Жаңалық

Қарлыға Мысаева: «Әлемдік тәжірибемен санасу – заман талабы»

Қазір еліміздің білім саласында үлкен өзгеріс науқаны жүріп жатыр. Түрлі реформалар қабылданып, кітапханалар жаңа оқулықтармен толықтырылуда. Әсіресе, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша аударылған және аударылып жатқан кітаптардың үлес-салмағы басым. Алғашқы 18 кітап қазақ тіліне тәржімаланып, биылғы оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламасына енбек.

Біз осы оқулықтардың маңызы туралы, аудару үдерісі жайлы біршама ақпараттармен қанық болу үшін журналистика саласы бойынша аудару ісімен шұғылданып жатқан филология ғылымдарының кандидаты Мысаева Қарлыға Нақысбекқызымен сұхбаттасқан едік. Қарлыға Нақысбекқызы дәл осы журналистика және медиа саласы бойынша елеулі еңбек етіп келеді. Қазір еліміздегі аталған саланың қара шаңырағы аталып кеткен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде журналистика факультетінің деканының орынбасары қызметін атқарады.

 – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты аясында өзге тілдегі оқулықтарды қазақшаға тәржімалап жүргеніңізден хабардармыз. Қазір қандай кітаптарды аударудасыз? 

Оксфорд баспасынан шыққан «Медиа және журналистика: теория мен тәжірибедегі жаңашылдық» атты кітапты қазақшаға тәржімалаудамын. Кітап авторлары белгілі профессорлар мен журналистер – Никола Гок, Лиз Тайнан және Жейсон Бейнбридж.

– «Media and Journalism» оқулығының еліміздегі ақпарат саласына әкелер жаңалықтары немесе қандай да бір пайдалы тұсы қайсы? 

– Жалпы алғанда, бұл кітаптағы медиа мен журналистиканың қалыптасуы мен дамуындағы өзекті мәселелерді түсінуге тигізер пайдасы зор. Себебі, кітап авторлары журналистика мен медианың өзекті мәселелерін нақты мысалдар арқылы түсіндіруге тырысқан. Медиа мен журналистиканың тарихын оқытудың маңыздылығы және олардың арасында өзара байланысы жан-жақты қарастырған. Қазіргі кезде сұхбаттасушының тәжірибесі оны саналы және сыни тұрғыда ойлана білуге үйретеді. Сондықтан сұхбатқа аса назар аудару маңызды. Біздің өмірімізге интерактивті байланыс тереңдей енді және біз негізгі коммуникаторға айналдық. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі таңда кәсіби және әуесқой журналистер мен медиа мамандарының арасындағы айырмашылықтар қандай деген пікірталастар туындауда. Қазіргі ақпарат нарығы бізге еркін таңдау ұсынып отыр. Интеллектуалды құралдарсыз, соның ішінде тілсіз – бұқаралық ақпарат құралдарында біз өзімізді қызықтыратын тақырып жайлы тек бірнеше адамдар арасында ғана сыни пікір қалыптастыра аламыз. Сондықтан кітапта «Біз нені бақылаймыз және нені бақылауымыз керек? Бізге қандай ақпарат қажет және оны бізге кім ұсынады?»,- деген секілді  маңызды сауалдарға жауап берілген.  Бұл кітап оқырмандарға осындай интеллектуалдық құралдарды таныстыру арқылы медиа мен журналистиканың тарихы мен теориясы жайлы білімді қалыптастырады, сонымен бірге тұлғаның жеке және қоғамдық өмірін, қоғам мен мәдениетті талдауға қатысты сыни көзқарастарды кеңейтеді. Кітап негізінен бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистика саласында жұмыс істейтіндерге арналған көмекші құрал.

– Аудармашылардың көпшілігі кітапты неғұрлым аз адам аударса, соғұрлым мағынасы сақталады дейді. Бұл турасында не айтасыз? Сондай-ақ, аталған оқулықты жеке тәржімалаудасыз ба? 

– Жалпы, менің пікірімше, кітапты қанша аудармашы аударса да, сол саланың терминдерін жақсы меңгерген сапалы маманы болуы керек. Екінші жағынан кітаптағы автордың ойынан ауытқымау маңызды. Кейбір жағдайларда көпшілікке түсінікті болсын деп редакторлар өте қарабайыр етіп өзгертіп жатады. Расы керек, мен оған келіспеймін. Жалпы аударманың ережесі бойынша кітап авторының стилі сақталуы керек. Кітапты мен жалғыз аударған жоқпын, төрт-бес аудармашы бірге аударуда. Бірақ, басында бір өзім аударамын деп алған едім, өкінішке қарай оған уақытым жетпеді. Кітапты аударуда тағы бір маңызды дүние – ол аудармашы мен ғылыми және әдеби редакторлардың біріге жұмыс істеуі. Осы кітаптың ғылыми редакторы ретінде Дәурен Дариябек кітапты редакциялауда жақсы жұмыс жүргізіп отыр. Болашақта кітаптың соңғы нұсқасын әдеби редакторлар мен тәуелсіз сарапшылар қарап шығатын болады.

