Жаңалық

«100 жаңа есім» бағытының жеңімпазы – Арман Жүдебаев

Қазақ өнері өміршең. Бұл сөзге ешкім талас білдіре қоймас. Біз “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының “100 жаңа есім” бағытының жеңімпазы атанған тұлғалар туралы ақпарат беру дәстүрімізді одан әрі жалғастырып келеміз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «Рухани қазына» бағыттары аясында өнеріміз де, мәдениетіміз де тың бастамаларды қолға алып, кең көлемде жүзеге асырылуда. Сол бастамалардың іске асуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры, «100 жаңа есім» бағытының жеңімпазы Арман Әділханұлы Жүдебаев.

Жақында ғана еліміздегі ән өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры болып тағайындалған Арман Жүдебаев бұған дейін осы салаға айтарлықтай үлес қосқаны анық. Біздің кейіпкер халыққа Құрманғазы оркестрінің дирижері ретінде танымал. 83 жылдық тарихы, репертуарында 4000-нан астам туындысы, 83 талантты музыканты бар ұжымды басқару Арман Әділханұлына аса үлкен қиындық әкелген жоқ. Өйткені, өзі университет қабырғасында оқып жүріп-ақ студенттік оркестрді басқарған.

Қазақстандағы ең ірі оркестр Құрманғазы оркестрі екеніне ешкім шек келтірмейді. Арман Жүдебаев оркестрдің танымалдылығын арттыру үшін келесі іс-шаралардың жүзеге асуына мұрындық болды. Оркестрдің арнайы сайты ашылып, онлайн билеттерді сатудың бірізділігі жасалды. Ұжымға динамикалық және таймерлік дыбыстың тұтастығы үшін қажетті құрал-жабдықтар әкелініп, қолданысқа берілді. Сонымен қатар, ұжымның бет-бейнесі халыққа етене таныс болу үшін теледидар, радио секілді бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болып, өз жобаларын ұсынып отырды. Сондай-ақ, Арман Әділханұлы ұжым репертуарындағы классикалық музыкалардың мәртебесін арттырып, классикалық кештерді өткізуге басымдық берді.

Арман Жүдебаевтың музыкалық біліміне халық оң бағасын беріп қойған. Ол әуеннен ерекше бір үйлесімділіктерді тауып, адамның көңіл қылын қозғайтын ерекшелікті дөп баса алады. Сонысымен елдің ықыласына бөленді. Бұл  – композиторға ерекше шабыт беретін қошемет.

Арман Әділханұлының тағы бір ерекшелігі – ұлттық музыкаға, ұлттық нақыштағы әуендерге басымдық беруі. Аспаптық музыка саласының үздігі атанған Құрманғазы оркестрінің ән қорында да дәстүрлі, ұлттық нақыштағы туындылар көп.

Кейіпкеріміз студенттік оркестрдің жетекшісі бола жүріп, Қытай, Германия, Түркия, Австрия сияқты шет елдердің сахналарында өнер көрсетті. Арман Әділханұлы ел көңілінен шыққан «Оркестрлер айтысы» атты жобасын жасап, сахнаға алып шыққан.

«Нұр Отан» партиясының мүшесі әлі күнге дейін мемлекет басшысының әрбір бастамасына қолдау көрсетіп келе жатыр. Әсіресе Елбасының «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға үлес қосу мақсатында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық оркестрінің репертуарын заманауи әуендермен толықтырып, концерттер берді. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірін аралап концерт беретін оркестрдің әр жобасы үлкен тойға айналуына да мұрындық болып келген – Арман Жүдебаев.

2012 жылдан бастап университетте аға оқытушы болып қызмет атқарған Арман Әділханұлы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры болып тағайындалғаннан кейін музыка саласының қара шаңырағында да өзгерістер орын алып, ерекше ән жобалары жүзеге аса бастайтынына шүбә келтірмейміз.

«100 жаңа есім» бағыты осылайша жас таланттардың, еңбекқор азаматтарға шабыт сыйлап, өзге азаматтардың бәсекелестігін тудырады. Ал бәсеке болған жерде жетістік те, даму да болары сөзсіз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button