Жаңалық

«Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты аясында жасалған жұмыстар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек», – деп көрсеткен болатын. Осыған орай республика көлемінде бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Себебі, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша көңіл бөліп, сақталуына атсалысу – шынайы отансүйгіштіктің, патриотизмнің нышаны болып табылады.

Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» тақырыбында кітаптар, «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының бірінші томын дайындады. Жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандар бойынша нысандардың әрқайсысының толық сипаттамасы мен 3D турлары көрсетілген интерактивті және виртуалды карта, Қазақстанның қасиетті нысандары туралы әлеуметтік желілерге арналған ұялы форматтағы 30 бейнеролик, ҚР Ұлттық мұражайында «Рухани жаңғыру» залы ашылды.

Және де «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайларының құрылысы аяқталды.

Қазақстанның жалпыұлттық деңгейдегі қасиетті орындары мен кешендерінің толық тізіміне кірген нысандар, яғни республикалық мәнге ие 23 тарихи және мәдени ескерткіштерге ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары өткізілді. Атап айтқанда, Шақпақ ата, Қараман ата қорымдары, Қ.А.Ясауи, Арыстан баб кесенелері, Ақыртас, Аппақ ишан күмбездері, Ескі Түркістан, Сауран, Сығанақ, Ескі Тараз, Талғар және т.б. қалашықтар жөнделді.

Бүгінгі таңда 15 нысанды қалпына келтіру жұмыстары өз мәресіне жетті.

Алдағы уақытта мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайлардың «Ұлытау», «Отырар» және «Таңбалы» атты 3 қабылдау орталықтарының құрылысы жоспарланған.

Сонымен қатар, еліміздің өткен тарихи және рухани өмірінің толық көрінісін көрсету, туризм саласын дамыту мақсатында BBC World News телеарнасының қатысуымен дайындалған «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы», «Алтын батыр», «Ахмет Қожа Ясауи және Айша бибі кесенелері» фильмдер жинағы, «Күлтегін. Жаңа көзқарас» атты деректі тарихи фильм, «Castlefilm» американдық компаниясы мен танымал актер Марк Дакаскостың қатысуымен «Номадтар жері» фильмі жарық көрді.

Қазіргі таңда «BBC World News», «Хабар», «Kazakh TV», «Ел арна» телеарналары бойынша «Алтын батыр» және «Ахмет Қожа Ясауи және Айша бибі кесенелері» деректі фильмдерінің көрсетілімі жүргізілуде.

Ал «Euronews» телеарнасында «Алтын батыр» және «Ахмет Қожа Ясауи және Айша бибі кесенелері» фильмдерінің жарнамалық роликтері көрсетіледі.

Ағымдағы жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Батыс жауһарлары» көрмесінің ашылуы өтті. Ал маусым айының 10 жұлдызында «Туған жер» бағдарламасы аясында жас буынның танымдық көзқарасын кеңейту, еліміздегі тарихи маңызы зор орындармен таныстыру, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін арттыру мақсатында мектеп оқушыларының Қазақстанның қасиетті орындарына саяхат ұйымдастыру жөніндегі республикалық акция бастау алды. Арнайы белгіленген графикке сәйкес Қазақстанның әр аумағынан 70 оқушы республикамыз бойынша өлкетану турларына шықты. Аталмыш турларға аз қамтылған отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі балалар, оқу озаттары, жарыстар мен бәйгелердің жүлдегерлері қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Осы орайда «Қазақстанның қасиетті географиясы» әлеуметтік жобасын тиімді жүзеге асыру аясында Мәдениет және спорт министрлігі тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және қолдану саласына қатысты негізгі және жетекші заң жобаларын әзірледі.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы Қазақстаннан шыққан танымал тарихи тұлғалармен байланысты шетелдегі қасиетті жерлерді зерттеу және тану жұмыстары жоспарлануда. Атап айтқанда, аталмыш жоспардың басты бағдары Ресей және Өзбекстан елдеріне негізделеді.

Бүгінгі таңда «Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру аясында барлық аудандарда бірқатар елеулі жұмыстар жалғасуда.

Мәселен, ағымдағы жылғы ақпанда Алматы қаласында «Боралдай сақ қорғаны» археологиялық саябағында ашық аспан астында мұражайдың ашылуы болды. Мұражай жалпыұлттық қасиетті нысандардың қатарына енді. Осы орайда республика бойынша қасиетті нысандардың сәйкес инфрақұрылымын құрастыру жұмыстары жалғасуда.

Бұл ретте Атырау облысының ақпаратына сай ұзындығы 33 шақырым «Ақмешіт» кешеніне Құлсары қаласынан жол құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды және сараптамаға ұсынылды. Негізінде, осы кешеннің дамуына 3,5 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде көрсетілген нысанға дейін электр желісі және қабылдау орталығы салынды.

Ал Ақмола облысында жалпы сомасы 116,5 млн. теңге көлемінде инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Көкшетау қаласында Ақан сері, Біржан сал ескерткіштері қайта жөнделді, Ш.Уәлиханов ескерткішіне жалпы сомасы 30 млн. теңге көлемінде жөндеу жұмыстары жүргізілді, Біржан сал ауданында Рамазан Елебаев бюсті 2 млн. теңгеге орнатылды. Және де Степногорск қаласында 78 млн. теңгеге Қ. Сәтпаев ескерткіші қойылды. Аталмыш қаржының 2,5 млн. теңгесі МЖС есебінен өтеліп, қасиетті нысандардың жұмыстары өз мәресіне жетті. Демеушілер есебінен Уәли хан мазары 6,5 млн. теңгеге салынды.

