Жаңалық

Севильдік шаштараз шаш қимайды

Қазанның 12, 13 және 14 күндері «Астана Опера» сахнасында музыкалық өнердің жауһары – Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» комедиялық операсы ұсынылды. Операның керемет сазды әуендері бірқатар атақты фильмдерде пайдаланылды, ал Фигароның әйгілі «Largo al Factotum» ариясы мен Розинаның «Una voce poco fa» кавантинасын барша әлем тыңдарманы бірнеше нотасынан-ақ таниды.

Премьера Астананың 20 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

«Севильдік шаштараз» операсы барлық заман мен барша халықтың мәңгі өшпес туындысы болып табылады, енді міне, Астанада да оған деген қызығушылық туған соң, театрдың басшылығы көрермендердің көпшілік сұрауы бойынша осы спектакльдің үшінші күнін ашып, билеттер сатылымын бастады.

Операның жазылу тарихы өзінің жылдамдығымен таңғалдырады: түрлі деректер бойынша музыканы шығарып, оны оркестрмен орындауға ыңғайлау үшін Дж.Россини 13-20 күн аралығындағы уақытын жұмсаған. Пьер Огюстен Карон де Бомаршенің «Севильдік шаштараз немесе Нәтижесіз сақтық» комедиясы бойынша Чезаре Стербини либреттосын жазған. Опера бас кейіпкерлердің шытырман оқиғаларына, шиеленіс пен қызыққа толы іс-әрекеттеріне аса қанық.

Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев. Режиссер – атақты итальяндық қоюшы Альфонсо Антониоцци, сценографтар – қазіргі заманның көрнекті сценографы Эцио Фриджерио және осы спектакль бойынша онымен бірге жұмыс жасаған Риккардо Масирони. Костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино. Костюмдер бойынша суретшінің ассистенттері – Арасель Досмұратова (Қазақстан) және Анна Верде (Италия). Проекциялар бойынша дизайнер – Серджио Металли (Италия).

Аздаған карнавал

«Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаев осы опера материалдарымен жұмыс жасау тәжірибесіне ие, себебі ол аталмыш туындыны неміс театрларының бірінде қойған болатын. Маэстроның айтуынша, «Севильдік шаштараз» карнавал кезеңіне арнап шығарылған.

– «Севильдік шаштараз» әрбір театрдың репертуарында болуы тиіс опералардың тізіміне енген. «Астана Опера» үшін бұл Дж.Россинидің шығармаларымен алғашқы жұмыс жасау. Менің ойымша, осынау берекелі опера біздің вокалдық ансамблімізге дәл келеді, себебі композитор ән салуға үлкен талаптар қояды – мұндағы ән басқа итальяндық опералардан өзінің нағыз шеберлігімен ерекшеленеді. Мысалы, Дж.Россини тенордан талап еткен икемділік пен ептілікті сопранодан да қажет етеді. Сондықтан «Астана Опера» солистері алдында өте маңызды орындаушылық міндеттер тұр, – деп бөлісті Алан Бөрібаев.

Маэстроның сөзінше, Дж.Россинидің бар шығармашылығы секілді «Севильдік шаштараз» да XVII – XVIII ғасырдағы «көне опера» мен XIX ғасыр бойы туындап, музыкалық театрға біртіндеп ене бастаған «жаңа опера қағидалары» арасындағы ауыспалы кезеңге жатады.

– Дж.Россини жасампаз адам болған, оның барлық 39 операсы өмірінің алғашқы жартысында дүниеге келген, бұдан кейін ол тағы 40 жыл ғұмыр кешеді, дегенмен музыкалық театрға арнап ештеңе де шығармайды, себебі өзге де уәждермен қатар, ол ән салу өнері біржола жоқ болып, енді қайта оралмайды деп санаған. «Севильдік шаштараз» Римдегі «Театро Аржентина» шағын театры үшін жазылған еді. Операның әрбір кейіпкері қайратты мінез-құлыққа ие деп айта аламын. Бұл жай ғана үлгі бойынша қалыпты кейіпкерлер емес, керісінше олар қалжыңдасып, өздерін де күлкіге айналдыра біледі. Композитор олардың бейнелерін тек жағымды немесе жағымсыз кейіпкерлері ғана жоқ өмірден ала отырып, көрерменді тәрбиелемейді, оның мақсаты – тыңдарманды күлдірту. Осылайша, Дж.Россинидің кейіпкерлері жақсы жан болып көрінуге тырыспайды, олар жиі қатты сөздер айтып, бір-біріне жала жабады, шытырманға толы шиеленіс жайттар жасайды – мұның бәрі қазіргі таңда да өзекті. Мысалы, Розина – құтқаруды қажет ететін сарайдағы ханшайымнан гөрі епті айлакер сияқты. Оны өзінің айналасында орын алған барлық шиеленіс авторларының бірі деп айтуға болады. Осының бәрі карнавалдық сауық-сайранның бір бөлшегі, – деп түсінік берді Алан Бөрібаев.

