Жаңалық

«Жомарт жүрек» иелері ұлықталды

Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде бәсекеге қабілеттілік, білім мен біліктілік секілді қасиеттердің рөлі мен орны айтарлықтай. Адамдар әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін аянбай еңбек етуге, өз мақсат-мүдделеріне қолжеткізуге бар. Дегенмен, әлем өзгергенімен, адам бойындағы жақсы қасиеттер әрқашан берік болып сақталуы тиіс. Жақынына, не болмаса бөгде бір жанға жақсылық жасау, ізгілікті іс атқару, қайырымдылық дегеніміз – адам бойындағы асыл қасиеттер.

«Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылықтылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды», – деген екен әлемге әйгілі ойшыл Әл-Фараби.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасы аясында «Атамекен» шағын бағдарламасы қолға алынды. Аталмыш бағдарламаның басты мақсаты қоғамдағы маңызды және елеулі мәселелерді шешу үшін халықтың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.

«Атамекен» бағдарламасы «Әлеуметтік бастамалар картасы» және «Жомарт жүрек» атты екі негізгі бағытты қамтиды. Өткен жылы осы бағдарлама аясында 1197 жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 43 миллиард 530 миллион теңгені құрайды.

Осы орайда «Жомарт жүрек» жобасының мақсаты халықты, еліміздегі бизнес өкілдерін, меценаттарды жақсы істерге ынталандыру, туған жердің дамуына белсенді қатыстыру, қоғам арасында қайырымдылықты насихаттау болып табылады. Сонымен қатар, өңірдің белді тумаларын туған өлкенің әлеуметтік мәселелерін шешуге арналған шараларға қатыстыру, әлеуметтік бастамалардың табысты нәтижесіне қолжеткізу, оң көрсеткішке ие болған маңызды қоғамдық бастамаларды республика бойынша жүзеге асыру, еліміздің барлық салаларында әлеуметтік маңызды жобаларды ұйымдастыру қарастырылған.

Еліміз өз қаһармандарын білуі тиіс. Яғни, жомарт жүректі азаматтардың бойындағы ізгі қасиеттерді жастарымыздың санасына сіңіріп, тәлім-тәрбие беру маңызды. Сонымен қатар, жобаның басты мақсаттарының бірі – ел ішіндегі әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге шақыру болып табылады.

Негізінде, «Жомарт жүрек» жобасы үш кезеңнен өтеді және жыл бойы жүргізіледі. Жоба бірнеше сатыдан, атап айтқанда, аудандық, қалалық, облыстық және республикалық деңгейлерден тұрады. Аудандық және қалалық деңгейлер жыл сайын 1-шілдеден 15-тамызға дейін жүргізіледі. Облыстық деңгей 1-қыркүйектен 15-қазан аралығында өткізіледі. Ал республикалық деңгей 1-қараша мен 15-желтоқсан арасын қамтиды.

Аталмыш сыйлық иегерлері «Жыл меценаты» , «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», «Ерен еріктілік» атты номинациялары бойынша марапатталады.

Жақсылық жасауға ешқашан ерте немесе кеш болмайды. Адам бойындағы ең асыл қасиеттердің нақ бейнесі жақсы істермен көрінеді. Бұл – біздің адами болмысымыздың қайнар көзі. Бүгінде аталмыш жобаның арқасында еліне елеулі еңбек сіңіріп, ізгі істерді белсенді атқарып жүрген азаматтарымызды танып-білуге мүмкіндік аламыз. Бұл кісілер – бүгінгінің батырлары мен жақсылары. Ол кісілердің іс-әрекеттері жас буынға үлгі болу арқылы еліміздің келешегінің жарқын болуының кепілі болмақ.

Осы орайда Түркістан облысы Шымкент қаласында «Жомарт жүрек» жобасы аясында қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Жастар орталығымен және Қазақстанның еріктілерімен ұйымдастырылған шара ізгі мақсатты ұстанды. 20 қазанда шымкенттік Жамила Байсерікова атты бойжеткеннің бүйрегін алмастыру отасы өтті. Жамиланың доноры Орал қаласының тұрғыны Абзал Абдиев болды.

Орал қаласында тұратын 25 жасар құрылысшы Абзал Абдиевтың бұл қадамы халықтың ризашылығы мен мақтанышын оятты. Осы орайда қала тұрғындары қайырымдылық концертті Абзалдың құрметіне ұйымдастыру арқылы өз алғыстарын білдірді. Негізінде, Абзал екі бүйрегі істен шыққан Қызылорда өңірінің тумасы Жанарға донор болуға ниет еткен. Бірақ, Жанарға күйеуі донор болғаннан кейін, ол Абзалға Шымкенттегі Жамилаға көмек көрсетуін сұраған. Ота Алматы қаласында сәтті өтті.

Отандық танымал әншілердің қатысуымен өткен концерттің билеті 1000 теңге болды. Жас жігітке қолдау көрсету мақсатында әртүрлі жастағы қала тұрғындары концертке қарай ағылды. Іс-шараны ұйымдастырушылардың пікірі бойынша, Абзал секілді азаматтарымыз көп болса, еліміздің табысты болашағы үшін алаңдаушылыққа жол жоқ.

Жыл басынан жастар орталығы балалар үйі мен әлеуметтік үйлерге көмек көрсету мақсатында бірқатар қайырымдылық шараларын өткізген. Мәселен, №69 мектеп оқушыларына материалды көмек көрсетіліп тұрады. Яғни, әр жұма сайын киім-кешектер мен құрал-жабдықтар жіберіліп отырады.

«Жас болса, іске» демекші, жастарымыз «Жомарт жүрек» секілді ізгі жобалардың жүйелі жүзеге асырылуына мүдделі болса, елімізде қайырымдылық шаралар кеңінен ұйымдастырыла береді. Бұл өз кезегінде көмекке зәру жандардың қуанышына себепші болмақ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button