Жаңалық

Әдеттің озығы бар, тозығы бар

Әр адамның ең бақытты шағы – бал дәурен балалық кезі. Ата-анамыздың ыстық ықыласы мен зор сүйіспеншілігіне бөленіп, күнделікті өмірімізді асау армандармен, көңілді ойындармен өткізген шағымызды ұмыту қиын шығар. Ал анамыздың қандай да бір жұмысты тапсырған кезіндегі өзіңіздің сылтауыңызды есіңізге түсіре аласыз ба? Әрине, түсіре аласыз. Бүгінгі дәуір – нарық заманы. Сондықтан, “Рухани жаңғыру” кезеңінде ел азаматтарының барлығы бәсекеге қабілетті, жасаған еңбегі өнімді болмағы шарт. Біз осы орайда бір пайдасы тиер деген оймен кеңестер жариялап келеміз. Ендеше, пайдалы кеңестерге құлақ түріңіз.

Өз балаңыз да сол бір сылтауды талай рет қолданған да болар. «Балам, дүкенге барып келе қойшы» деген ана өтінішіне «Қазір», не болмаса «Кейін барамын» деп аталмыш шаруаны кейінге шегеріп қоятын едік қой. Аса жалқаулықтан да емес, тек бала көңіл ойынның қызығына ешқашан тоймайтын. Ал анамыз болса, осындай жаман әдеттен тию үшін ақыл айтып, жөн сілтеп отыратын еді. Себебі, бала кезімізде бойымызға сіңіп қалған қандай да бір әдетті кейін жою немесе бәсеңдету қиынырақ болары хақ.

Мәселен, қандай да бір мәселенің шешімін кейінге қалдыру әдеті көп жағдайда сізге ғана емес, сіздің айналаңыздағы адамдарға да ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Ал сіздің бойыңызда осындай әдет бар ма? Осы орайда аталмыш құбылыстың табиғаты мен ықпалына тереңірек үңілу мақсатында жан-жақты талдауларға жол берейік.

Мәселені кейінге қалдыра беру әдетінен қалай құтылуға болады?

Шаруаны кейінге қалдыру – бұл, әрине, әдет. Дегенмен де, оның түп тамыры қайда жатыр? Және оны өзгертуге болады ма? 1990 жылдардың соңында Массачусетс технологиялық институтының бір топ нейроғалымдары әдеттің мида қалыптасатынын анықтады. «Әдеттің күші» кітабының авторы Чарльз Дахигг бұл үрдісті «әдеттер түйіні» деп атады.

Мәселен, басында сізде қандай да бір белгі пайда болады.

Әдеттер түйінінің бірінші элементі – әдеттің туындауын білдіретін алғашқы белгі. Оны ынта немесе ықылас деуге болады.

Мәселен, сіз өзіңіздің жұмыс үстеліңізде отырып, қандай да бір істі қолға алу керектігін ойладыңыз делік. «Клиенттер базасындағы кісілерге хабарласу керек… Не болмаса, кешегі есептемедегі көрсеткіштерді қайта бір тексеріп шығу керек…» сынды ойлар сізді мазалайды.

Әрі қарай күнделікті іс-әрекетіңізді жасай бастайсыз.

Бұл – сіз алғаш рет белгі алғанда жүзеге асыратын ісіңіз. Және бұл жерде барлығы бір көрінгенге қарағанда оңай емес.

Адамның миы тиімді жұмыс істеуге тырысады. Бұл құбылыстың жақсы да, жаман да сипаты бар. Себебі, ми іс-әрекеттердің қандай да бір жүйесіне үйреніп қалады да, өзгерістерді қаламайды.

Ал бұл дегеніміз сіз пайдалы әдетті қалыптастыру секілді жаңа бір істі жүзеге асыра бастағаныңызда, миыңыз бұл жайтқа өзіндік қарсылық білдіреді. Мысалы, сіз қандай да бір істі кейінге қалдыра берудің жаман екенін және бұл әдеттің сіздің уақытыңыз бен ақшаңызды шығындайтынын жақсы түсінесіз. Бірақ, миыңыз бәрінің жақсы екенін, бір нәрсені өзгерту қажет еместігін дәлелдеуге тырысады.

Яғни, сіз белгі аласыз (сіз өзіңізге ақша әкелетін іспен айналысу керектігін ойлайсыз), бірақ мүлдем басқа іспен айналысасыз. YouTube желісінен қызықты, бірақ мәнсіз бейнероликтерді көресіз, Instagram әлеуметтік желісінде отырасыз немесе басқа да нақты іске қатысы жоқ шаруалармен айналыса бастайсыз.

