Жаңалық

«Рухани жаңғыру» аясында насихаты артқан Жент қаласы

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты аясында тарих көмбесінде топырақ басып жатқан бірнеше қалалардың насихаты артып, зерттелу деңгейі өсті. Ұлт тарихында аңызға бергісіз оқиғалардың куәсі болған қалаларды дәріптеу – жаңа ұрпақтың бойында ұлттық болмысты ояту, санасын, руханиятын байыту турасында таптырмас дүние.

Біз мүмкіндігімізше қалалар туралы ақпарат беруді жөн деп шештік. Тарихқа көз жіберсек, ежелгі қалалардың негізгі шоғырланған аумағы – Сырдария өзенінің бойы. Малға да, жанға да пана болған қасиетті Сыр өңірінде күллі Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ та, оғыздардың ордасы Жент те, Сайрам, Исфиджаб сияқты көне қалалар да орналасқан.

Бүгін біз тарихы тереңде жатқан, әлі толық зерттелмеген қала Жент туралы әңгіме қозғамақпыз.

Жент қаласының атауы Х ғасырлардан бастап тарихи еңбектерде кездеседі. Бұл кезде қаланың орынында үлкен қорған болыпты-мыс. Кейіннен қаланың тұрмыс-тіршілігі түзеліп, халықтың жағдайы жақсара бастаған кезде, шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырларда Жошының шабуылынан кейін жермен жексен болып қирайды.

Кейіннен Жент қаласының атауы қайта жаңғырды. Бұл –XIV ғасырда оғыздардың аталған шаһарды қонысқа айналдырған кезі еді. Қиранды қаланың үстінен шағын ғана қала салып, өз тіршіліктерін жасайды.

Оғыздар тұрғызған қала кейбір деректерде Жент деп бұрынғы атауымен берілсе, кейде Жанқала (Жаңақала) деген атау да кездесіп жатады.

Женттің моңғол шапқыншылығына дейін маңызының зор болғандығы сондай, Арал теңізін кейде «Женттік» деп атаған. Қала жөнінде Қазақ энциклопедиясында былай деп жазылған: «Жент – орта ғасырда Сырдарияның төменгі ағысы бойында болған қала. Жент Жаңадария өзенінің сол жағасында, мұсылман дүниесінің шекарасында туған қала. Х ғасырда түрік оғыз­дарға қараған. ХІ ғасырда моңғол шапқыншылығына дейін Жент Сырдария бойындағы басты қала болған».

Ежелгі деректерде Арал теңізінің өзін Жент көлі деп атағанын байқаймыз. Бұл көне шаһардың уағында үлкен дәрежеге ие болғанын дәлелдейді. Жент қаласына Өзбекстанға асатын керуен көші тоқтап, дамылдайтын болған. Демек, бұл арада сауда базарының да болуы кәдік. Қытайдың Шымбай базарынан шыққан керуен жолында орналасқан қаланы ежелгі зерттеушілер X-XII ғасырлар аралығында өмір сүрген деп топшылайды.

«Женттің жанында Жент көлі деп аталатын көл бар. Оны кейде хорезмдік деп атайды. Аумағы 100 фарсах, ені 30 фарсах, суы ащы болып келеді». Бұл – Жаһаннамед жазбаларындағы көне қала туралы ақпарат. Расында қазіргі Жент қаласының орналасқан жерінен Жаңадария өзені ауқымды түрде ағып өтеді.

Женттің негізгі орынын Бартольд пен Лерх шамалап болжаса, 1946 жылы Сыр мен Әмударияның аралығын зерттеген С.П.Толстов нақты орынды белгіледі. Жент қаласының жұрты қазір Қызылорда облысының көлемінде орналасқан Аққолқа елді мекенінен 18 шақырым жерде орналасқан. Көне шаһардың қабырғалары біршама көрініп тұр. Сондай-ақ, зерттеулер жүргізу барысында қала орынынан адамның бас сүйегі, сол замандағы теңгелер табылған.

Көзкөргендердің айтуынша, қорған орыны қаладан біраз үлкен және ол шапқыншылықтан кейін қалпына келтірілмеген сияқты. Өйткені қала жұртының қабырғалары әлі де көзге ілінерліктей биік болса, қорған орынының тек сілемі ғана болар-болмас байқалады.

Жент қаласы «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты аясында үлкен насихатқа ие болып, ЮНЕСКО-ның қасиетті жерлерінің тізіміне енді. Алдағы уақытта оғыздар мекен еткен тарихи жұрттың орынына ірі көлемдегі экспедиция жүргізу күтілуде.

Міне, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты аясында тұмса тарихымыз дәріптеліп, жас ұрпақтың санасына біршама рухани азық болды. Егер Жент қаласының аумағын тазалап, қирандыларды қалпына келтірер болсақ, бұл жер жол қашықтығына қарамастан тамаша туристік аймаққа айналар еді.

Жент секілді республикалық маңызы бар естеліктер қатарына жататын көне тарихи шаһарларды жаңғырту – ұрпақ болашағының ұлттық қазықтан алшақтамауы турасындағы маңызды парыз. Бұл парыз мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында қарқынды түрде жүзеге асуда.

Әсіресе «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» деп аталатын бағыты аясында жалғыз Жент қана емес, республика көлеміндегі тарихи-мәдени маңызы бар барлық шаһарларға, кесенелерге жергілікті басшылық тарапынан үлкен көңіл бөлініп, тіпті, бірқатар өңірлерде жергілікті бюджет есебінен тарихи орындарға жаңарту және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – кез-келген қазақ үшін бөркін аспанға атып қуануға тұрарлық бастама. Өйткені, бір ғасырға жуық уақыт азулы империяның қарамағында болып, өз тарихымыздан, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қала жаздаған едік. Бірақ, міне, ес жиып, етек жинадық, егемен ел болып, әлемдік дәрежеде бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына кірдік. Енді Елбасы бастамасымен руханиятымызды жаңартып, тарихи-мәдени білімімізді ұлғайтуға бет бұрдық. Бұл – ұлт пен мемлекет жетістігі.

Осындай көмбе тарихтың куәсі болып көміліп жатқан қалаларды қалпына келтіру арқылы біз екі бағытты дамыта аламыз. Бірі – ұрпақ санасын, ұлт руханиятын жаңғырту болса, екіншісі – туризм саласына тың серпіліс әкелу.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button