Жаңалық

Қызылорда қаласында «Рухани Жаңғыру» орталығы ашылды

Сырдарияның сол жағалауында «Рухани жаңғыру» орталығы мен  қалалық мұражай ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Қызылорда қаласына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Гүлшара Әбдіхалықова қызылордалықтарды жаңа қаланың бой көтеруімен құттықтап, аймақтың әлеуметтік-мәдени дамуындағы жетістіктерін атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның барлық аймқтары  бойынша ауқымды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асуда.  Соның ішінде Қызылорда облысында да  ескерткіштер салынып, тарихи жерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін біз тек архитектуралық ескерткіштің жай көшірмесі ғана емес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шаралар өткізілетін маңызды мәдени нысанның ашылуына қатысып отырмыз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Бұл нысын 1925 жылы ұлтқа «қазақ» атауын қайтарып беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызба-нұсқасы негізінде салынған.

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жиналған көпшілікті облыстық орталықтың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйледі.

«20 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның Елордасын Астана қаласына көшіру туралы стратегиялық шешім қабылдап, сол арқылы жасампаз мемлекетіміздің тұтастығын қамтамасыз етті. Қызылорда Жанкент, Шірік-Рабат, Сығанақ сынды ежелгі астаналардың және Ақ Орда мен Алтын Орда сияқты хан ордаларының аумағы, Кеңес Одағы кезінде Қазақ Республикасының астанасы, сондай-ақ, ағарту, саяси және өнеркәсіптік даму орталығы болды. Ұлтымыздың ресми «қазақ» аталуы туралы шешім де осы киелі мекенде қабылданды. Біз ұлттық құндылықтарымызды сақтап әрі жаңғыртуымыз керек»,-деді аймақ басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Сырдарияның сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда жеке инвестициялардың қаржысы есебінен 18 көпқабатты тұрғын үйдің, «Болашақ» университеті кампусының және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 320 орындық балабақшаның, мемлекет қаржысы есебінен Жастарға қызмет көрсету орталығы мен қажетті инфрақұрылымдардың құрылысы жүргізілуде.

2019-2020 жылдары сол жағалауда бірқатар көпқабатты үйлер, мектептер, облыстық көпсалалы аурухана, неке қию сарайы, балабақша, физика-математикалық мектеп жатақханасымен бірге, сауда-ойын сауық кешенін салу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, іссапар барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Ә.Тәжібаев атындағы кітапхана жанынан ашылған ІТ-паркі, Н.Назарбаев зияткерлік мектебі, «Рухани жаңғыру» орталығы, Достық үйі мен өнер Арбатының жұмыстарымен танысты.

Елбасы Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жариялап «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жайында былай деген болатын: «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» – дейді Президент.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button