Нәтижесінде марапатқа ие боласыз.

Әдеттер түйінінің үшінші элементі – бұл марапат. Нейроғалымдар әдеттегі іс-әрекеттерді орындағаннан кейін ми «бақыт гормондарын», соның ішінде эндорфиндерді шығаратынын анықтаған. Эндорфиндер сіздің миыңыздағы ауруға деген сезімталдықты бәсеңдететін рецепторлармен өзара байланысқа түседі де, қуаныш сезімін сездіреді. Миыңыз сізге алғыс білдіріп жатқандай күйде боласыз.

Яғни, ойлап қарасақ, сіз әдеттегі қандай да бір жақсы нәрсені істеп жатқанда – миыңыз өзің жақсы сезінеді. Міне, мәселе қайда жатыр. Себебі, сіз зиянды болса да, әдетке ерік бергеніңізді сезіне алмайсыз.

Бірақ, сіздің миыңызға бәрібір. Ол эндорфиндер түріндегі өз марапатын алады да, ыңғайсыздық тудыратын істермен айналысқысы келмейді.

Нәтижесінде, сіз өз ерік күшіңіздің арқасында әдеттен айырылғыңыз келген жағдайда өз миыңызбен күресуге тура келеді. Сондықтан да, мұндай әдіс нәтиже бермейді.

Бұл күресте ерік күші неге аздық етеді?

Ғалымдардың бірнеше жылдық зерттеулерінің нәтижесінде ерік күшінің шектеулі екендігі және оның қалыптасып қалған әдеттерді өзгерте алмайтындығы анықталған.

Дегенмен, онсыз да жеңіске жетуге болады.

Мәселен, мынандай кезеңдерден тұратын әдістерді қолданып көріңіз:

Өзіңіздің ынта-жігеріңізді анықтап алыңыз. Сізді шаруаны кейінге қалдыруға не мәжбүрлейді? Бір апта бойы өміріңізді толыққанды қадағалап, осы бір мәселенің туындау себебін анықтауға тырысыңыз. Мүмкін, бір нәрседен қорыққаннан кейін жұмысты кейінге қалдыратын шығарсыз? Немесе жалғыздықты сезінетіндіктен әлеуметтік желілерде отырасыз?

Өз әдетіңізді анықтаңыз. Белгі алған кезде сіз нақты қандай әрекет жасайсыз? Мысалы, адамдар қорыққан кезде қорқыныш тудырған заттардан алшақ болуды қалайды. Осылайша, сіз клиентке қоңырау шалудан қорқып, әлеуметтік желілерде отырасыз. Бір сөзбен айтқанда, сіздің өз қорқынышыңызға төтеп беруге жүрегіңіз дауаламайды.

Өз марапатыңызды анықтаңыз. Мысалы, бір нәрсені кейінге қалдыру сізге сақтық күйін сыйлайтын шығар. Себебі, сіз өзіңізді қорқытатын нәрсемен бетпе-бет жолықпайсыз. Сіздің әдетіңіз қандай марапат беретінін белгілеңіз.

Әр әдеттің артында сенім тұрады. Мысалы, тұрақты түрде кейінге қалдыруды қалайтын кісілер тығыз уақыт аралығында жұмысты жақсы атқаратындарына сенеді. Сіздегі әдеттен айырылуға қандай сенімдер кедергі жасауда?

Әдетіңізді пайдалы әдетке алмастырыңыз. Әлеуметтік желіні қарап отырудың орнына клиентке хабарласыңыз немесе маңызды есепті жасай бастаңыз. Өз қорқынышыңызға қарсы тұрсаңыз, не болады?

Әрине, сіз өзіңізді жайсыз сезінетін боласыз, философ және жазушы Джордж Эдейр айтқандай, «қалауымыздың барлығы қорқыныштың артында тұрады».

Адамдардың 20%-ы тұрақты түрде шаруаны кейінге қалдыруды қалайтындар болып табылады. Олар үшін бұл – өмір сүру стилі. Олар несиені уақытылы төлеуді кешіктіреді, маңызды кездесулерге қалып келеді немесе үйдің ақысын беруді ұмытып кетеді.

Дегенмен де, олар осындай әдетпен дүниеге келмейді. Бұл әдет жүре пайда болады.

Шаруаны кейінге қалдыру – бұл кешенді мәселе және оның шешу жолдары да жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс. Дүние жүзі бойынша аталмыш мәселеге қатысты екі жетекші маман, психология профессорлары Джозеф Феррари және Хары Эстрофф Марано өз жауаптарын берген болатын.

