Жаңалық

Түпқазыққа жетелейтін «Туған жер» жобасы

Атажұрт, атақоныс – ұлттың меншігі. Оны қорғау, көз қарашығындай сақтау – азаматтардың парызы. Уағында туған жердің топырағына табан тигізу үшін адам айтса нанғысыз қашықтықтардан таяғы тебендей, етігі теңгедей болып жаяу жол жүргендер қаншама. Атажұрттың бір уыс топырағын алақанына қысу үшін қаншама азаматтар барын құрбан етпеді?!

Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тарихы түйінделген кезде мемлекет басшысы үлкен көрегенділік жасады. Елбасы жоғарыда айтқан ұлттық идеологияның кемшін тұстары толтырылып, болашақ ұрпақтың санасы азат болуы үшін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады.

Ұлт тарихындағы ұлы белес атанған бағдарламалық мақаланың қоғамда үлкен өзгерістер орын алуына тигізген үлесі мол. Мақаламыздың басында туған жердің қасиетін бекерге тәмсіл еткен жоқпыз. Аталмыш бағдарламалық мақаланың аясындағы «Туған жер» арнайы жобасы  өте үлкен маңызға ие жауапкершілікті арқалап отыр.

«Туған жер» арнайы жобасының жүзеге асу барысы көз алдымызда өтіп жатыр. Биылдың өзінде аталған жоба негізінде көптеген игі шаралар жүзеге асып,  олардың ішінде мектеп оқушыларының өзге өңірлерге, өз аймақтарындағы қасиетті жерлерге саяхат жасауы күрт артты. Еліміздің түкпір-түкпірінен мыңға тарта мектеп оқушысы «Туған жер» арнайы жобасының аясында және «Республикалық өлкетану акциясы» бойынша елдегі  қасиетті орындарға саяхат жасап, өздерінің тарихи-мәдени білімдерін тереңдетті.

Оқушылар мен студенттерді тарихи орындарға алып барудың маңызы қандай? Біріншіден, олардың бойында көзбен көріп, табанын тигізген жердің тарихын білуге деген құлшыныс артады. Екіншіден, кітаптардан ғана оқыған бабалар ерлігінің куәсіне айналған көне қалалар жас буынның ұлттық рухын оятып, отансүйгіштікке тәрбиелейді. Олар аталған қасиетті орындарға саяхат жасау арқылы бабаларының қарға адым жер үшін қасық қанын құрбан еткенін бүкіл болмысымен сезінеді һәм өздерінің азаматтық парыздарын, ұлт алдындағы борышын түсінеді. Бұл қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіру арқылы сапалы буын тәрбиелейтініміз кімге де болса түсінікті шығар, сірә.

Біз жетпіс жылдан аса құлдық қамытын кидік. Әрине, осы бір қиын-қыстау күндер адам санасына айтарлықтай әсерін тигізді. Ұлттық идеология бұрмаланды, бұқара халықтың санасы уланды, қорқыныш сезімі ұлғайды. Бұл олқылықтардың орыны егемендіктің таңы атқалы бері толтырылып келеді.

Туған жерге деген сүйіспеншілік, патриотизм адам еркінен тыс болатын дүние. Осынау бір керемет сезімдердің арқасында адамның өз жеріне деген, оның салт-дәстүріне деген құрметі артады.

Өзіңіз ойланып қараңыз. Қазақта «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген тамаша нақыл бар. Егемендіктің ширек ғасыр уақытында мемлекетіміз әбден аяққа тұрып, әлемдік деңгейде жоғары беделі бар дамушы елге айналды. Енді ширек ғасырдан кейін ұлт ұрпағы толығымен жаңарып, бүгініміз тарихқа айналмақ.

Мемлекет басшысы жаңа ұрпақтың ұлтжанды, отансүйгіш, бәсекеге қабілетті болғанын жан-тәнімен қалайтынын осы уақытқа дейін айтып келеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бұл толғанысын тағы да дәлелдеді.

Бірнеше бағыт пен жобадан тұратын бағдарламалық мақаланың ауқымы күллі қоғамды қамтып отыр. Әрбірінің өз алдына маңызы жоғары. Ал біз бүгін жас буынды, болашақ иелерін отансүйгіштікке, туған жерінің тарихын біліп, ұлттық мұраларды көз қарашығындай сақтауға баулитын «Туған жер» жобасы туралы тарқата айтуды жөн көріп отырмыз.

Бағдарламалық мақала жарияланғалы бері республика көлемінде «Туған жер» арнайы жобасы аясында қыруар шаралар атқарылды. Аталған жоба негізінде қалталы азаматтар өздері туып-өскен өңірлеріне қамқорлық танытып, өздерінің азаматтық борыштарын абыроймен өтеуде. Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен студенттерді отансүйгіштікке, тарихи-мәдени білімді болуға тәрбиелеу мақсатында еліміздің әр түкпірінде орналасқан қасиетті жерлерге саяхат жасады. Бұл типтегі саяхатты облыс, қала, аудан басшылығы қаржыландырып, барынша қолайлы жағдай жасауға тырысты.

Жобаның мақсаты мен өзіне жүктеген жауапкершілігін жеткізе алдық деген ойдамыз. Мектеп оқушыларының қай қалалардың керемітмен танысқанын келесі мақалалардан оқи аласыздар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button