Жаңалық

Zeren лагері өз жұмысын бастады

Жаңа ұрпақ – ұлт болашағы. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да жастарды қолдау, жастардың білім алуына мүмкіндік жасау секілді бағыттарды толық қамтыған. Оның бір дәлелі – осы уақытта қарқынды жұмыс жасап тұрған «Туған жер» арнайы жобасы. Мектеп оқушыларының қасиетті жерлерге саяхатын, жазғы демалысты тиімді өткізуін қамтамасыз ететін арнайы жобаның бәсі жоғары.

Біз алдыңғы мақалаларымызда оқушылардың қасиетті жерлерге жасаған саяхаты туралы біршама мағлұмат берген едік. Олардың «Туған жер» арнайы жобасы аясында қандай мүмкіндіктерге ие болғаны туралы, аталған саяхаттардың мүшесі болуға ұмтылған оқушылардың білім үлгерімдерін жақсартып, озаттар қатарына қосылғаны туралы да сөз еттік. Ал бүгін Ақмола облысындағы Зеренді демалыс аймағында  ашылған, жастардың жазғы демалысын тиімді өткізуді мақсат еткен Zeren лагері туралы тарқата айтпақпыз.

Республикалық лагерь тамыз айының 12-26 аралығында өтеді. Арнайы ұйымдастырылған ауқымды лагерьдің қатысушыларының саны 300-ден асып жығылады. Лагерь екі апта уақыт ішінде жастарға үлкен бағыттар беруді көздейді. Жазғы демалысқа арналған республикалық лагерь үш бөлікке бөлінген. Алғашқы бөлімі – 12-16 тамыз аралығында Digital-ұрпақ,  екінші бөлім – 17-21 тамыз аралығында «Жаңғыру трендтері» деген атаумен, ал үшінші бөлімі 22-26 тамыз аралығында «Бизнес сиқыры» деген атаумен өтеді.

Қатысушылар қатары өте абыройлы жастармен толыққан. 300-ден астам жас буын өкілдерінің ішінде жастар ұйымдарының көшбасшылары, кәсіппен айналысып, түрлі жетістікке жетіп жүрген жастар және «100 жаңа есім» бағытының жеңімпаздары бар. Олардың барлығы лагерьдегі уақыт ішінде бір-бірімен тәжірибе алмасу, ойларын ортаға салу, пікір алмасу секілді мүмкіндіктерге ие болады.

Zeren лагерінің салтанатты ашылу салтанатына лауазымды тұлғалар қатысты. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаевтың сөзімен басталды.

«Zeren лагеріне ең белсенді жастарды шақырып, кездесу өткізуді жөн көрдік. Барлық облыстан жас мамандар, студенттер келіп қатысып жатыр. Бүгін біз үш ауысымда өтетін шараның ең біріншісі Digital-ұрпаққа қатысып отырмыз. Екінші ауысым «Рухани жаңғыруға», ал үшіншісі бизнеспен айналысудың маңызына байланысты болады. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдерін спикер ретінде шақырып отырмыз. Бүкіләлемдік жастар күнімен құттықтай отырып, осындай атаулы күнде лагерь өз жұмысын бастағанына қуаныштымыз. Бір біріңізбен сөйлесіп, пікір алмасып, жобаларыңызбен бөлісіңіздер. Халықаралық тәжірибеде мұндай лагерьлер көп жерде өткізіледі. Бүгін біз республика деңгейінде алғаш рет ұйымдастырып отырған соң бастамасы деп біліңіздер», – деді министр.

Кезекті сөз кезегін алған Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Зеренді демалыс аймағының Zeren республикалық лагерін ұйымдастыратын орын ретінде таңдалып алынғаны үшін алғысын білдірді. Ол ақылдасу барысында Зеренді демалыс аймағының лагерь өткізетін жер ретінде бірауыздан мақұлданғанын және бүгінгі лагерьге еліміздегі ең белсенді, білімді жастар келіп тұрғанына сенетінін жеткізді. Сондай-ақ, Елбасының жастарға көңіл бөлу қажеттігі туралы жиі айтатынын, жастардың бәсекеге қабілетті болу керектігін тілге тиек етті. Сөз соңында:

«Сіздер басқа буын – Digital-ұрпақсыздар. Себебі сіздер диджитализацияның негізгі жеткізушісіздер», – деп айтқан Ақмола облысының әкімі жастарға қолдау білдірді. Сонымен қатар, облыс әкімі жыл сайын республикалық жастар лагерін Зеренді демалыс аймағында өткізу туралы өз ұсынысын білдірді.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің вице-министрі Нұргүл Мауберлинова қатысып, жастарға өз құттықтауын жеткізіп, олардың сәтті демалыс өткізуіне тілек білдірді.

«Бірінші ауысымда цифрландыру туралы айтамыз. Сол себепті Қоғамдық даму министрлігімен бірге «Зерде» холдингінің өкілдерін шақырдық. «Рухани жаңғыру» аясында «100 жаңа есім» бағытын  ұйымдастырып жатырмыз. Сол себепті Мәулен Бектұрғанов, Диас Тастанбеков секілді былтырғы жеңімпаздарды осы лагерьге шақырдық. IT мамандармен сөйлесіп, жобаларыңызды таныстыра аласыздар», – деді вице-министр.

Вице-министр осылайша өз лебізін білдірді. Содан кейін әңгіме ауаны технологиялық бағытқа ауысты. Әсіресе қазіргі кезде айтулы мамандыққа айналған IT саласының артықшылықтары мен оның қажеттілігі туралы сөз қозғалды. Бұл ретте сөз кезегі республикалық жастар лагеріне арнайы келген Qazcontent АҚ басшысы Евгений Кочетовке жетті. Ол аталмыш саланың цифрлы дәуірде алдыға шығуы міндетті екенін, бұл саланы дамыту арқылы технологиялық әлеуетімізді арттыра түсетінімізді түсіндіріп берді.

«Бүгінгі таңда IT компаниялар әлемдік экономикада абсолютті триггер болып отыр. Егер де инновация болса ең бірінші ол IT компанияда өтеді. Бірінші ауысымда ментерлік туралы айтатын боламыз. Astana Hub балаларымен пікір алмассаңыздар болады», – деді ол.

Бұл шараға қатысқан спикерлер мен қонақтардың лауазымы жоғары әрі айтар ақылы мен көрсетер жолы бар азаматтар болды. Олар жастарға барынша жөн сілтеп, ағалық, апалық ақылдарын айтты. Сонымен қатар, жас буынның бір-бірімен тәжірибе алмасып, жұмылған жұдырықтай ынтымақтастықта және бәсекеде болу керектігін жеткізді. Бәсекелесемін деп жауласпау қажеттігін де баса айтқан олар жастардың ел болашағы екенін тілге тиек етіп, жауапкершілікті абыроймен атқарып шығуларына тілектестік білдірді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button