Нағыз шынайы әзіл

Режиссер Альфонсо Антониоцци бұл операны классикалық стильде қоюда. Бірінші кезекте, ол музыка мен либреттоға сүйенді, дегенмен, жаңа тың қанық бояулардан да тыс қалған жоқ.

– Біздің қойылымымызда Бартоло жаңа мекенге жайғасатын болады. Осылайша, кейіпкер жаңа ғана Севильяға қоныс аударады, сондықтан да жөндеу жұмыстарының аяқталу барысындағы оның үйі шабадандарға лық толы, мұндай көріністі өзге қойылымдардан кездестіре алмайсыз. Көптеген режиссерлер Бартолоны ақымақ ретінде көрсетеді, алайда либреттода ол қартайған, егде тартқан жасына қарай күдікті адам, бірақ сонша ақымақ емес деп нақты жазылған. Тұтастай алғанда, мен оны жағымсыздан гөрі жағымды кейіпкер ретінде көрсетуге басымдық жасадым, – деді А.Антониоцци. Қоюшы режиссер өзінің спектаклінде көрермен назарының негізінен Фигарода болатынын, барлық іс-әрекет соның маңында тоғысып, өрбитінін атап өтті.

Соңғы рет Альфонсо Антониоцци режиссер ретінде бұл операны 12 жыл бұрын қолға алды, алайда оған қоса ол әнші болғандықтан, вокалдық мансабы жолында сан рет орындады.

– Мен бұл музыканы естіп өстім, сондықтан оны еш өзгерткім келмеді. Көбінесе режиссерлер театр бюджетінің XVIII ғасырдағы барлық сән-салтанатты көрсетуге мүмкіндігі болмағандықтан, операның көрінісін басқа заманға ауыстырады. «Астана Операда» біз өзгеше  костюмдер мен декорацияларды пайдалана отырып, Россини стилін барлық көркемдігімен ұсынбақпыз.

Режиссердің әртістерге қойған негізгі міндеті – халықты күлдіру. Бір қарағанда, еш қиындығы жоқ іс болып көрінгенімен, бәрі соншалықты оңай емес.

– Либреттода комедиялық сәттер өте көп, мен әзілдің шынайы болғанын қалаймын. Қойылымда жапсырма іш, мұрын мен мұрт пайдаланылмайды, осынау күлкілі әсерді жасау үшін әртістер шын мәнінде тамаша ойнап шығуы тиіс. Сахнадағы кейіпкерлеріміз үнемі қозғалыста, ым-ишара жасаумен болады. «Астана Опера» әртістері материалды тез ұғынып алуға тырысуда, – деді қоюшы-режиссер.

Шаштараз қайда тұрады?

Қазіргі таңда әртістердің соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде, көрермендердің көз алдына Бартолоның үйін, шаштараздың жұмыс орны мен Розинаның бөлмесін көрсететін декорациялар орнатылған…

«Астана Опера» көркемдік-қойылым кешенінің жетекшісі Виктор Караре театрдың жаңа технологиялық деңгейге көтерілгендігін айтты.

– Декорация элементтері автоматты түрде қозғалатын болады. Мамандарымыз жабдықталған жолдарда компьютерлік тәсілмен басқарылатын жаңа сымдар құрастырды, тиісінше, қозғалыс бізге қажетті бағытта жасалатын болады, – деді В.Караре.

Сценографияда көк, ақ, алтын түстес және тотықталған сұр түстерге басымдық берілген, ауқымды декорацияларды қала көріністері, қақпалар бейнеленген 4D және 3D- проекциялар, сонымен қатар әсерлі анимациялар толықтырады. Көрермендерді көптеген тосынсый күтуде, солардың бірі – сәнді күймеге жегілген аттардың ортаға шығуы. Ландоның іші шарап түстес барқытпен қапталып, алтын түстес элементтермен сәнделген.

– Көрермендерді операның басынан-ақ таңғалдырып, «театр ішіндегі театр» әсеріне бөлегіміз келеді, халықты көңілді әрі позитивті эмоциялар күтуде, – деп атап өтті Виктор Караре.

