Жаңалық

«Blind Race» Astana - Paris» Мәскеуге жол тартты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы республикамыз бойынша көптеген елеулі бастамалар мен маңызды іс-шараларға негіз болуда. Осы орайда ағымдағы жылғы 6 тамыз күні «Спортта шек жоқ» жобасының аясында «Blind Race Astana – Paris» халықаралық веломарафоны бастау алғанын білеміз.

16 адамнан құрылған топтың ішінде спортшылар мен еріктілер, көзі нашар көретін және зағип жандар бар. Және де көзі нашар көретін және зағип жандардан тұратын топтың 5000 шақырымнан астам арақашықтықты жүріп өтуі аталмыш жобаның ерекшелігі деуге болады. Веломарафонға қатысушылар жұптасып жүреді. Топты Бақтияр Базарбеков бастаған. Көру қабілеті 5% ғана болса да, Бақтияр Базарбеков велосипедті өздігінен айдайды.

Тәулігіне велошабандоздар 150 шақырым жерді жүріп отырады.

Аталмыш марафонның басты мақсаты салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, велосипедтің рөлін экологиялық тиімді көлік түрі ретінде өзектендіру, сондай-ақ, әлеуметтік және экотуризмді дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортқа арналған шарттарды қалыптастыру және жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру болып табылады.

Веложарыс 6 мемлекетті, соның ішінде 30 қаланы қамтиды және осылайша, екі құрлықты байланыстырады. Қатысушылар әлем бойынша 11 ірі қалада қоғам өкілдерімен, ерекше қажеттілікке мұқтаж адамдармен, спортшылармен, БАҚ өкілдерімен кездесулер өткізуді жоспарлаған. Аталмыш кездесулер жобаның мақсатын халыққа түсіндіру, достық қарым-қатынасты бекіту және өзара тәжірибе алмасу сипатында ұйымдастырылып жатыр. Қоғам үшін маңызы зор осындай іс-шара республикамызда өткізіліп жатқан үшінші ауқымды жоба болып табылады. Бастапқы екі веломарафон Алматы мен Астана, Алматы және Ыстықкөл бағыттары бойынша өткізілді.

«Blind Race Astana – Paris» халықаралық веломарафоны ҚР Сыртқы істер министрлігінің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, ҚР Қоғамдық даму министрлігінің, Астана қаласының әкімдігінің, «Ел Тірегі» шағын және орта бизнес қауымдастығының, Қазақстан Республикасы Паралимпиялық комитеттің, Қазақстан Республикасы велосипед спорты федерациясының және т.б. билік органдарының қолдауын тапты.

Бүгінде халықаралық веломарафонға қатысушылар Ресей Федерациясының қалалары бойынша турды жалғастыруда.

Олар 14 тамызда 2000 шақырым жолды басып өтіп, Қазан қаласына келді. Осы қаламен шекаралас орналасқан Пестречинск ауданында марафонға қатысушыларды аудан басшылығының өкілдері, сондай-ақ, Татарстан Республикасы Еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау министрі Элмира Зарипова және Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Еркін Тұқымов қарсы алды.

Ал 16 тамызда топ Төменгі Новгород қаласына ат басын тіреп, «Перспектива» атты көру қабілеті бұзылған балалардың ата-аналарының төменгі қалалық аумақтық қоғамдық ұйымының өкілдерімен кездесті. Сонымен қатар, зағип студенттердің қатысуымен өтетін жалпыресейлік фестивальге қосылды.

Веложарысқа қатысушыларды алдыңғы уақытта Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеу қаласына жол күтіп тұр. Аталмыш марафонға қатысушылар 2018 жылғы қыркүйекте веложарыстардың отаны саналатын Париж қаласында мәреге жетуді көздеп отыр.

Бүгінде топ мүшелерінің күнделікті жетістіктерімен таныс болғыңыз келсе, қатысушылардың әлеуметтік желілеріне қосылсаңыз болады. Қатысушылар өздерінің әлеуметтік желілердегі беттерінде суреттер мен бейнероликтерді жариялауда.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button