Жаңалық

Оралдық меценат өзі салған нысанды ауыл кәсіпкерлеріне сыйламақ

Өскен өңірінің көркеюіне үлес қосу – нағыз азаматтың ісі. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы осы типтегі қайырымдылықтарды ұйымдастырып, меценаттардың өз өлкесіне қол ұшын созуына мұрындық болып отыр. Біз осы уақытқа дейін еліміздің әр аймағында меценаттар жасаған қайырымды жұмыстар туралы ақпарат беріп келеміз. Бүгін Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының азаматтары жасаған жұмыстарды тақырып етіп отырмыз.

Орал қаласына қарасты Теректі ауданының Федоровка ауылында жергілікті қалталы азаматтар елді-мекеннің тұрмыстық әлеуетін көтеру мақсатында ірі құрылыс нысандарын салып жатыр. Атап айтсақ, ауыл игілігі үшін тұрғызылып жатқан құрылыстардың ең ірісі – бір мезгілде 100 адамды қабылдай алатын монша. Құрылыс тек қана моншаға емес, жалпы сауықтыру кешеніне арналған. Ал осы кешенді өз қалтасынан қаражат бөліп салғызып жатқан қайырымды меценат – Сержан Идиятов.

Туған ауылына қолынан келген көмегін аямай қызмет етіп жүрген меценат бұл жобаны не мақсатпен қолға алғанын, сауықтыру кешенін салуда қандай жоспары болғанын жасырмай айтып берді.

«Федоровка ауылында сауықтыру кешенін салу – менің жобам, оны өзім іске асырып жатырмын. Қабырғасын көтеріп қойдық, қазір төбесін жауып жатырмыз. Көздеген жоспарымыз бойынша сауықтыру кешенін 2019 жылы пайдалануға береміз», – дейді жергілікті кәсіпкер Сержан Идиятов.

«Туған жер» арнайы жобасы аясында өзге өңірлерде атқарылып жатқан қайырымды шаралар сияқты Сержан Идиятов та бұл бастамасынан пайда көруді мүдде тұтып отырған жоқ. Сондай-ақ, ол өз ауылында жаздың қысқа болатынын, балалардың жаз қызығын толық көре алмайтынын ескеріп, кешеннің ішіне жабық бассейн құрылысын да қосуды жоспарлап отыр.

«Федоровка ауылы – қоғамдық моншасы жоқ жалғыз аудан орталығы. Кейбір аудан орталықтарында қос-қостан осындай кешен бар. Бұдан бөлек, Федоровка – менің туған ауылым. Сондықтан осы жерде 100 адамға арналған монша салуға ұйғардым. Қызметтер аясын кеңейтіп, жабық бассейнді де қостық. Өйткені біздегі жаз қысқа. Айта кету керек, кешенде жаңа технологиялармен ас әзірлейтін пиццерия да болады», – дейді меценат.

Кәсіпкер Сержанның айтуы бойынша, оның бұл құрылысты салудағы басты мақсаты пайда табу, күреп ақша өндіру емес. Ол бірінші кезекте ауылдың тұрмыстық әлеуетін көтеріп, тұрғындарға жайлылық жасап беруді ойлаған. Өйткені, ол өз сөзінде мұндай құрылысты қалада салса, әлдеқайда қомақты қаражат табуға болатынын айтып қалды.

Теректі ауданына қарасты Федоровка ауылының тұрғындары сауықтыру кешенінің ашылатын мезгілін тағатсыздана күтіп жүр. Олар үшін бұл ерекше сый болмақ. Сонымен қатар, жаңа құрылыс ашылғаннан кейін ауыл тұрғындары сауықтыру кешенінің тұрақты демалатын орталықтарына айналарына еш шүбә келтірмейді.

Бұл – жергілікті меценат Сержан Идиятовтың туған ауылы үшін жасап отырған алғашқы немесе соңғы қайырымдылығы емес. Ол бұған дейін ауыл арасына қатынайтын автобустар сатып алып, бағыттарға қосқан. Сонымен қатар, ауыл ішінде заманауи стандарттарға сай аялдама павильондарын, әмбебап дүкендер салғызған.

«Туған жер» арнайы жобасының міндеттемелерінің атқарылуына атсалысып жүрген оралдық азамат өзінің автобус сатып алғандағы, аялдама салғандағы мақсатын айтып берді.

«Өйткені, ауылдың арасы ұзақ, балалар мектепке бару үшін 4 шақырым жол жүреді. Қазір екі аялдаманың құрылысы аяқталды», – дейді меценат.

Федоровка ауылынан шыққан кәсіпкердің келесі ісіне таң қалмасқа болмайды. Ол ауыл ішінде қыруар қаражатқа салып жатқан сауықтыру кешенін болашағы бар жоба жасай алған жергілікті кәсіпкерлерге тегін бермек. Дегенмен, кешеннің құрылысын толығымен өз қалтасынан қаражат қарастырып, аяқтап бермек.

«Ауыл кәсіпкерлері бұл нысандарда өз жобаларын іске асыруына болады. Конкурс жариялағанбыз, болашағы зор жобаларды қарап жатырмын. Іріктелген жобалардың авторларына нысандарды тегін беремін», – дейді бұл ретте кәсіпкер Сержан Идиятов.

Осылайша өзінің туып өскен өлкесі үшін ақжолтай жомарттық жасаған меценат өзге өңір кәсіпкерлеріне үлгі болып отыр. Кіндік қаны тамған ауылын ұмытпайтын азаматтардың басын қосқан, жақсылық жасауда бәсекелестікке түсірген «Туған жер» арнайы жобасының да өз уақытында жарияланып, халық игілігі үшін жұмыс жасап тұрғаны көңіл қуантады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button