Жаңалық

Тамыз кеңесінде келелі мәселелер сөз етілді

Елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын педагогика қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі – білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылайтын, нақты мақсат-міндеттерді айқындайтын жауапты жиын. Ағымдағы жылы 17 тамызда ұйымдастырылған тамыз кеңесі Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткізілді. Атап айтқанда, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбы қамтылды.

Уақыттың зымырап өтуі тың жаңалық емес. Әлем өзгереді. Сонымен бірге, технология да бір орында тұрып қалмай, адамдардың заман талаптарына сай туындаған жаңа қажеттіліктерін өтеуге бейімделеді. Бұл жайттармен бірге адамның ойлау жүйесі, сана-сезімі мен талап-талпынысы да қандай да бір өзгертулерге тап болады. Бір сөзбен айтқанда, әлемдік аренада ғана емес, адамның жеке өмірінде де бәсекеге жол ашылады. Бүгінде бәсекеге қабілеттілік жай ғана ұғым емес. Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде адамның қандай да бір салада бәсекеге қабілетті бола білуі – бұлжымайтын шарт.

Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында осы жайтқа қатысты айтып өткен болатын. «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.

Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында», – деді Н.Назарбаев. Осы орайда «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ХХІ ғасырдың талаптарына сай болудың қамы екендігін көрсетті. Бұл ретте Қазақстанның болашақта әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруі, яғни, бәсекеге қабілетті табысты мемлекетке айналуы экономиканың әр саласының белсенді және жүйелі жұмыс істеуіне байланысты болмақ. Ал бұл жайт қоғамның қабілеті мен біліктілігіне тікелей қатысты.

Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов «Ғылымды кісінің білімі де, күші де, білегі де күшті» деген екен. Яғни, мемлекеттің қандай да бір жетістіктерге жетуінің кілті – білімде жатыр. Себебі, білімді елдің келешегі жарқын.

Бұл орайда 2017-2018 оқу жылдарында еліміздегі білім беру жүйесіне жаңашылдықтар енгізіліп, түбегейлі жаңғыруға жол ашылуда. Оқушыларға тәлім беру форматындағы өзгерістерден бастап жаңа оқулықтардың әзірленуі секілді ірі жобалар қолға алынды. Яғни, заманауи мектептерге сұраныс артуда. Бұл өз кезегінде – білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілеттіліктің туындауына, тың ойлар мен табысты көрсеткіштерге, жақсы нәтижелерге негіз. Ұстаздар өз тарапынан инновациялар мен жаңашылдықтарға дайын екендіктерін көрсетіп отыр. Мәселен, ағымдағы жылы өткізілген педагогика қызметкерлерінің республикалық Тамыз кеңесінде қозғалған келелі мәселелер осының айқын дәлелі іспетті.

Республикамыз бойынша 1000-ға жуық педагогтардың басын біріктірген ауқымды жиын елордамыздағы Қазмедиа орталығында өтті. Аталмыш шара жұмысына ҚР Премьер-Министрі, ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, еліміздегі білім беру саласының қызметкерлері, кәсіподақтар, қамқоршылық кеңестері және ата-аналар қауымдастығы, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Кеңестің жұмысын ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ашты.

Жиын басында Қазақстан Республикасы Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Сарапшылар қазіргі экономиканы адам ресурстарының экономикасы деп атайды. Яғни, білім – әр мемлекеттің дамуында негізгі рөл атқарады. Мемлекет басшысы да үнемі адами капиталдың дамуы мемлекетіміздің дамуының басты көрсеткіші екендігін айтып отырады. Қазіргі жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті адам ресурстары шикізат ресурстарымен салыстырғанда анағұрлым маңызды», – деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.

Ал ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өзінің баяндамасында алдағы оқу жылының басты міндеті – ұстаздардың жағдайын жақсарта отырып, білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыру екендігін көрсетті. Ерлан Сағадиев «Бұл міндет әрбір білім беру деңгейіне қатысты. Әрбір деңгейдің өзінің ерекшілігі бар», – дей келе, біріншіден, мектепке дейінгі білімнің маңыздылығын тілге тиек етті. Мәселен, бүгінде мектепке дейінгі білім саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жақсы көрсеткішке ие. Атап айтқанда, жекеменшік балабақшалардың үлесі 30%-дан асқан. Бұл өз кезегінде әлемдік көрсеткішке сай. Ал 3-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылуы – 93%. Сонымен қатар, «Балапан» программасы арқылы республика бойынша балабақшалардың жалпы орын саласы халықтың сұранысынан асып отыр. Дегенмен, Алматы мен Астана секілді ірі қалаларда әлі де жетіспеушіліктер бар.