– Ұлттық аударма бюросы дәл осы журналистика, медиа саласы бойынша қанша оқулық аударуды жоспарлап отыр? 

-Былтырғы жылы медиа этикаға қатысты бір кітап аударылды, биылғы жылы екі кітап аударылуда. Болашақта оның саны артатыны сөзсіз.

 – Мемлекет басшысының шетелдегі үздік оқулықтарды аудару туралы бастамасы ел үшін қаншалықты маңызды?  

– Негізінен, бұл өте жақсы бастама. Себебі, кітап-рухани қазына. Әсіресе ғаламдастыру дәуірінде елдер арасында мәдени шекара жойылды. Мысалы, осы аударып отырған кітапта Ұлыбританиядағы журналистика саласының өткен тарих беттерін біздің қоғам жаңадан басынан өткеруде. Сонымен қатар, жас журналистер үшін тек отандық медианың қыр-сырын біліп ғана қоймай, әлемдік тәжірибені үйрену өмір талабы. Ал, әлемдік журналистика мен медианың даму жолын қысқа да нұсқа түрде осы кітаптан таба аласыз.

Әрине, аударма деген оңай өнер емес, сондықтан әлем тілдеріндегі рухани дүниені қазақ тілінде сөйлету үшін керемет қажыр-қайрат, жеткілікті уақыт болуы керек. Сонымен қатар, болашақта, біздің танымал ғалымдардың кітабын өзге тілдерге сапалы аударып, әлемдік білім қорына қосу маңызды деп ойлаймын. Себебі, қазіргі өсіп келе жатқан жастар, ағылшын тілдерін біздің қатарымыздан жақсы меңгерген. Ол дегеніміз – алдағы бір онжылдықта жастар – осы кітаптарды түпнұсқада яғни ағылшын тілінде оқуға мүмкіндігі болады. Сондықтан, “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы аясында өз рухани дүниемізді әлем тілдерінде ұсынуға молырақ назар аудару болашақ талабы боларын ұмытпауымыз керек.

– Сіз аударып жатқан кітап еліміздің жоғары оқу орындарындағы журналистика мамандығын оқыту бойынша қолданысқа енеді ме?  

– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде жүзеге асырылып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» бағытының аясында «Шетел журналистикасы» пәні бойынша қазақ тіліне аударылған оқулықтарды оқу үдерісіне енгізу бойынша әдістемелік ұсыныстар дайындалды. Келер жылдан бастап ол біздің оқу бағдарламамызға енгізіледі.

– Бұл еңбекте автор журналистика саласын қай қырынан ашады?  

– Журналистика мен медианың зерттеушілері ғана оларға ортақ мәселелер жайлы кітап жаза алады. Осы тұрғыдан алғанда, кітап авторлары әрі теоретик және әрі тәжірибелі мамандар. Бұл кітап журналистердің ақпарат мазмұнын түсіну жолдарын көрсетіп ғана қоймайды, сонымен қоса журналистерге қалай дұрыс жазуды үйретеді. Журналистік білім беру орындарын  болашақ журналистерді дайындауда қоршаған ортаның талабына сай тәрбиелеуге бағыт береді.

Бұл кітап университет қабырғасында білім алушы болашақ журналист-студенттерде мамандыққа деген сыни көзқарасты кәсіби деңгейде қалыптастыра білумен қатар, журналистік тәжірибені «қалай» меңгеру қажеттігін түсінуге көмектеседі. Кітапта студенттердің өз бетінше іздене білу тәжірибесін қолдау үшін маңызды сауалдарға жауап беріледі. Олар: Жалпы қазіргі журналистика дамуы дұрыс бағытта ма? Журналистика жақсы сипатқа ие ме? Жаңалықтарды кім таратуда? Оқиғаны нақты, дәлелді және шынайы түрде қалай таратуға болады?

Тараулар мен тақырыптық зерттеулер арқылы журналистердің қоршаған ортадағы өзгерістерге байланысты қажетті ақпараттармен қамтамасыз етілуі, цифрлық және әлеуметтік медиа мәселелері талданады. Авторлар болашақ журналистерге сыни тұрғыда ойлай білу қабілетіне негізделген білімдерді дұрыс пайдалануға кеңес береді. Ең бастысы кітапта журналистика дегеніміз – қоғамның үлкен сенім артып, көп үміт күтіп отырған мамандығы екенін жеткілікті түсіндіреді.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button