Жаңалық

Ақсұлтан Қалиев: «Арман – адамның жанармайы»

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі міндеттемелері және өзге де бастамалары еліміздегі белсенді жастарға барынша қолдау беруді көздейді. Олар – ел болашағы, ұлт тұтқасын ұстайтын азаматтар. Келешек келбеті керемет болуы үшін осы бағыттағы міндеттемелерді жүзеге асыру өте маңызды. Біздің редакция бүгін өз ортасында танымал, белсенділігімен қоғам назарын өзіне аударған Ақсұлтан Қалиевтен сұхбат алуды жөн көрді. Ақсұлтан Қалиев кім? Оның атышулы адамға айналуына кім себепкер болды? Білгіңіз келсе, әрі қарай оқыңыз.

YouTubе желісінде «ХаХа Шоу» деген атпен танымал парақшаны достарымен бірге жүргізетін Ақсұлтан жастар арасында өте танымал. Олардың арнасына 100 мыңнан астам ғаламтор пайдаланушылары жазылған. Түрлі әлеуметтік мәселелерді астарлы әзілмен көмкеріп, халықтың көңілінен шыққан жас жігіттің алға қойып отырған жоспарлары өте көп. Және өзін көпшілік алдында аса сенімді әрі еркін ұстайтын жас жігіттен еліміздегі жас буын өкілдері үлгі алуға тұрарлық. Ең бастысы – Ақсұлтан өз арманынан шабыт алып, жетістікке жетіп жүрген азамат. Сондай-ақ, бұл азамат үшін қазіргі жетістіктері тек қана бастамасы екен. Ол бұнымен тоқтап қалуды жоспарламайды. Қалған ақпарат төмендегі сұхбатта.

– Сіз «Арманыңнан шабыт ал» деген ұранмен жүресіз. Оны өзіңіз жиі қайталайсыз. Осы ұранның астарында не бар? 

– Арманыңнан шабыт алу – өз қиялыңдағы дүниелерді жүзеге асырып, жетістікке жетудің басты құралы. Яғни, өз қиялыңдағы дүниелерді ойша болжағаннан кейін оны жүзеге асырудың жолын қарастыра бастайтының өзінен өзі айқын. Армандай білген адам өмірде жетістікке жеткісі келсе, дұрыс армандап, арманын нақты мақсатқа айналдыруды көздейді. Сондай-ақ, күн сайын өз қателіктерімен жұмыс жасайды. Әрбір адамның ойлау дәрежесі де әртүрлі. Соған сәйкес кім биік шыңдарды бағындыруды армандай алса, соған орай әрекет етсе, ол міндетті түрде орындалады. Арман – адамның жанармайы, ал шабыт – алға сүйрейтін күші зор локомотив.

– Еліміздің жастарына бүгінгі күні жетістікке қол жеткізу үшін не жетіспейді? 

– Алдымен білім, одан кейін сенім мен табандылық жетіспейді деп санаймын. Бүгінгі күні алдымызға таңдауға беріп отырған мүмкіндіктердің саны өте көп. Соларды оңтайлы пайдалана білу қажет. Міне, біздің жастарға ол мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін жоғарыда айтып өткен үш қасиет жетіспейді, меніңше. Өйткені, әрбір бастамада құлау мен сүріну бар. Білімің бола тұрып, өз болмысыңа сенім білдіре алмасаң, табандылық танытпасаң, білімің қажетсіз дүние болып қалмақ. Сондай-ақ, бүгінгі күні жастарға қоғамға, елге, басшылыққа,  тіпті, өмірге деген жалпы көзқарасын өзгерту қажет. Орын алып жатқан өзгерістерге басқа биіктен қарауды үйрену шарт.

– Өмірде өзіңізді жетістікке жетіп үлгерген жастардың бірі ретінде санайсыз. Осы дәрежеге жетуге қол ұшын берген ұстазыңыз кім? 