Спектакльде реквизит өте көп. Неге десеңіз, шаштараз мамандығының өзі әртүрлі аспаптарды қажет етеді, бутафорлық цехта XVIII ғасыр стиліндегі шаш бұйралауға арналған қысқаштар, ұстара, париктерге арналған қойғыштар әзірленіп, дайын тұр. Қалпына келтіру-ұсақ-түйек жұмыстар цехындағы әріптестері болса, қолдан жасалған шкафтар әзірлеген. Біреуі ыдысқа арналып, іші шыны-аяқтармен, әшекейленген құмыралармен толтырылған; екіншісі жазу үстелінің қызметін атқарады, оның сөрелеріне бүктеме қағаздар, кітаптар, сияқұтылар, шырағдандар қойылған. Тағы бір ерекше шкаф бар: онда… қаңқа жасырылған. Ол не үшін керек? Шеберлер бұл құпияның сырын ашпады: «Спектакльге келіп, бәрін өз көздеріңізбен көресіздер» деп жауап берді.

Сірә, бутафорлар үшін ең күрделі жұмыс – музыкалық аспаптар әзірлеу болар. Есімізге түсірсек, операда музыка мұғалімі Базилио бар. Ол қатысатын көрініске арнап контрабас, виолончель, гитара, мандолина, дабылдар, флейталар, кернейлер жасалды. Олар арнайы технология бойынша әзірленді, аспаптар бутафор бұйымдары болғанымен, оларда ойнауға әбден болады. Аспаптар өлшемі, сыртқы түрі бойынша түпнұсқаға дес бермейді, әртістердің оңай әрі қиналмай көтеруі үшін олардың шереден жасалғандығын тек сіз бен біз ғана білеміз.

Бутафор цехында сыпырғыш, шелектер, қаптар, теңдер, себеттер, қолшатыр, тиындар салынған әмияндар тәрізді күнделікті тұрмыстық заттарды көре аламыз. Ал бір бау кілт тізбегіне келсек, қазір мұндай көз тартатын затты дүкеннен сатып алу мүмкін емес, кілттер дәл XVIII ғасырдағыдай болып көрінуі үшін, шеберлер металды кесіп, дәнекерлеп, тіпті соғуларына тура келді. Қала әкімінің алтын төсбелгісі арнайы пластикалық қалыптарға құйылып, поталь (жалған алтын тәрізді) жалатылған силиконнан жасалған.

«Оскар» сыйлығы иегерінің қолынан шыққан сәнді киімдер

Осы реквизиттердің барлығы декорациялармен, костюмдермен үйлесімді жарасатын болады. «Астана Опера» тігін цехының шеберлері костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапиноның жетекшілігімен киімдерді тіккен. XVIII ғасыр костюмдері сәнімен, нәзіктігімен, талғампаздығымен, сезімталдығымен, кейбір жасандылығымен ерекшеленсе де, осы тарихи кезеңнің костюмдерімен жұмыс жасау қиын, бұл пішу және жібек сияқты «машақаты көп» маталарға да байланысты.

Костюмдердің жалпы саны – 100-ден сәл асқанымен, оларды дайындау үшін аз уақыт жұмсалмаған.

Франка Скуарчапино үшін бұл «Севильдік шаштараздың» бірінші қойылымы. Костюмдер бойынша суретші осы дәуірге ену еш қиындық тудырмайтынын айтты, себебі ол осы кезең стилінде көптеген спектакльдерді қойған.

– Қолға алған кез-келген ісімді үлкен жігермен, құлшыныспен атқарамын. Мені Италияның табиғаты, бәрінен бұрын «Севильдік шаштараздың» музыкасы шабыттандырады. Маған бейнелерді жасатқызатын осы дүниелер. Әрине, режиссердің пайымына сүйендік, біз бұрын бірге жұмыс жасамағанбыз, алайда ортақ көзқарасқа тез келдік», – деп бөліседі Франка Скуарчапино.

Барлық костюмдер көздің жауын алатындай, олар айрықша көріністерімен, мысалға, ірі гүлдерімен назар аудартатын болады.

– Мен оларды сол ғасыр стилінде, бірақ аздап заманауи үлгіде және үйлесімді болатындай жасағым келді. Басты кейіпкерлердің бейнелеріне толығырақ тоқталатын болсақ, Розинаның көйлегі жеңіл, үлпілдеген болады, одан жастық пен албырттық байқалады. Сахнаға Фигаро шыққан кезде бірден сәнді және тартымды жас жігітті көресіздер. Спектакль бойы ол бір костюмде жүреді, тек қалпақ, жамылғы, байлауыш сияқты атрибуттары ғана ауысады. Операның сюжеті бойынша Граф Альмавива өзін ешкімге танытпау үшін бірнеше рет киім ауыстырады. Алайда костюм бейнені толық ашып көрсетпейді, нәтижесінде көрермен оны кейіпкердің әрекеттерінен, қылықтарынан, арияларынан бірден табатын болады», – деп түсіндірді Франка Скуарчапино. 

