Жаңалық

Уақытты тиімді пайдаланып, жетістікке жету жолдары

Уақыт – адам өміріндегі ең басты құндылық. Оны тиімді пайдалану – бүгінгі күні жетістікке жетудің бірден бір жолы. Уақытты тиімді пайдалану арқылы жылдам арада тіл үйренуге, біліктілікті арттыруға, материалдық жағдайды жақсартуға әбден болады. Минут – мүмкіндік. Джош Кауфман өз уақытын немесе жалпы адамзат уақытын оңтайлы игеру туралы кітап жазып, мол тәжірибесімен бөліседі. Аталған дүниелер автордың «Алғашқы 20 сағат. Қалай тез үйренуге болады… қажет нәрсені» деп аталатын еңбегінде жарияланған.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында азаматтарға кәсіп жасау, өздерін дамыту сияқты қабілеттер міндеттелген. Уақыт ағысымен бірге жүріп, дәуір тынысымен қатар тыныстаған азаматтарға уақытты тиімді пайдалану шарт. Өйткені, бүгінгі бастамалардың барлығы уақытқа жұмыс жасайды. Кешігіп қалсаңыз, кәсібіңіз құлдырап, өзіңіз рухани дағдарысқа ұшырауыңыз мүмкін. Сондықтан, әрбір сәтті оң жамбасыңызға сай келерліктей етіп пайдалана білгеніңіз жөн. Біз азаматтардың қаперінде жүрсін деген оймен әлемдегі үздік авторлардың бірі Джош Кауфманның жігер беретін және азаматтарға уақыт туралы ой салатын шығармасынан мағлұмат бермекке шешім қабылдадық. Сонымен, Джош Кауфман уақыт туралы не айтады? Әрі қарай оқыңыз.

«Мен біраз нәрсені жасағым келеді, бірақ уақыт аз». Бүгінгі күннің келбеті – осындай. Әрбір адам әлдебір нәрсені жасап, өзін басқа салада немесе өзге бағытта сынап көргісі келеді. Бірақ оның ойынша уақыт бұл үшін жеткіліксіз. Джош Кауфман оқырмандарына келесі сұрақтарды қояды.

«Сіз үшін басты нәрсе не? Уақыт жұмсау тізіміңізде ең маңызды нәрсе не? Қалауыңызды жүзеге асыруға не кедергі?»

Расында адамдарда «уақыт жоқ» деген тіркес дағдыға айналып кеткен. Бірақ уақыт барлығына жеткілікті. Иә, бұл – абсолютті шындық. Сіз бір минутқа тоқтаңыз да, немен айналысып, неге уақыт жұмсап жүргеніңізді бір бағамдап алыңыз. Өз қабілетіңіз неге жететінін, бойыңызда нені дамыту керек екенін, уақытты қалай пайдалы дүниеге жұмсау қажеттігін ойша жоспарлаңыз.

Заманауи америкалық жазушы, кеңесші Джош Кауфман өзінің кітабына кіріспеде өзінің өмірлік тәжірибесін бөлісіп, уақытты тиімді жұмсаудың жолдарын көрсетуді мақсат еткенін айтады. «Мен бұл іспен қол босағанда айналысамын» деген ойды санаңыздан мүлде шығарыңыз деп тұжырым жасаған жазушының айтуынша, әр нәрсенің өз уақыты бар және ол қысқа уақытта аяқталуға тиіс.

Автордың әрі қарай жазған дүниелеріне көз жіберсек, өзінің өмір сүру дағдысын, мақсатын қалай жүзеге асырғанын байқаймыз. Джош Кауфман әрбір күні таңда ұйқыдан тұрған сайын өзінің биік шыңдарды бағындырғысы келетінін, жетістікке жетуді көздейтінін өз-өзінің есіне салады. Содан кейін сол мақсаттарын жүзеге асыруға кіріседі.

Жазушы өз бойында жаңа қабілеттерді қалыптастыру үшін күніне бір жарым сағат уақыт бөліп отырғанын айта кетеді. Ол өзінің сурет салуды, музыкалық аспапта ойнауды, жұмысында жетістікке жетуді көздеп, соларға жету үшін күнделікті нақты қадамдар жасап отырған.

Сондай-ақ, жазушы өзінің руханиятын да сәт сайын дамытып отыруды ұмыт қалдырмаған. Ол кітап дүкеніне кірген сайын төрт-бес кітап алмай шықпайтын болған. Сөйтіп, ол өзінің 852 томнан тұратын жеке кітапханасын толықтырумен болған. Кітапханаға жазба еңбектер қосылған сайын ол өзінің сана-сезімін ұлғайтып, көңіл көкжиегінің кеңейіп жатқанын ойша есептеп отырған.

Сан емес, сапа маңызды 

Джош Кауфман өзінің жұмыс уақытын, жұмыс графигін бірнеше рет өзгертіп, тәжірибеден өткізген. Мысалы, ол алғаш рет әке атанғаннан кейін әйелімен кеңесіп, қызметінен рұқсат алып, еркін графикпен жұмыс жасай бастайды.

Аптасына жұмыс жасайтын уақытын 25 сағатқа дейін қысқартса да, өнімділік деңгейі төмендемеген. Бұл – уақытты тиімді пайдаланудың, сондай-ақ, жұмысты беріліп жасаудың пайда әкелетініне дәлел.

Уақытты үнемдеу үшін қандай қасиеттерді дамыту керек? 

Жетістікке жету үшін адам өз бойында нақтылық, жауапкершілік, тұрақтылық, сенімділік, табандылық қасиеттерді дамыту қажет. Уақытты есептеп, алдағы уақытта жедел арада қажет дүниелерді іске асыруға талпын. Армандай отырып, арманыңды нақты қадамдар арқылы жүзеге асырып, жетістікке жет. «Ертең» деген сөзді санаңыздан шығарып тастаңыз. Бүгін жасалу қажет дүние бүгін жасалу міндет.

Тамаша жобаларды ойластырып, оларды іс жүзінде шындыққа айналдырудың жолын іздеу – адамға өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін ізденіс. Осындай ізденістер арқылы уақыт та тиімді жұмсалады, жұмсалған уақыт пайда да әкеледі.

Қолыңыздан келмейтінін мойындаңыз! 

Кейде адамдар өз қолынан келмейтін, мүмкіндігінен тысқары дүниені жасаймын деп уақыт жоғалтады. Осы бағытта уақыт жоғалтудың тағы бір себебі – толық зерттелмеген іске кірісіп, оны аяқсыз қалдыру. Кез-келген іске кіріспес бұрын оны теориялық тұрғыдан толыққанды зерттеп, қалай атқарған дұрыс екенін бағамдаңыз. Сонда барып өнімділік деңгейі артады.

Біз жоғарыда Джош Кауфманның оқулығынан біршама мәлімет келтіруге тырыстық. Бұл кеңестер автордың өзіндік өмір тәжірибесінен алынған. Ол өзінің уақытын күнделікті жоспарлап, тиімді пайдалану арқылы көптеген жетістіктерге жеткен. Өзі 1000-ға жуық түрлі бағыттағы кітаптарды оқып, солар арқылы түрлі асуларды бағындырғаннан кейін өзі де өмірлік тәжірибесін кітап етіп жазуға, сол себеппен қоғамның бүгінгі беталысын көрсетуге бел буады. Нәтижесінде әлем оқырмандарының назарын аударған «Алғашқы 20 сағат. Қалай тез үйренуге болады… қажет нәрсені» атты кітапты дүниеге әкелді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button