– Бірден айтайын, мен өзімді жетістікке жетіп үлгерген адам ретінде санамаймын. Әрине, біраз белесті бағындырдым. Бірақ мен үшін негізгі жетістік әлі алда. Ал сұрақтың екінші бөлігіне келер болсақ, менің ұстазым – өмір. Өмірден сабақ алып, әрдайым жиған тәжірибемді түрлі уақыттарда орынымен қолдануға тырысамын. Қандай көзқарас биігінен қарасаңыз да, өмірден асқан ұстаз жоқ.

– Елбасының жастарға жасап беріп отырған зор мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалану үшін олар не істеу керек? Өз ойыңыз. 

– Елбасының жастарға зор мүмкіндіктер жасап беріп отырғанын барлығымыз білеміз. Ал оны оңтайлы пайдаланып, нәтиже шығару – біздің буынның қолындағы дүние. Ол үшін жастар буыны алабөтен ойлап, өз жігерлерін жани түсуі керек. Сондай-ақ, санасында қалыптасқан стереотиптерді өзгерту қажет.

Сонымен қатар, мемлекеттік мүмкіндіктер арасынан өзіне қажетті арнайы бағытты таңдап алып, соның аясында қызмет жасауы қажет. Бұл бастамаңыз жеміс беру үшін сәт сайын өзіңді дамытып отыруың қажет.

Мүмкіндіктерді пайдалану үшін алдымен оны байқау қажет. Сонымен қатар, бұл ретте санаңыздан жағымсыз дүниелерді алып тастап, өмірге тек позитивті көзқараспен қарауды дағдыға айналдыруыңыз керек.

Елбасының «Саналы идеалсыз, биік армансыз өмір сүретін адамды ұсақ, уақытша қызығушылықтар басып алады» деген пікірінен-ақ армандай білудің маңызы туралы көп нәрсені байқауға болады.

– Қай жерден білім алдыңыз? 

– Мен Семей қаласында мектепті тәмәмдадым. Содан кейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жоғары білім алдым. Бірақ менде мынадай бір қасиет бар. Егер маған жасауға міндеттелген нәрсені менің жан-дүнием қаламаса, мен одан міндетті түрде бас тартамын. Бағанада да айтқандай, менің ең үлкен білім ордам  – өмір.

Өмір сабақтарын игерген адамның жерде қалмайтыны анық. Сондықтан, өзімді өзім дамыту жолында өмір сабақтарын жіберіп алмауға, осы сабақтардан жинаған тәжірибемді оңтайлы пайдалануға ден қоямын.

– Шабытты неден аласыз? Сізді не жігерлендіреді? 

– Шабытты өз мақсаттарым арқылы жүзеге асырған кішкене жетістіктерімнен аламын. Оларды кішкентай деп есептеуімнің себебі – мен көздейтін межедегі жетістіктің көлемі үлкен. Ал мен оған жетуім үшін шабыт ауадай қажет.

Мен қазір шығармашылықпен айналысатындықтан, шабытты күнделікті қажет етемін. Өмірде шабыт алуға тұрарлық дүние көп. Кішкене жетістіктеріңізге тоқмейілсіп, даму жолындағы қадамдарыңызды қысқартудың қисыны жоқ.

Сондықтан, өмірдегі әрбір нүктеден шабыт іздеңіздер. Өйткені, шабыты шалқыған адамның үлкен істер жасай алатыны – уақытпен дәлелденген қағида.

– Алдағы уақытта қандай жобаларды жүзеге асыруды жоспарлаудасыз? Егер құпия болмаса, бөлісе отырсаңыз. 

– Жоспар өте көп. Нақтырақ айтсақ, бұлар ешқандай жоспар емес, бұлар – айқын мақсаттар. Оларды жүзеге асыру үшін мен күн сайын әрекет етемін және өз-өзімді сол арқылы дамытып отырамын. Бірақ олардың қандай бағытта, нені мақсат еткен жоба екені әзірге құпия. Алдағы уақытта жарыққа шыққан кезде, өздеріңіз куә боласыздар.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button