртып, ұлттық болмыстың өміршең қалпын жоғалтпауына жасалған маңызды қадам.

Домбыраның насихатын арттыру – бүгінде ақпарат меншіктеген бүкіл азаматқа міндет. Ендеше ұлттық аспаптың ұлылығы туралы келелі мағлұмат беру үшін біршама шегініс жасауға тура келеді.

Домбыра туралы мәліметтер тарихта он төртінші ғасырдан бастап кездеседі. Жылқының құйрығынан қыл алып, оны ағашқа тартқандардың өнертабысы күні бүгінге дейін бүтін бір ұлттың символына айналып келеді. Тарқатып айтсақ, қазір домбыраның бірнеше түрін кездестіруге болады. Шанағының пішініне, перне санына қарай әр өңірдің аспабы өзіндік ерекшелікке ие. Әсіресе батыс аймақтың халқы өздерінің бағыттарынан бір мысқал ажырамаған.

Домбыра алғашында әнді сүйемелдеуге ғана қажет болған деседі. Бірақ уақыт өте келе оның шанағынан күмбірлеген күй төгіліп, бірде халықты рухтандырса, бірде мұңайтып, бірде шаттандырып әкететін ерекше қабілеті ашылған. Өткен күндерімізге бажайлап көз жіберсек, домбыраны жан серігі, шоқпар орынына қаруы, мал орынына мүлкі деп санаған бірегей өнерпаздарды көптеп жолықтырамыз.

Күй өнерінің мұрасын айтарлықтай байытқан, өзіндік ерекшеліктерімен даңғыл жол қалдырған Құрманғазы, ұзақ күй тартыстардың серкесі болған Байсерке, лирикалық күйдің төресі Дәулеткерей, Тәттімбет пен Қазанғаптар туралы барынша тарқата айтқан жөн.

Құрманғазы Сағырбайұлы 

Бөкей хандығының аумағында дүние есігін ашқан күйшінің тағдыры көрген-білгенін айтып түсіндіруден гөрі сұлу әуенімен домбыра шанағынан төгуге әуес болып өсті. Батыс жұртын өнерімен тәнті еткен Соқыр Есжан есімді күйшіден ең алғаш күй тәртібін, бұлжымас қағидаттарын үйренеді. Домбыра техникасы мен қасиетін жете ұғынған жас Құрманғазы өз замандастары Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң есімді күйшілердің өнер туындыларын орындай отырып, күй өнерінің қасиетін, маңызы зор екенін, елге берер тағылымы мол екенін шындап ұғынады. Құрманғазыны күй өнеріне баулыған, кем-кетік жерінде ақылын айтып, дұрыс жол сілтеп отырған ұстазы – Ұзақ.

Құрманғазы Сағырбайұлы алғашқы күйін үлкен тақырыпқа арнайды. «Кішкентай» деген атпен шыққан өнертабысының бағыты 1830 жылдан басталған Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бас болған Бөкей Ордасындағы шаруалар көтерілісіне бағытталады. Тығыны ашылып кеткен ыдыстағы сұйықтық секілді осыдан кейін күйшінің салалы саусақтары пернелерді тіміскілеп, ішекті қағып, бірнеше жаңа күйлерді дүниеге әкелді.

Кейін атақты күйшіні не себепті екені беймәлім, түрмеге жабады. Шаш ал десе бас алатын жандайшаптардың жанары күйшінің тегін адам емес екенін, оның жан-дүниесі өте нәзік келерін біле алмағаны өкінішті-ақ. Алғашында күйші Сібірге жер аударылайын деп тұрған жерінен қашып құтылады. Сол кезде «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем», «Кісен ашқан» және «Ертең кетем» деген әлі күнге дейін домбыра пернесі мен шанағынан түспеген күйлері өмірге келеді.

Ел ауызында Құрманғазыны шешесінің шапалақпен ұрғаны жайлы аңыза бергісіз әңгіме де бар.

Түрмеде жатқан кезінде шешесі сонау қашықтан құрт-майын арқалап жеткен екен. Туған анасының өзі үшін осынша азапқа түскенін көрген күйші кемсеңдеп қоя берген екен деседі. Дәл сол кезде анасы бұны шапалақпен шықшытынан салып қалыпты. Артынша айтқаны бір-ақ ауыз сөз: «Мен батыр тудым ба десем, ез туған екенмін ғой».

