Жаңалық

Тылсымға толы Ақбауыр

Бүгінде Өскемен қаласы Бестерек ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан Ақбауыр археологиялық кешені зерттеуші-ғалымдармен қатар, тарихы тереңнен тамыр жайған қасиетті орынды көруге қызыққан туристермен толығуда.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс…

Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы», – делінген. Шынымен, кең байтақ қазақ жерінің әр тауы мен тасы тарихымыздан сыр шертеді. Еліміздің солтүстіктен оңтүстікке, батыстан шығысқа дейін едәуір созылған аумағы талай сын-тегеуріндерді, қиын-қыстау кездерді бастан өткеріп, біртуар тұлғаларды көрді. Бүгінде осындай рухани мәдениетімізді насихаттау мақсатында «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» секілді ірі жобалар қолға алынуда. Мектеп оқушыларының киелі жерлерге туристік саяхаты ұйымдастырылып, қазіргі таңда кеңінен жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, ағымдағы жылғы 4-шілдеде елордамыздың мерейтойына орай «Ақбауыр» археологиялық кешеніне көшпелі экскурсия ұйымдастырылды.

Зерттеуші-ғалымдардың пікірінше, Ақбауыр археологиялық кешені – неолит тас ғасырының ескерткіші. Конус түріндегі үңгір тау етегінен 5-6 метр биіктікте орналасқан. Бұрынғы заманда Ақбауыр үңгірі үлкен діни жиындарды ұйымдастыруға, құрбандық шалу сынды рәсімдерді орындауға арналған орын ретінде пайдаланылған. Үңгірдің қабырғаларында қос дөңгелекті арба, бұқа, тау ешкісі, адамдар мен үйлердің суреттері бейнеленген. Суреттер қоңыр жосамен салынған және де б.з.б. 3-мыңжылдықтың басына жатады.

«Туған жердің тасы да таныс» демекші, аталмыш кешенге 1970-1990 жылдары аралығында жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалым, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев – осы ауылдың тумасы.

Бүгінде Ақбауыр тарихи-табиғи ескерткіші Шығыс Қазақстан аумағындағы ең көп зерттелген орын болып табылады. Ұлан ауданында орналасқан ескерткіш 70 жылдан астам уақыт ішінде көптеген зерттеушілердің назарына ілігіп, қызығушылықтарын оятқан. Бұл жерде көптеген тылсымға толы табиғи және тарихи объектілер орналасқан.

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттаумен қатар, жастарға туған жердің қасиетті орындары туралы жан-жақты мағлұмат беру, өлкенің тарихына деген қызығушылықтарын ояту мақсатында ұйымдастырылған экскурсия қайырымдылық акциясы аясында өткізілді. «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекемесі» КММ қызметкерлері Өскемен қаласы әкімдігінің «ҮЛБІ» халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы» КММ» шақырды.

Ақбауыр археологиялық кешенінің тарихымен танысу экскурсия түрінде өткізіліп, осының арқасында экскурсияға қатысушылар әр объектіге жан-жақты көңіл бөлді және толығымен танысуға мүмкіндік алды. Іс-шараға қатысушылар қасиетті жердің құнарлы және бай екендігі туралы да ақпарат алды.

ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бері «Ақбауыр» түсінігі бұрынғы астрономиялық кешеннің синонимі болды. Бұл жерде көктемгі тепе-теңдік, жазғы және қысқы күн тоқырауы кездерінде Күн өтетін үш нүктені бақылауға болатын арнайы орын бар.

Ата-бабаларымыз бұл жерді бұрынғы заманнан бері игере бастаған. Бұл жайтқа үңгірдің қабырғаларында бейнеленген суреттер дәлел болып табылады. Экскурсияға қатысушылар ата-бабалары мекендеген Ақбауырмен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды. Бұл жерде көптеген пайдалы қазбалар бар. Сондықтан да, түрлі тарихи кезеңдерде осы жерде адамдар мал шаруашылығы, металлургия секілді көптеген салалармен айналысқан.

Ақбауыр археологиялық кешенінің бір ерекшелігі – осы ауданда көптеген ескі молалар мен қорғандардың орналасуы. Олардың ең көп зерттелгені – Қызылтас моласы.

Шығыс Қазақстан өңірінің қасиетті орындарының бірі болып табылатын Ақбауыр арнайы қорғауға алынған және үңгірдің тұтастығы сақталуы үшін үнемі бақылау жүргізіліп отырады. Себебі, кешеннің қазіргі жағдайына ауа-райы шарттары, жауын-шашын мен адам факторы әсер етеді. Ал тарих ғалымдарының еңбек жолында тарихи және ерекше табиғи объектілердің маңыздылығы зор. Жас буынның тәлім-тәрбиесі үшін қасиетті орындар тарих беттерінен сыр шертетін бірден-бір дүние болып табылады.

«Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешені секілді қасиетті орынға саяхатқа қатысушылар Өскемен қаласы психоневрологиялық диспансердің мүмкіндігі шектеулі балалары болды.

Жас саяхаттанушылар Ақбауыр үңгіріне өте жақсы мақсатпен келген. Яғни, балалар аталмыш үңгірдің жан-жағын тазалап, сенбілік өткізуді жоспарлаған. Дегенмен, қорық-мұражайдың қызметкерлері бұл орынның сақтығы үшін бар күш-жігерін салатындықтан, жас саяхаттанушылар қасиетті орын жайлы мәліметтерді алып, құпия жазбалар бейнеленген үңгірде тілек тіледі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button