Осы орайда балабақшаға кезекке тұру мен жолдама беруді толығымен электронды форматқа ауыстыру мәселесі қолға алынуда. Адамдар өз кезегін бақылап отыруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрі осы жылдың ерекшелігі бала-бақшаларда оқу-тәрбие сапасын көтеріп, бір деңгейге келтіру екендігін айтып өтті. Және де латын тіліндегі «Әліппе» және кириллица тіліндегі «Букварь» базалық оқулықтары дайындалуда. 2020-2021 оқу жылына осы оқулықтарды қолданысқа беру жоспарланып отыр.

«Білімі күшті ел озар» демекші, жаңа оқу жылында 3, 6, 8-ші сыныптар жаңа мазмұндағы жаңартылған бағдарламамен оқытылатын болса, 4, 9, 10-шы сыныптарда апробация басталады. Осы орайда ұстаздар арнайы курстардан өтіп, оқулықтардың сапасын жақсарту жұмыстары қарқынды жүргізілді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы 1-11 сыныптарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары бекітілген. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7-ші сыныптарда «Өлкетану» пәні оқытылатын болады. Ал «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында информатика сабағы келесі жылдан бастап 1-2-ші сыныптарға енгізілетін болады. Аталмыш жоба әлі дайындық үстінде.

Бүгінде Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінің талаптарына сай сандық жүйеге көшу жұмыстары қолға алынған. Мәселен, өңірлерде робототехника, программалау, 3D-принтинг кластары ашылуда, 1 500 мектепте осындай арнайы сыныптар толыққанды жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта республикамыз бойынша IT-лицейлерді ашу жобасы кезекте тұр.

Аталмыш жайттардың барлығы білім беру сапасын арттыруға қатысты. Дегенмен, әр мектептің жүрегі – ұстаз екендігін ұмытпағанымыз жөн. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өз баяндамасында мұғалімдердің қазіргі таңдағы өзекті мәселелеріне жете тоқталып өтті. Министр ұстаздарды өзге де жұмыстарға тарту мәселесі қолға алынса да, аймақтарда әлі де сақталып тұрғанын айтып өтті. Осы себепті, жиынға қатысып отырған облыс әкімдерінің орынбасарлары, білім басқармаларының басшыларымен бірге осы мәселені қолға алатындығын жеткізді.

Сондай-ақ, ендігі кезекті ұстаздар 5 құжатты ғана толтыруы тиіс. Бұл – министрлік тарапынан арнайы бекітілген тізбе. Және де алдағы жылы мұғалімдерді ҰБТ-ға қатысу міндетінен босату талқыланып, министрлік қолдау көрсетті.

«Енді мұғалімдерге қойылатын талаптар мен ынталандыру жайында. Барлықтарыңыз білесіздер, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 205 мың (67%) мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді. Үстемақының тек қана 18 сағатқа төленетінін біз білеміз. Қазір осы мәселені шешіп жатырмыз.

Және биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50%-ға дейін қосымша үстемақыны қарастырады.

Аттестаттауға мамыр айында 60 мыңға жуық мұғалімдер қатысып, олардың ішінен 36 мыңнан астамы аттестациядан өтті. Олар 63%-ды құрады. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді», – деді өз баяндамасында министр.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы республикалық бюджет есебінен 110 мыңнан астам ұстаз біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Ал 8 мыңнан астам пән мұғалімдері жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда оқытылды. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ бермек.

Кеңес жұмысының барысында мектеп директорларының кәсіби деңгейін көтеру мәселесі де талқыланды. Атап айтқанда, мектеп директорлары мектептің қамқоршылық кеңесі, заңнама тесті, облыстық білім басқармасының келісуі, аудандық, қалалық білім бөлімдеріндегі сұхбаттан тұратын 4 сатылы байқаудан өтуі тиіс. Сонымен қатар, мектеп директоры 4 жылға ғана тағайындалады.

Сондай-ақ, жиында министрлік тарапынан мұғалім мәртебесін одан әрі көтеру үшін арнайы Заң қабылдауға ұсыныс тасталды. Және де Білім және ғылым министрі жергілікті атқарушы органдарын маңызды мәселелердің бірі болып табылатын жан басына қаржыландыруға назар аударуын сұрады. Себебі, республикалық бюджет есебінен жыл сайын 110-нан бастап 170-ке дейін мектеп салынса да, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі әлі де бар. Алдағы уақытта аталмыш мәселе ірі қалаларда жан басына қаржыландыру механизмі арқылы шешілетін болады.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button