Жаңалық

Қала келбеті сәулеттенуде

«Туған жер» деген кезде әрбір азаматтың, әрбір адамның жүрегінде тулаған шабыт пен сезім ұялайтыны анық. Себебі адам өзінің туған жерінің төлі. Сол даланың, сол жердің, сол мекеннің меншігі.

Туған жерге деген сезім мен махаббатың өлшемі шектеулі болмайды. Ол шексіз. Осы бір ерекше шексіз патриоттық сезімді әрбір азамат пен жастардың бойына етене сіңіріп, қандарына дарыту үшін, сөздің ұғымын кең мағынасында түсіну үшін, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында орындалу керек міндеттердің ішіне «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Ал бағдарламаның мәні неде? Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл бағдарламаның мәні деп үш ерекшелікті атап көрсетті.

«Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді». Осы орайда Рудныйдың жергілікті билігі көзге көрінерлік істердің ұйытқысына айналғандай. Бұған біз әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Өмірзақовпен қаланы аралағанда куә болдық.

Бүгінде жауыр болған жол мәселесін ауыл-аймақтар шама-шарқы келгенше шешіп келеді. Мысалға, кеншілер қаласында соңғы 2-3 жылдықта ең басты саналатын Ленин, Қазанның 50 жылдығы, Парковая, Качарская, Мира, Топоркова көшесінің жолдары мен жиектері жаңартылып, кейбір ішкікварталдық жолдарға тұңғыш рет асфальт төселді.

Биыл қала әкімі Бақытжан Ғаязовтың есептік кездесуінде тұрғындардың тарапынан көптеген өтініш-ұсыныстар келіп түсті. Соның ішінде 19 бен 20-шы шағынауданды жалғайтын жолдың жоқтығы, әсіресе, жауын-шашынды күндері оқушыларды әуре-сарсаңға салушы еді. Сол себепті ең проблемалық учаскелерді іріктеп, жолдарды жөнге келтірдік, – дейді Олжас Саматұлы.

Қаланың көлік қозғалысын жеңілдетуге себепші болған жолдардың бірі Шевченко көшесін бойлайды. Әзірге оның Ленин мен Мира көшелері арасындағы бөлігі түгелдей жаңартылды. Келер жылы жұмыстар Топоркова көшесіне дейін жалғаспақ. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін биылдың өзінде 800 млн теңге игерілген. Әрине қолға алынған жұмыстарды бір күннің ішінде тындырып тастау мүмкін емес. Тұрғындар осыған орай түсіністік пен шыдамдылық танытса екен дейді әкімдіктегілер.

Бала – елдің болашағы. Олардың бақытты да, тыныш өмірі – жарқын болашақтың кепілі. Соңғы жылдары Рудный халқының санымен қоса, сапалық құрамы, яғни балалардың үлес салмағы арта түсті. Бұл өте қуантарлық жәйт. Енді олардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасауға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы септеспек. Жасыратыны жоқ, бүгінде кез келген аулаға барсаң, ойын алаңдарының көбі әбден ескірген. Қаланың ескі бөлігінде тіпті жоқтың қасы. Олқылықтың орнын толтыру үшін бүгінде әкімдік игілікті істерді қолға алып, тұрғын үй аулаларында үш бірдей жаңа спорттық-ойын алаңын салып берді. Тағы екеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Биыл қазына қаржысына ауданы 200 шаршы метрді құрайтын бес ойын алаңын орнаттық. Қазір қарап отырсақ, бұл алаңдар балалар мен жасөспірімдерге лық толы. Сол себепті келесі жылы алаңдарды ауданы екі есе үлкеніне тапсырыс береміз. Осы орайда, тұрғындардың көбі неге біздің аулаға осындай алаңдар орнатылмады деген өз өкпелерін айтуда. Біз бір жылдың ішінде қаланы түгелдей қамти алмаймыз. Дегенмен жұмыстар одан әрі жандана түседі, – дейді Олжас Саматұлы.

Ойын алаңдары түрлі әткеншектермен, үйшіктермен және дене шынықтыруға арналған тренажерлермен жабдықталып, жерге тартан жабындысы төселген. Бұл, ең алдымен, балаларды жарақаттанудан сақтау үшін жасалған қадам. Осындай алаңдардың бірі 40 лет Октября және Ленин көшелерінің түйіскен жерінде орнатылған. Қала тұрғыны Жанат Естиярова ұлы Айдосты күн сайын осы аулаға әкеліп ойнатуды әдемі әдетке айналдырған. Айтуынша бұл жерде бұрын екі шағын футбол қақпасы ғана болған.

Менің мамандығым дәрігер, Горкий көшесі №51 үйде тұрамын. Бұрын баламды басқа аулаларға немесе ақылы ойын орталықтарына апаратынмын. Үш апта бұрын әкімдік ауламызға мынадай керемет алаң салып берді. Бүгінде айналадағы бірнеше ықшамауданның балалары осы жерге келіп мәре-сәре. Балаңның ойнайтын орны өз аулаңда болғанға не жетсін! Қуанышымызда шек жоқ. Алғысымыз шексіз, – дейді ол.

Жергілікті биліктен бөлек бастаманы қаланың бірнеше кәсіпорындары үлес қосып келеді. Мәселен «Сана» корпорациясының құрамындағы «Хорошое дело» басылымы «Қайырымды істердің жинақ сандықшасы» жобасын қолға алған.

Нәтижесінде биыл үш аулаға экологиялық таза финдік TALO фирмасы жасап шығарған ойын алаңшалары орнатылды.

Әрине бір-екі сағаттың ішінде бүкіл қаланы аралап, жаманы мен жақсысын жіктеп жазу мүмкін емес. Дегенмен туған жерге деген құрмет, махаббат осындай қарапайым істерден бастатынын ескерсек, Рудныйды «рухани жаңғырып» жатыр деуге толық негіз бар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button