Жаңалық

Күйзеліске жол жоқ!

Ғалым, бірінші орыс Нобель сыйлығының лауреаты Иван Павлов «Режим мен еңбек – денсаулықтың кепілі» деген екен.

Сіз таңертең жұмысқа ауырсынып тұрасыз ба? Мүмкін, жұмыс істеу қарқыныңыз бәсеңдеп қалған болар? Басшыңызбен жиі сөзге келіп қалатын болдыңыз ба? Ол сіздің еңбегіңізді бағаламай жүрген көрінеді ме? Аталмыш сауалдардың біреуіне «иә» деп жауап берсеңіз, онда біздің материал – сіз үшін. Себебі, сіз күйзелістесіз немесе күйзеліске тап болу қаупі бар.

Бүгінде жұмыс беруші тарапынан бәсекеге қабілеттілік пен кәсібилікке қатысты қойылатын талаптар жоғары болған кезеңде күйзелістің орын алуы – заңдылық. Осы орайда көптеген күйзелістер сіздің өзіңізді жайсыз сезінудің басты себебі болуы мүмкін. Яғни, күйзеліс тек қобалжу мен құлазу күйінің ғана туындауына алып келмейді, сонымен қатар денсаулығыңызға кері әсер етеді. Технология дамып, жетілген ХХІ ғасырда адамдар күні бойы жұмыс істейді және демалуға мүмкіндіктері аса бола бермейді. Сондай-ақ, өмір болғаннан кейін әрқашан күтпеген қиындықтар туындап, күрделіліктер пайда болады. Осының барлығы өмірге деген оң көзқарасыңыздың бәсеңдеп, іштей мазасыз күйлерге алып келуі хақ. Нәтижесінде, сіз болашақты солғын түстермен өрнектеп, кішкене қиыншылыққа мойынұсынуды жөн санайсыз. Дегенмен, егер де сіздің өмірге деген көзқарасыңыз нақты және шынайы болса, алдағы күйзеліс тудыратын жайттарға төтеп беруіңіз оңай болады.

Күйзеліс – бұл күрделі психоэмоционалдық күй. Аталмыш күйге тап болған жан үнемі ой үстінде жүреді. Сонымен қатар, күйзеліс адам ағзасының түрлі ауруларына себепші болуы мүмкін. Адам күйзеліске қаншалықты ерік берсе, соншалықты мазасыз ойларға тап болады. Ішкі шиеленісушілік кетпейді, күйзелістен туындайтын жағымсыз сезімдер көбейе береді.

Егер де сіз кез-келген жағымсыз жайттарға қасқайып қарсы тұра білсеңіз, демек күйзеліс сізге қауіпті емес. Себебі, аталмыш күй – енжарлық пен селқостықтың пайда болуына негіз. Мәселен, адамның ағзасы үнемі туындап отыратын мазасыз күймен күресе алмаған жағдайда нақты белгілер пайда болады. Күйзеліс салдарынан адам өмірдің мәнін сезіне алмайды.

Бұл заманда қорқыныштарға тез ерік беретін немесе психикасы осалдау адамдар үшін күйзеліс қауіпті. Осындай жағдайда қатты қобалжулар адамның денсаулығын күрт нашарлатады және психикалық ақаулардың туындауына алып келуі мүмкін.

Осыған орай егер де сіз басшыңыздың үнемі бақылауынан немесе соңы мен нәтижесі көрінбейтін жұмыс үрдісі мен үй шаруаларынан шаршай бастасаңыз, күйзеліске жол бермеңіз. Осы мәселелермен күресте жақсы көмекшіңіз бар екенін ұмытпаңыз. Ол – сіздің барлық мәселелерге оң көзбен қарауыңыз. Яғни, басыңызды ала қашып, шошудың қажеті жоқ. Кеңінен бір дем алып алыңыз да, сабырлы түрде талдай біліңіз.

