Жаңалық

«Blind Race» Астана-Париж

Бүгінге дейін «Blind Race» Астана-Париж веломарафоны туралы ақпарат беріп келеміз. Бүгінде аталмыш марафонның шабандоздары 3500 шақырымды артқа тастап, Франция мемлекетінің территориясына жақындап келеді. Велошабандоздар сапар барысында Қазан, Мәскеу, Минск, Варшава сынды үлкен қалаларды артқа тастап, қазір Германия мемлекетінің аумағынан өтіп бара жатыр. Жұмыс жоспары бойынша веломарафонның қатысушылары 8-қыркүйек күні Париж қаласына жетуі тиіс.

Веломарафон қатысушыларының қатары аталмыш шара басталғалы бері бұзылмай келе жатыр. Олардың жалпы құрамы 16 адамнан тұрады. Жалпы команда зағип және жанарлары әлсіз көретін азаматтардан құралған. Шара қатысушылары арнайы «тандем» деп аталатын велосипедтермен жүреді. Шайтанарбаның бұл түрі зағип жандардың қоғамнан бөлінбесі үшін, өздерін қорғансыз сезінбес үшін арнайы таңдап алған. Яғни, тандемді еріктілерден құралған топ мүшелерінің бірі жүргізеді, ал оның артына зағип немесе көз жанары әлсіз жандардың бірі отырады. Олар осылайша мыңдаған шақырымды басып өтті.

Париж жолында бара жатқан велошабандоздарды Бахтияр Базарбеков бастап келеді. Оның жанарының көру деңгейі небәрі 5 пайыз ғана. Бірақ ол ешқандай еріктінің көмегіне жүгінбей өз бетімен марафонды жалғастыруда. Марафон қатысушылары күніне 150 шақырым шамасындағы жолды артта қалдыруда. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ерекше көрсеткіш.

Марафонның негізгі мақсаты – көңілді әрі саламатты өмір салтын сақтауды насихаттау және экологиялық көлік түрі саналынатын велосипедті үгіттеу, қоғам ішінде, шекарадан тысқары жерлерде экотуризмді дамыту, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың велотурдан паралимпиялық спорттың деңгейін арттыру. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тандеммен велотур жасауы – жас буынды отансүйгіштікке, қайырымдылыққа тәрбиелеу.

Веломарафон картасы бойынша шабандоздар 6 мемлекет пен 30 қаланы басып өтеді. Әрбір ірі қалаларда және жолсапар барысында түрлі қоғам мүшелерімен жүздесу, танысу сынды шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, атақты спортшылар, әр елдегі ақпарат құралдары қазақстандық зағип және көз жанарының көру деңгейі әлсіреген азаматтардың ерлігіне риза болып, өз мүмкіндіктеріне сай қолдау көрсетуде. Сондай-ақ, әрбір қалаларда жағдайлары ұқсас азаматтардың өзара тәжірибе алмасуы сынды отырыстар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда.

Ауқымды шара Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің, Қоғамдық даму министрлігінің, Астана қаласының әкімдігінің, «Ел Тірегі» атты орта және шағын кәсіп ұйымының, Қазақстан Республикасының Паралимпиялық комитетінің, Велоспорт федерациясының қолдауына ие болды. Айта кету керек, көлемі кең қайырымды шараны еліміздің барлық бұқаралық ақпарат құралдары қолдап, халық назарына ұсынып келеді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қоғамдық сананы жаңғырту да, азаматтарды қайырымдылыққа итермелеу де барынша жүзеге асып келеді. «Шекарасыз спорт» жобасының қолға алынуы да осы сөзімізге дәлел бола алады. Аталған жобаның жүзеге асырылуы барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірге деген құлшынысы артып, өз көңілдерінде өздерінің қоғамға толыққанды мүше екендерін сезініп, мемлекет басшысының әрбір бастамасын қолдайтынын көрсетуде.

Осы күнге дейін Алматы, Астана секілді ірі қалаларда тандем деп аталатын велосипед түрімен тур жасауға дайындық, сынақ ретінде тәжірибелер жүргізілген. Сол уақытта «Шекарасыз спорт» жобасының қолға алынғанына зағип және көз жанарының көру деңгейі нашарлаған азаматтардың ерекше қуанғаны бірнеше рет айтылды. Олар өз армандарын жүзеге асырып, сонау Париж қаласына сапар шекті және өздерінің өмірге деген жаңа құлшыныстарын оятты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button