Жаңалық

Алматы қаласындағы мұражайда «Рухани жаңғыру залы» ашылды.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының, кіші бағыттардың аясында жүзеге асқан игіліктердің нәтижесін, елдегі кереметтерді көрсетіп, халық алдында насихаттайтын залдың ашылуы – өте орынды шешім. Оңтүстік астанадағы мұражай – тарихи тамыры тереңде жатқан нысан. Демек, «Рухани жаңғыру залының» ашылуы арқылы мұражай тарихының салмағы арта түсті. Елдің жаңа тарихын жазу жолында бұл шешімді көрегенділікке баласақ, айып болмас, сірә.

Жаңадан ашылған залға келушілер «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағыты бойынша жасалған тізімге енген тарихи-мәдени орындар туралы мәліметтермен танысып, соның ішінде Алматы қаласының көлемінде тізімге кірген нысандардың түрлі фотосуреттерін тамашалап, тарихымен танысып, құнды мағлұматтар ала алады. Ол қандай нысандар? Әрі қарай оқыңыз.

«Тәуелсіздік таңы» монументі 

Егемендік үшін етігімен су кешіп, елім деп ұран салған жастардың 1986 жылғы жұмыр жерді дүр сілкіндірген дүбірі – қастерлеуге әбден тұратын тарихи құбылыс. Атылып, айдалып кеткен қыршын боздақтардың қаны мен көз жасы төгілген, ұлт намысы көтерілген жерде Елбасының арнайы қатысуымен 2006 жылдың күзінде «Тәуелсіздік таңы» монументі ашылған еді.

Ұлттық тарих қыспақ кезінде тұншығып жатқаны күллі қазаққа мәшһүр. Егемендік алып, ес жинағаннан кейін олқылықтардың орыны толуы қажет. Ол мақсат орындалды. Желтоқсандағы қақаған аязда ұлт намысын жыртып, Тәуелсіздік үшін жанын пида еткендердің рухы мәңгілік жадымызда.

Міне, «Тәуелсіздік таңы» монументі дәл сол Алматының орталық алаңында көк тіреп тұр. Тарихын сөйлетіп қоя берсең, көзге еріксіз жас келеді. Ал сол жас қанымыздағы ұлттық болмысымызды қытықтайды. Содан келіп, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының өміршең бағыт екендігі айқындалады.

Жаңадан ашылған, ұлттық болмысымызды, тарихымызды дәріптейтін залдың қақ төрінен «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші туралы дүниелер орын алса, «мұның қате» дейтін қазақ табыла қоймас.

Қазақ-Британ техникалық университетінің ғимараты 

Бүгінде оқу ордасына айналған бұл ғимараттың ұлттық тарих беттеріндегі маңызы зор. Біз сөз етіп отырған нысан Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Үкімет үйі болған уағында. Бұл – бір.

Екіншіден, еліміздің ширек ғасырдан аса уақытта жедел дамып, алдыңғы қатарлардан бой көрсетіп жүргеніне бірден-бір себепкер құжат та осы ғимаратта қабылданған. Тарқата айтсақ, бұл нысанда 1991 жылы 16-желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі» деп аталатын ұлттық маңызға ие конституциялық заң қабылданып, күшіне енген болатын. Сол уақытта аталған құжатты қабылдау үшін ел басшылары үш күн, үш түн бойы аяғынан тік тұрып жүріп, тарихи шешімді жасаған еді.

2016  жылы Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толуына орай жасалған игі шаралардың ішінде дәл осы зәулім сарайдың маңдайшасына ескерткіш тақта орнатылған еді. Бұл – қуануға тұрарлық дүние.

Міне, осындай маңызы үшін де Қазақ-Британ университетінің ғимараты туралы мәліметтер мен фотосуреттер галереясы «Рухани жаңғыру» залындағы құнды экспозициялар қатарында.

Бұлардан бөлек залдың төрінен орын алған ғимараттар қатарында Алматының қақ ортасындағы ХХ ғасырдан бері түрлі ғаламаттардың куәсі болып келе жатқан Вознесен Соборы, ұлт қайраткері, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының құндылықтарын дәріптейтін мұражай-үйі, «Боралдай сақ қорғандары» атты археологиялық саябақ, Райымбек батыр кесенесі бар.

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың тек құжат түрінде орындайтын жоспары емес. Бұл тұтас ұлтты, мемлекетті жаңа сапалы деңгейге көтеретін стратегиялық құжат. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» әрбір қазақстандыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы керек. Бүгін ашылып отырған залға «100 жаңа есім» бағытының жеңімпаздары туралы мағлұматтар қойылды. Түрлі салада жетістікке жетіп, ерен еңбек етіп жүрген азаматтар өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Сондай-ақ, маңызды экспозициялар қатарында Алматы облысындағы киелі алты нысан туралы кеңейтілген мәліметтер бар. Сонымен қатар, «100 жаңа оқулық» бағыты бойынша аударылған 18 кітаптың түгелі залдан табылады», – дейді Алматы қаласының мұражайлар бірлестігінің даму жөніндегі орынбасары Қайрат Тарбаев.

Қайрат Тарбаевтың айтуынша, мұражай төрінде әзірге «100 жаңа есім» бағытының үш жеңімпазының ғана еңбегі туралы толық мәліметтер бар. Бұл қатарлар алдағы уақытта құнды жәдігерлермен толыға түспек.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының құр жаңғырық емес екені осымен бірнеше мәрте дәлелденді. Ұлт жанашырларының, қандастардың мерейі тасып, ұлттық тарихымыз жаңарған күн – бүгін. Мұражайдың есігі келем деушілердің қайсысына болсын ашық. Ұлттық құндылықтарымызды айшықтайтын залдың көрермені көп болатынына сенім мол.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button