Біз сізге осы жолда жақсы көмекші болатын 10 әдіс-тәсілді келтіріп отырмыз. Бұл қадамдар сіздің жақсы көңіл-күйде болуыңызды қамтамасыз ететіндігіне және күйзелістің ауылын алшақтататынына сенімдіміз. Себебі, жұмысы жайлы адам үйде де өзін бақыттырақ сезінетіндігі хақ.

1. Жақсы демала біліңіз.

Сіз келесі күні өзіңізді жақсы сезінетіндей жеткілікті ұйықтап жүрсіз бе? Себебі, көптеген адамдар жұмыстан келгеннен бастап түннің бір уақытына дейін теледидар көреді немесе телефоннан бас көтермейді. Осыдан кейін таңертең неге шаршап оянатындарын сұрап таңғалады. Себебі, сіз теледидарды көргенде, демалып жатқандай күйде боласыз. Бірақ, шын мәнінде, олай емес. Сіздің миыңыз осы уақытта белсенді жұмыс істеп жатады. Егер де сіз денеңізді тыныштандыратын болсаңыз, эмоционалды түрде демалып қаласыз. Неліктен тыныш музыканы тыңдап, шай ішпейсіз? Күні бойы жұмыста түрлі мәселелерді шешуден шаршаған миыңызға бір уақыт тыныштық берген жөн болар.

Ал егер сіз үйде бұл әрекеттерді орындамасаңыз да, таңертең шаршап тұратын болсаңыз, мына бір жайтқа назар аударған жөн болар. Кешкі асқа көңіл бөліңіз. Қай уақытта тамақтансаңыз да, ұйықтаудың алдында 4 сағат бұрын болуы тиіс. Себебі, ұйықтаудың дәл алдында кешкі ас ішсеңіз, толық асқазан ұйқыға кетуіңізге жол бермейді. Осының салдарынан сіз тағы да шаршап оянасыз.

2. Уақытыңызды үнемдеңіз!

Күніңізді оң эмоциялармен бастаңыз! Таңертең жұмысқа дайындалуға аз уақыт қалдырмаңыз. Себебі, бес минут ішінде ояна сала, жұмысқа жиналатын болсаңыз, күні бойы өзіңізді жайсыз сезінетін боласыз. Оның орнына таңертеңгі іс-әрекеттеріңізге жеткілікті уақыт бөліп, асықпай ретпен орындайтын болсаңыз, көп дүниені үлгеретін боласыз. Мәселен, шомылып алуға мүмкіндік болады, сонымен қатар, асықпай отырып ішкен таңғы ас сіңімді болады. Ал бұл іс-әрекеттердің барлығын сүйікті музыкаңызды қосып қойып жасайтын болсаңыз, күні бойы жақсы көңіл-күй болары хақ.

3. Таңғы ас ішуді ұмытпаңыз!

Өз уақытыңда ішілген таңғы ас сізді қоректі заттармен ғана емес, қажетті энергиямен толтырады. Дегенмен, жаттығу немесе жүгіру кезінде тамақтанбаған жөн. Оның орнына тез сіңірілетін жеңіл тағамдарды ішіңіз. Дәрумендерге толы жеңіл тағам – сәтті күнді бастаудың керемет жолы.

4. Киіміңізді жөндеп отырыңыз!

Киім-кешегіңіз салынған шкафты реттеп отыру қажет. Себебі, жұмыс киімдеріңізді таңертең тез анықтап алсаңыз, сізге жеңіл және жылдам болады. Тіпті, кешке дайындап қойсаңыз да болады.

Сонымен қатар, сіз қолданатын түстерге назар аударыңыз. Егер костюм мен галстук ресми киімнің бөлігі болса, көк пен жасыл сияқты «оң түстерді» қолданыңыз. Көк түс айналаңыздағы адамдарға да, өзіңізге де тыныштандыратын әсер береді деп есептеледі. Мәселен, көк костюм немесе көйлек тамаша көрінеді. Егер сізге ашық түсті киім киген ұнаса, онда бұл түстерді жиі пайдаланған дұрыс. Ашық жасыл реңк сізге жақсы және оң көңіл-күй сыйлайды.

