Жаңалық

Шиелі ауданындағы игі бастамалар

Өткен 2017 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Елбасымыз еліміздің экономикалық әлеуетінің дамуы және халықтың әл-ауқатының нығаюы жолында бірқатар мәселелерді талдай келе, алда атқарылуы тиіс бағдарларды анықтап берді. Бүгінде аталмыш бағдарламалық мақалада көрсетілген мақсаттар мен міндеттер жалпыұлттық жобаға айналуда.

Елбасымыз өзінің бағдарламалық мақаласында айтып өткендей, «Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр…

Екі дәуір түйіскен өліара[GB1] [AM2] шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр.

Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін.

Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек…».

Бүгінде бұл үндеу әр қазақстандықтың жүрегінен орын тапқандай. Халқымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іске кірісуде. Атап айтқанда, барлық өңірлерде арнайы жобалар жүзеге асырылып, қоғам ішінде қолдауға ие болды. Ел үшін туған ел ағалары тарапынан көптеген игі бастамалар қолға алынып, бүгінде жақсы нәтижелерге ие.

Мәселен, Қызылорда облысы Шиелі ауданы «Көкшоқы» ықшамауданында орналасқан «Арман» мәдениет үйінде «Туған жерге тарту» атты Мееtap форматындағы облыстық шара ұйымдастырылды. Өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен өткізілген шараға аймақ меценаттары қатысты. Жиынды Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов жүргізді.

Шара барысында жастардың патриоттық сезімін нығайту, ел болашағы үшін адал еңбек ету, бәсекелестік қабілеттерін арттыру мақсатында меценаттардың тарапынан көрсетілген қайырымдылық шаралары таныстырылды. Жас буын ел экономикасының түрлі саласында абыройлы жұмыс істейтін Шиелі ауданынан шыққан азаматтардың халық қамы үшін жасап жатқан ізгі істеріне куә болды. Сонымен қатар, «Туған жерде туыңды тік» демекші, ол кісілердің өз Отанына деген шынайы сүйіспеншіліктері жастардың жүрегінен орын ала білді.

Атап айтқанда, ауыл жастарын спортқа бейімдеу, салауатты өмір салтын ұстауды насихаттау мақсатында «Ақмая» шаруа қожалығының директоры Дәулет Жұмабеков өз қаржысы есебінен спорт кешенін салған. Аталмыш бастама алғабастық Ербол Машрапин тарапынан қолдау тауып, ол кісі де өз ауылында толыққанды жабдықталған спорт кешенінің құрылысын аяқтады.

Сондай-ақ, «Төңкеріс – К» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Көпеев өз ауылында спорт кешенін салуды қолға алды. Ал Ербол Жеңсікбаев өз есебінен аудан орталығында орналасқан көпқабатты үйлердің сыртқы бөлігін әрлетті.

Бүгінде меценаттардың қолдауымен аудан орталығында әсем де көрнекті аллея салынды. Аталмыш жобаның құны – 30 млн. теңге. Кәсіпкер Бағлан Әшірбеков, Айткүл Әбдіқадырова осы іспетті игі шараларға белсенді атсалысуда. Сонымен қатар, «Семізбай» ЖШС-не қарасты Иіркөл филиалының директоры Мұқамеджан Салқынбаев ауданның көркеюі үшін ерен еңбек атқарды.

Осы жиын аясында аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі Гүлмира Әшірбекова рухани жаңғырудың сананы жаңғыртудан бастау аларын талдап айтып, басқа да маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Ал меценаттар өз тарапынан туған жердің көркеюі үшін ауыл тұрғындарына қолдау көрсетуді әрі қарай жалғастыра беретіндерін айтты. Және де өзге де ел азаматтарын осы бастаманы қолдауға үндеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button