«Қазақстанның киелі 100 нысаны» тізіміне Ақмола облысынан 10 нысан республикалық картаға және 33 нысан өңірлік мәнге ие картаға енгізілді.

Сонымен қатар, экологиялық, бұқаралық туризмді дамыту мақсатында Қорғалжын, Бурабай, Зеренді, Ерейментау, Атбасар, Целиноград, Жақсы, Жарқайың, Есіл, Сандықтау аудандары мен Біржан сал ауданының қасиетті нысандары базасында 8 туристік бағдар әзірленді.

Бүгінде Щучинск-Бурабай курорттық аймағының аумағында қасиетті орындардың орналасқан жері көрсетілген билбордтар мен көрсеткіштер орнатылған.

Сөз басында айтып өткендей, аталмыш сипаттағы ауқымды жобалар еліміздің барлық өңірлерінде толыққанды қолға алынуда. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында «Берел» тарихи-археологиялық кешенінің №2 қорғанын саркофак[GB1] орнату арқылы мұражайландыруға 30 млн. теңге бөлініп, аталмыш жобаның құрылысы аяқталды.

Сондай-ақ, Үріл ауылына дейін 150 шақырым асфальтталған жол, ал Үріл ауылынан Берел қорғанына дейін 12 шақырым құм-шағал жол салынды. Ырғызбай (Әулие) кесенесінің жан-жағы мен Қоңыр әулие үңгірі жайғастырылды. Бастапқы жоба 50 млн. теңгені құраса, Қоңыр әулие үңгіріне 25 млн. теңге жұмсалды.

Қазіргі таңда Семей қаласынан Қарауыл ауылына дейін, әрі қарай Қарауылдан Қоңыр әулие үңгіріне дейін 100 шақырым жол жөндеуден өткізілуде.

Сонымен қатар, 2017 жылы 500 млн. теңгеге «Алакөл» көлінің жағалауы ретке келтірілді. Ағымдағы жылы жағалауды жайғастыру жұмыстары жалғасуда. Бұл жобаға 817 млн. теңге қарастырылған.

Бүгінде Елбасының аталмыш бастамасын қолдау мақсатында бірқатар жобалардың жүзеге асуына ел азаматтары қолдау көрсетіп отыр. Бұған Батыс Қазақстан облысында меценаттардың қолдауымен «Жайық қалашығы» ашық аспан астындағы мұражай» атты ауқымды жобаның жүзеге асырылуы дәлел болмақ. Сондай-ақ, Бөкейорда тарихи-мәдени кешеніне дейін жол құрылысы басталды.

Ал Жамбыл облысында «Ақыртас» тарихи кешеніне ұзындығы 7 шақырым жол салынды.

Маңғыстау облысында жалпыұлттық және жергілікті маңызы бар бірқатар қасиетті нысандар орналасқан Қарақия ауданына жол құрылысы басталды. Осы мақсаттарға облыс бюджетінен 5 млрд. теңге бөлініп отыр.

«Шығыс Қазақстан інжу-маржаны» жобасын жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысында Қасиетті орындардың картасы әзірленді. Осы ретте облыстың туроператорларымен бірлесіп 23 жаңа туристік бағыттар дайындалды.

Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай кесенесі, Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірінің аумағы жайғастырылды.

Ал Қызылорда облысында ресейлік және өзбекстандық ғалымдардың қолдауымен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы ұйымдастырылды. Сығанақ, Жанкент, Бәбіш молда, Сортөбе, Қышқала аудандарындағы қасиетті орындарды археологиялық зерттеуге 43,5 млн. теңге бөлінген. Осы ретте ағымдағы жылғы ақпан айында Облыстық тарих және өлкетану мұражайында «Қасиетті Қазақстан және археология» залы ашылды.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында жалпы сомасы 8 млн. теңге көлемінде Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенін қалпына келтіру жұмыстары басталып, әзірге шатыры ауыстырылды және қасбеті жөнделді.

2018 жылғы мамырда Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өту аясында Мағжан Жұмабаев мұражайына 950 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Қазақстан жұлдызы» алтары орналасқан Озерное ауылына 531,6 млн. теңге көлемінде 22,3 шақырым жол, Долматово ауылына жалпы сомасы 437,108 млн. теңгені құрайтын 13 шақырым жол, Мағжан Жұмабаевқа қатысты нысандар кешені орналасқан Сартомар ауылына 232,200 млн. теңгеге 7 шақырым жол бағыттарын жөндеу жоспарлануда.

Қазіргі таңда облыстың 3 қасиетті нысанының жанында туристерді орналастыруға және қондыруға арналған арнайы орындар, қонақ үйлер жұмыс істейді.

Ал Түркістан облысының Ордабасы ауданында қазақ халқының 3 биінің ескерткішін әзірлеу және орнатуға 350 млн. теңге бөлініп отыр. Отырар ауданында «Арыстанбаб» кесенесіне жақын орналасқан аумақты жайғастыру үшін 32,1 млн. теңге қарастырылуда. Және де «Отырар төбе» тарихи кешенінің аумағын жайғастыру үшін аудандық бюджеттен 28,8 млн. теңге жоспарланды. Аталмыш қаржыға көлік тұрағы салынып, жарық орнатылды және кешеннің аумағы көгалдандырылды.

Сондай-ақ, Түркістан облысының барлық қалалары мен аудандары бойынша 1, 2 және 3 күндік туристік бағыттар әзірленді. Осы бағыттарға Қазақстанның қасиетті нысандары картасына енген 84 тарихи-мәдени нысандар енгізілген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button