5. Жолдағы кептелістерді өз пайдаңызға жарата біліңіз!

Таңертең қай кезде шығып, қай уақытта кететініңізді және қандай бағытта жүру керек екенін есептеңіз. Мәселен, қалада кептелістер жиі орын алатынын білеміз. Осындай кезде уақытты жоғалту, жұмыстан кешігу қажетсіз қобалжуларды тудырады. Сонымен қатар, жұмысқа қай жолмен бару тез әрі оңай болатынын ойластырып, балама нұсқаларды қарастырыңыз.

6. Жұмыс орныңызды таза ұстаңыз!

Жұмыстан кетіп бара жатқанда, үстеліңіздің таза екеніне көз жеткізіңіз. Яғни, барлық құжаттар өз орындарында болуы тиіс. Сеніңіз, келесі күні сіз осы іс-әрекетіңізді бағалайтын боласыз! Жұмыс күнін таза және жақсы ұйымдастырылған жұмыс орнында бастау кеңседегі шиеленісушілікті  төмендетудің маңызды бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, таза үстел қызметкерлер мен басшылар арасында оң бағаға және құрметке ие болады. Сіздің өз жұмысыңызға ғана емес, жұмыс орныңызға да тиянақты қарауыңыз – құптарлық дүние. Және де арнайы кестеге енгізілген күнделікті жұмыс барысыңыз сіздің өз ісіңе егжей-тегжейлі назар аударатын жақсы ұйымдастырылған адам екеніңізді көрсетеді.

7. Өсімдіктер өсіргеніңіз жөн.

Өсімдіктер жұмыс кеңістігін жандандырады. Сіздің үстеліңізде бамбук немесе бұрыштағы көптеген жапырақты өсімдіктер өсіп тұрса, бұл кеңседегі атмосфераны жақсартады. Егер де сіз өсімдіктерді ұнататын болсаңыз, жұмыс орныңызға қойып қойсаңыз да болады. Себебі, зерттеулер көрсеткендей, өсімдіктер адамдарға тыныштандыратын оң және жағымды ортаны қалыптастыруға көмектеседі екен.

8. Суреттер немесе картиналар сізге жайлылық сыйлайды!

Олар жұмыс кеңістігіңізге әсем де көркем рең береді. Сіз үшін маңызды адамдар мен заттардың бірнеше фотосуреттерін іліп қойсаңыз, жалғыздық сезімін жеңуге және қобалжуды азайтуға әсер етеді.

9. Атқарылуы тиіс  жұмыстардың тізімін алдын-ала әзірлеп алыңыз!

Әрбір күннің басында осындай тізімді жасаңыз. Әрбір тармақты маңыздылығы мен атқарылуы тиіс уақыт аралығы негізінде басымдыққа алыңыз. Сондай-ақ, әрбір тапсырманы қанша уақыт ішінде орындау керектігін бағалау қажет. Бұл сізге нақты мақсаттарға қол жеткізуіңізге көмектеседі. Сонымен қатар, бұл тізім демалыс уақытын есептеуге мүмкіндік береді.

10. Әркіммен де қарым-қатынасыңыз жақсы болсын!

Басшыңызбен қарым-қатынасыңызды шиеленісуінің себебі не? Мүмкін, басшыңызбен дұрыс сөйлесе білу қажет шығар? Егер де сіздің басшыңыз өз тарапынан қандай да бір әрекеттерге бармаса, бастаманы өз қолыңызға алыңыз. Басшыңыз сізден қандай нәтижені күтетінін анықтап алыңыз. Және өзіңіздің талаптарыңызды ашып айтыңыз.

Күйзеліс шешімі жоқ күрделі мәселе емес. Әрине, оның өзіндік теріс ықпалы жетерлік. Дегенмен, жоғарыда көрсетілген 10 кеңесті қолдану арқылы күйзелісті басқаруға үлкен қадам жасайсыз. Өз  күшіңізге сеніңіз. Әр мәселеге оң көзқараспен қарап, шешімі табылатынына күмән тудырмаңыз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button