Осыдан кейін күйші бойын тіктеп, «Бұқтым-бұқтым», «Терезеден-есіктен», «Бозқаңғыр», «Бозшолақ» секілді күйлерін өмірге әкеліпті. Күйші өз мұрасының құмға сіңгендей жоқ болуын қаламағандықтан, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов, Дина Нұрпейісова секілді халық арасына енді танылып келе жатқан азаматтарды шәкірті етіп, күй өнеріне тереңдете баулиды.

Домбыра жайлы сөз қозғағанда күй атасы Құрманғазыдан аттап кету адамгершілікке жатпайды. Өзге күйшілердің де ішек қаққан, перне басқан саусақтарының қасиетін әлбетте қадірлейміз, ардақтаймыз.

«Балбырауын» мен «Ақсақ киік» секілді көңіл пердесін түріп, жан әлеміңді жер бетінен көтеріп әкететін ерекше күйлердің авторы болған алпауыт адамды ардақтау мен домбыраны қадірлеу егіз ұғым іспетті. Демек, біз «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында күллі күйшіні насихаттап, ұлттық болмысымызды нығайтудамыз.

Қос ішекті аспаптың бүгінде бірнеше түрі танымал. Ән мен күй домбырасы, торсық, балдырған, шіңкілдек, аша секілді, сондай-ақ, оркестрге арналған бірнеше түрі бар. Олардың әрқайсысының өзіндік жасалу жолы, материал ерекшелігі бар.

Тарих беттерін парақтай түссек, беріректе Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев, Жамбыл Жабаев секілді дүр алыптарды көре аламыз. Тау ішін, кең жазықты аралап, шабыт іздеген шығармашылық иелерінің ауыл-ауылда қонақ болып, өнерлерін күллі халыққа паш етіп әрі өздеріне ізбасар іздеп жүрген. Қазіргі тілмен айтқанда – сал-серілердің «гастрольдік сапары».

Біржан сал, Ақан серілердің өнері, әндері бүгінге дейін халық арасында дәстүрлі түрде орындалып келе жатыр. Ал Әміре Қашаубаевтың ұлттық аспапқа жасаған, сіңірген еңбегі орасан зор.

1925 жылы Кеңес Одағының делегациясымен бірге барған Дүниежүзілік сән көрмесінде қазақтың домбырасын әлемге паш етіп, «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан» сияқты дәстүрлі әндерді орындады. Міне, сол уақытта өркениеті дамыған елдердің дәл осы музыка саласының өкілдері домбыра үніне тәнті болып, тіпті, Александр Затаевич «Балқадиша», «Дударай», «Бесқарагер» іспетті әндерін жазып алып, «Қазақтың 500 ән мен күйі» жинағында бастырды.

Айтыс өнерінде де домбыраның үлес салмағы басым. Таңды таңға ұрып дастан соғатын жыршы-термешілердің де арқа сүйер аспабы – домбыра. Цифрлық технологиялар мен роботтар дәуірі келгенімен, қазақтың ұлттық болмысын айшықтайтын, рухына дем беретін аспаптың қолданыстан қалмауы талқыға түспейтін шарт. Ал оның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында кең көлемде арнайы ұлықталуы – жан сарайыңды керемет қуанышқа бөлейтін бастама. Биыл алғаш рет  ұйымдастырылған домбыра күнінде жер-жерде домбыра-party, күй тартыс секілді ауқымды шаралар өткізіліп, қолына қасиет дарыған өнерпаздар бірқатар алғыстарға ие болды.

Тағы да айта кету керек, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлттық болмысымызды айшықтайтын құндылықтардың барлығын жаңғыртып, халық санасын, ел рухын асқақтатуды көздейді. Жаһан тәжірибесіне зер салсақ, бұл бастама әлемнің бірқатар елінде нәтиже берген бастама екеніне көз жеткіземіз. Осындай ойлардың жетегінде тұрып, даму көшінде артта қалып, шаң жұтпай, тұяғымен жер тарпып келе жатқан жүйрік секілді сезінесің өз еліңді, өз ұлтыңды. Кеуде кернейтін мақтаныштар көп болып, руханиятымыздың әрбір жаңалығы домбыра шанағынан күй болып төгіле берсін!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button