Ең бастысы жөнінде

«Севильдік шаштараз» спектаклін тамашалау барысында көрермендер адамның ақымақтығына күлмейтін болады, кейіпкерге деген табалаушылық түсінігі туындамайды. Керісінше, жеңілдікке, өмірлік қуанышқа, бас кейіпкерлердің тапқырлығына, сарқылмас күш-жігері мен тартымдылығына  таңданатын болады. Алайда, осының бәріне қол жеткізу үшін әртістерге көп күш салып дайындалу керек.

– Розина партиясын бірнеше рет орындадым, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, – соның ішінде Италияның өзінде де орындадым, сол кездері адамдарды опера өнеріне тарту үшін «Севильдік шаштараз» қарапайым интерпретацияда қойылған еді. Маған өзімнің кейіпкерім ұнайды, ол тәрбиелі, мейірімді, нәзік, көңілді, алайда ол өз-өзін қорғай алады: қажет болған жағдайда айласы мен тапқырлығын да көрсетеді.

Розина өзінің бостандығын шектейтін қамқоршысымен бірге тұруына тура келетін жағдайда өмір сүреді. Дегенмен, Бартолоны қыздың тағдырына қарағанда, оның жасауының сақталуы көбірек қызықтыратыны белгілі. Өз махаббаты Граф Альмавиваны кездестірген сәттен бастап, оның тағдыры жаңа мәнге ие болады – жүректерін бір арнаға тоғыстырып, Розинаны қамқоршысының қыспағынан құтқару үшін жігіт опера бойы түрлі тәсілдерді қолданады. Режиссердің құнды кеңестерінен, дайындық сәттерінен үлкен ләззат аламын. Осы қойылымда акробатикалық әрекеттер жоқ, бірақ шкафтар, қосарланған есіктермен байланысты Альфонсо Антониоццидің қызықты сахналық шешімдері бар»,- деп атап өтті Салтанат Ахметова.

Граф Альмавива партиясын Федерико Буттаццо (Италия), Дамир Сәдуақасов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин орындайды. Бартоло – Евгений Чайников, Евгений Шагаров, Александр Красиков. Розина – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова; Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова және көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Айзада Капонова. Базилио –Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, сонымен қатар Тайыр Тәжі мен Евгений Чайников. Берта – Татьяна Вицинская, Малика Минизини. Фиорелло – Талғат Ғалеев, Ержан Саипов. Офицер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев және Шыңғыс Расылхан.

Фигаро рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин әзірлеуде

– Алғаш рет Фигаро рөлін Верона қаласында 2015 жылы «Филармонико» театрында (Teatro Filarmonico di Verona) орындадым. Операның барысы анимацияланған, экранмен өзара әрекет жасауға тура келді, менің үстіме күрделі костюм киілген, онымен қозғалу сондай ыңғайсыз болды. Бұл менің өмірімдегі ең қиын опера деп ойладым, алайда Фигаро партиясы біздің классикалық қойылымдағы сияқты ешқашан жеңіл болмаған, мұнда шебер ойынды, ымдауды көрсету қажет. Сонымен қатар, опера итальян тілінде орындалады, бізге, әншілерге осы қызық тарихтың түпкі ойын көрермендерге жеткізу қажет. Сондай-ақ алдымызда қаһармандарымыздың жаңа қырын табу – қайталанбас бейне сомдау міндеті тұр. Әріптестеріме сәттілік, ал көрермендерге қойылымнан ләззат алуды тілеймін»,- деді Сүндет Байғожин.

Әнші өзі сомдайтын кейіпкердің көпшілікке таныс екенін, сондықтан да жоғары деңгейде орындау қажет екенін атап өтті. Вокал орындаушысы  бір мезетте өнер көрсетуі, ән салуы және сол сәтте дирижермен де байланысты үзбеуі тиіс.

– Операның бақытты аяқталатынын барлығыңыз білесіздер, театрымыздың репертуары осындай жарқын, жалынды спектакльмен толығатынына қуаныштымын. Осынау қойылымның ғұмыры баянды әрі ұзақ болсын»,- деп қорытындылады Сүндет Байғожин.

«Астана Опера» жетекші солисімен сөз таластыру қиын, себебі «Севильдік шаштараз» Джоаккино Россинидің таңдаулы талғамы мен туа біткен музыкалық дарынының шынайы куәсі екені хақ. Осы бір тамаша спектакль көрермендерге жағымды әсер қалдырып, шаттық пен көтеріңкі көңіл-күй сыйласын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button