Жаңалық

“Қазақстанның қасиетті географиясы” - Шірік-Рабат қаласы

Тарих – өткеннің айғағы, болашақтың бастауы. Өткен күндерден өнеге алып, жас ұрпақ болашаққа қадам жасайды. Бұл – бұлжымайтын қағида. Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағытында еліміздегі тұмса тарихтың куәсі болып, құм астында көміліп жатқан көне қалаларды жаңартып, олардың насихатын арттыру міндеттелген еді. Содан бері еліміздегі бірнеше көне қалаларға көңіл бөлініп, олар туралы тың деректер жариялануда.

Біз бүгінгі жазбамызда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағыты негізінде насихаты артып, қызығушылық көбейген сақтардың мұнаралы қаласы Шірік-Рабат туралы айтпақпыз.

Сырдария, Жаңадария өзендерінің бойы – тарих көмбесі. Көмбе деуіміз де орынсыз емес. Тұрғынынан ажыраған көне қалалар топырақ астында жетімсіреп жатыр. Уағында қаланың дәурені жүріп, тіршілігі қызып тұрған шақта бұл аралықтарда кім жүрмеді?!

Сонау 2-4 ғасырлардан бастау алатын тарихы бар Шірік-Рабат қаласының негізгі иелері – сақтар. Сақ тайпасының үшке бөлініп Сырдария өзенінің бойын мекен еткені көне тарихтан әмбеге аян. Сол уақытта атағы айға жеткен «цитадель» орналасқан қаланың бүгінде бәсі төмен екенін еңбектеген баладан еңкейген шалға дейінгінің бәрі біледі. Ендеше уағында дүркіреген қаланың тарихы туралы бірер сөз қозғай кетелік.

Шірік-Рабат қаласының жұрты қазір Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданына қарасты Көмекбаев ауылының оңтүстік-батысында орналасқан. Бұл аралық та сол ғасырларда Жаңадария өзенінің арнасы болған сулы өлке. Өзеннің оң жақ жағалауындағы ең биік төбенің басында орналасқан ескі шаһардың жұртына бірнеше рет тарихи-археологиялық экспедициялар жасалды.

Ең алғаш рет аталған қаланың жұртына зерттеу жұмыстарын өзен жағалай қонған ескі тайпалар өңірін шарлаған С.П.Толстов зерттеді. «Хорезм археологиялық және этнографиялық экспедициясын» басқарған ғалым бұл жерге 1946 жылы табан тірепті. Алғаш рет ескі жазбалардағы болжамдар мен топшылаулар бойынша қаланың орынын тапқан орыс ғалымы 1948-1949 жылдар аралығында қайтадан толық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қаланың нақты орынын белгілеген.

Арада он жыл уақыт өткеннен кейін барып қана мыңжылдықтардың куәсіне айналған шаһар жұртына қазба жұмыстары жүргізіле бастады. Арнайы ұйымдастырылған қазба жұмыстарының нәтижесінде Шірік-Рабат қаласының орынынан қорған түбіне салынған тұрғын үйдің бөлігі, қаланы қоршап жатқан қамалдың қалдықтары, орта ғасырларға тән мұнаралардың орындары табылып, толық құжатқа енгізілді.

Міне, соғыстан кейінгі жылдарда ғана атақты шаһар жұртына осындай кішігірім көңіл бөлініп, толық зерттелмей қалған. Сол уақытта орыс ғалымы бұл қаланы тарихтағы көне жазбалар арқылы салыстырып, зерделеп, құжаттамаларын бірізділікке қойған еді. Содан кейін ескі қала орынына ешқандай зерттеуші, ғалым аяқ баспады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи мұраларымызға орасан зор көңіл бөлініп, оларды ұлықтаудың маңыздылығы артты. Алдымен тарихтағы ұлт қайраткерлерінің мұралары ақталып, зерттеліп, жарыққа шықты. Содан кейін 2004 жылы Елбасының арнайы бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарлама аясында тарихи, ұлттық құндылықтарымыздың көпшілігі өз дәрежесінде насихатталып, бірқатар зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады.

Осы бағдарлама аясында 2004 жылы Ж. Құрманқұловтың жетекшілігімен арнайы экспедиция ұйымдастырылып, Шірік-Рабат қаласының орыны қайта зерттеле бастады. Толыққанды жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде еңбек құралдары мен патшалар жерленген қорғандар, жер асты жолдары, егін, мал шаруашылығының қалдықтары табылды. Құнды деректердің арқасында сол дәуірдегі мәдениет пен тұрмыс-тіршіліктің қандай болғанын анықтау ісі жеңілдей түсті.

9-12 ғасырларға тән тұрмыс заттары мен тұрғын үйлердің орыны сақ және массагет тайпаларының күнделікті тыныс-тіршілігін, өзге тайпалармен байланысын, мәдени ерекшеліктерін байқауға болады. Сонымен қатар, обалардан табылған үш адам да жерге киімшең, барлық құрал-жабдықтарымен бірге жерленіп отырған. Сол кезден-ақ тайпалық халық өзге бір тылсым күштің барына сеніп, түрлі ғибадаттар орындағаны да қазба жұмыстарының нәтижесінде анықталды.

Шірік-Рабат қаласының тіршілігі Жаңадария өзенінен су кетіп, арнасы бұрылып кеткеннен кейін ғана тоқтаған. Бұл сол кездегі халықтың табиғи суға деген мұқтаждығын, тәуелділігін аңғартады.

Өткенді ұлықтау – келешек кепілі. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты осындай игі істерді атқаруға, тарихи һәм ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау жөнінде «Мәдени мұра» бағдарламасының жалғасын табуына, еліміздегі тарихы терең киелі жерлерді қалпына келтіруге мұрындық болып отыр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button