Жаңалық

Кәсіпті дөңгелетуге көмектесетін үздік 3 кітап

Жеке кәсіппен айналысу – бүгінгі заман талабы. Жеке кәсіппен айналысу үшін не қажет, неден бастаған дұрыс? Бұл – барлық жаңадан іс бастаған кәсіпкерлердің ойында жүретін сұрақ. Осы сұрақтарға жауап беру үшін Support Partners жалдау компаниясының негізін қалаушы және Мәскеудегі «Сколково» басқару мектебінің ұстазы Константин Борисов ұсынған үздік 3 кітапты оқыған жөн.

Ruh.kz порталы өз дәстүрінен жаңылмай, оқырмандарға көмегі тиетін оқулықтар мен пайдалы әдебиеттерді ұсынып келеді.

Бүгінгі кезектегі кітаптар – Константин Борисов ұсынған оқулықтар. Бұл туындылардың кәсіп саласында жүрген азаматтарға сәтті бизнес жасау, қаржыны бағдарлау, жақсы команда жинақтау, басшылық қабілетті арттыру сынды бағыттар турасында берер пайдасы көп.

Ноам Вассерман «Кәсіп бастаушының басты кітабы»

Кәсіп бастаған кез-келген адамның санасын түрлі ойлар қаумалайтыны анық. Олар: «Барлығын жеке істеген дұрыс па әлде серіктестермен бірге ме?», «Инвесторлар тартып, тез өсіп кеткен оңтайлы ма әлде өз күшіңмен, бірақ кештеу көтерілген жөн бе?».

Вассерман өз туындысында «ақша немесе билік» деген қос таңдаудың ара жігін ажыратып, кәсіп бастаушы тұлғаларға айтулы көмек көрсетеді.

Егер сіз жеке өнімдеріңіз арқылы кәсіп ашсаңыз, онда өз компанияңызды толыққанды басқарып, жетістік шыңына кештеу көтерілесіз. Сонымен қатар, алдыңыздан біршама қиындықтар шығуы ғажап емес. Ал егер инвесторларды немесе серіктестерді де кәсібіңізге араластырсаңыз сізден толық компания үшін жеке шешім шығару және толыққанды басқару құқығынан айырыласыз. Сондай-ақ, кәсіптің нәтижесін, яғни, түскен қаражатты да орталай бөліске салуға тура келеді.

Бұл қағидалармен жүру тура шешім бе? Кітаптың авторы бұл қағидалардың жаңарған заманда әрекет ете бермейтінін айтады. Ең бастысы – нарықты толық зерттеу және тұрақты тұтынушылармен, жалпы тұтынушылармен кері байланыс орнату.

Сіздерге кітапты оқу барысында автор қойған талаптар мен тәжірибелерді толық орындап, сұрақтарға шынайы жауап іздеуге кеңес береміз.

Патрик Ленсиони «Команданы басқарудағы бес қателік»

Патрик Ленсионидің бұл туындысы команданы басқарудың әдіс-тәсілдері бағытында жазылған. Аталған шығарма соңғы бес жылда Батыста үлкен резонанс туғызған кітаптардың біріне жатады.

Кітап бизнес-роман форматында жазылған. Классик жазушылардың стилінде қағазға түскен туындының ішінен керек мағлұматтарды іздеу қажеттілігі туындайтыны анық.

Ленсиони ерекше қағидаларды көркем тілде оқырманына жеңіл жеткізеді. Көркем тілде жазылса да, бұл кітап оқуға тұрарлық. Кітапты толық оқып шығуға шамамен 5-6 сағат жұмсайсыз.

Автор шығармасында кез-келген алпауыт немесе кіші компанияны өлтіруге қауқарлы команда басқарудағы 5 қателікті жіпке тізгендей тарқата айтып береді.

Кітапта командадағы әріптестер арасындағы өзара үндестік, тіл табыса білу сияқты дүниелер толық қамтылады. Мысалы, бір қызметкер өз жұмысын кәсіби стандарттарға сәйкес келмейтіндей етіп, құлықсыз атқарып жатса, екінші қызметкер оған назар аудармай өте шығатын жағдайлар кездесіп жатады. Соған орай, автор қызметкерлердің бір-бірі үшін, компания үшін жауапты екенін түсіндіріп береді.

Нельсон Мандела «Long Walk to Freedom»

Бұл туынды – ОАР-дағы 40 жылдық нәсілшілдік дертін жоюшы әрі қара нәсілділер арасынан шыққан ОАР-дың тұңғыш президенті Нельсон Манделаның автобиографиясы. Кітап шамамен 800 беттен тұрады. Өз алдыңызға айқын мақсат қойыңыз. Күніне осы кітапты оқуға бір сағат уақыт бөлсеңіз, бір айда тәмәмдайтының анық.

Манделаның нәсілшілдікке қарсы күреске келу стратегиясын кәсіп барысында да қолдануға әбден болады. Ол алдымен саясатта биікке көтеріліп, билік қолына тигенде барып, нәсілшілдікке қарсы күреске кіріседі.

Нельсон өте ауқатты адам еді. Бұл күресте ол ештеңе жоғалтпайтын және оған нәсілшілдік дерті ешқашан кесе-көлденең тұрмаған. Бірақ ол қара нәсілді азаматтардың жер жүзінде, кез-келген қоғамда шеттетілетініне шыдай алмады.

Оған күрес жолы өте оңай тимеді. Біршама дүниелерді жоғалтқанымен, Мандела өзі таңдаған жолдан тайынған жоқ.

Әрине, бұл мысалдар арқылы біз ешкімді күресуге шақырып отырған жоқпыз. Десе де, Нельсонның өмірлік ұстанымдарын, бірбеткейлігін, мақсатшылдығын кәсіп барысында қолдануға әбден болады.

Кәсіп жолындағы ең басты құндылық – айқын мақсат қоя білу, табандылық, еңбек. Егер осы жолдан айнымасаңыз, сіздің де жетістік шыңына шығар күніңіз алыс емес.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button