Мысалы, біреулер үшін шаруаны кейінге қалдыру мәселе болып табылмайды. Әрине, кешігіп келсеңіз немесе есепті уақытында өткізбесеңіз, елеулі өзгерістер бола қоймайды. Не болуы мүмкін?

Ал, шындығында, көп жағдай орын алуы ықтимал. Мәселен, сіз жақын туысқаныңызға хабарласуды ұмытып кеттіңіз делік. «Кейін хабарласамын» деп жүргенде, ол кісі өмірден өтіп кетуі мүмкін. Немесе жобаны уақытылы тапсырмауыңыз үшін жұмыстан шығарып жібере алады. Бұл сізге ғана емес, сіздің қасыңыздағы әріптестеріңізге де кері әсерін тигізеді. Сондықтан да, бұл сіз ойлағаннан да асқан мәселе болып табылады.

Шаруаны кейінге қалдыру бұл уақытты дұрыс қолданбау немесе жоспарламау мәселесі емес. Кейінге қалдыра беретіндер мен қарапайым адамдардың уақыт жұмсауы ерекшеленбейді. Дегенмен де, кейінге қалдырушылар өз-өзіңе сенімдірек болады. Феррари «кейінге қалдыра берушіге күнделікті жұмысты жазу үшін күнделікті сатып алуды ұсыну дегеніміз үнемі күйзелісте жүретін жанның көңілін аулаумен бірдей» дейді.

Сөз басында айтып өткендей, бұл әдетпен туылмайды, ол жүре пайда болады. Және аталмыш әдет тәрбиеге аз мән беретін үйге қарағанда, қатаң үйде пайда болуы ықтимал. Бұл ата-ана тарапынан көрсетілетін қысымға өзіндік жауап ретінде туындайды.

Сонымен қатар, шаруаны кейінге қалдыра беру ішімдік ішудің көбеюіне алып келеді. Осындай әдетке ие адамдар өздері ойлаған мөлшерден көп ішіп қоюлары мүмкін. Барлығының себебі, осы әдеттің пайда болу негізінде жатыр. Бұл тек қана шаруаны уақытылы бітіру емес, уақытылы тоқтай білуге де қатысты.

Бұндай адамдар өзін-өзі алдағанды жақсы көреді. «Менің бүгін көңіл-күйім жоқ» немесе «басшы талап еткен жағдайда жақсы орындаймын» секілді түрлі қарапайым сылтаулар адамның күнделікті өмір сүру әдетіне айналып кетеді. Осылайша, ол өзінің жалқаулығын, мойнына жауапкершілік алғысы келмейтінін және маңызды шешімдерді қабылдаудан қашқақтайтынын түсіндіреді.

Сонымен қатар, «қысқа уақыт ішінде жұмысты тиімді орындауға болады» деген сылтау өзін-өзі алдау болып табылады. Бір жағынан, бұл – өзіңді осыған сендіру. Нәтижесінде, бұл адам өз мүмкіндіктерін дұрыс қолдана білмейді.

Шаруаны кейінге қалдырушылар үнемі басқа бір мәселеге алаңдаудың себептерін қарастырып отырады. Ал іздеген мұратқа жететінін біз жақсы білеміз. Электронды поштаны тексеру – осының кең тараған түрі. Басшылық алдында көз алдау болып табылады және де бұл – маңызды істі бастау қорқынышы.

Қандай да бір шаруаны немесе мәселені кейінге қалдырушылар үш топқа бөлінеді: біріншілері – қысылтаяң жұмысты жақсы көретіндер, екіншілері – сәтсіздіктен қорқатындар және үшінші топ – өз мойнына жауапкершілікті алудан қашқақтайтындар болып табылады.

Және де бұл әдеттің денсаулыққа да әсер етуі ықтимал. Мәселен, сіз дәрігерге уақытылы көрінуді кейінге қалдыра берсеңіз, уақыт өте ауруыңыздың асқынып кетуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде қымбат процедуралар мен дәрі-дәрмектерге алып келеді. Және бұл адамның үнемі жүйке жүйесіне әсер етеді. Сіз үнемі күйзелісте жүретін боласыз.

Дегенмен де, алаңдамаңыз, сіз өз әдетіңізді өзгерте аласыз. Бірақ, бұл – ұзақ уақытты және асқан талап пен талпынысты қажет ететін үрдіс. Әрине, адам іштей бір нәрсені өзгерту қажеттілігін сезіну арқылы өзгеріс кетеді деген сөз емес. Бұл өзгерістер кешенді түрде жүзеге асырылады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button