Жаңалық

2-орын иеленген жұмыс

Ruh.kz порталы ұйымдастырған «Менің Қасиетті Қазақстаным!» эссе байқауында жүлделі 2-орынды иеленген Табылдынова Адинаның жұмысы. Жеңімпазды жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, оның жұмысын сіздерге ұсынамыз.

«Менің Қасиетті Қазақстаным!»

Қазақстан  –  тәуелсіз, жері кең, ұлан-байтақ, егеменді ел. Төбесі көкке тірелген таулары бар, көк-жасыл орман-тоғайлары бар, асу-асу белдері бар, қойнауы алтын астық пен малға толған кең жазира даласы бар. Табиғаты әр алуан жан-жануарларға толы, аққулы көлдері бар, тулаған толқынды теңіздері бар, әсем қалалары бар достығы жарасқан көпұлтты мемлекет. Қазақстанда табиғат шеберлікпен үйлестіріп, жомарттықпен бере салған таңғажайып көрікті орындар аз емес. Соның бірегейі Оңтүстік Қазақстан облысы болып табылады.

Оңтүстік Қазақстан қазақ елінің қалалық өркениетінің бесігі деп аталады. Оның аумағында Қазақстан тарихында елеулі орын алатын маңызды қалалар орналасқан. Олар бүкіл әлемге танылған – Отырар, Испиджаб, Сауран, Яссы, Сүткент, Сығанақ және тағы да басқа қалалар. Оңтүстіктің мәдениеті, сәулеті көне қалалардың орындары, көз қуантар әсем табиғаты, тылсымы терең үңгірлер мен кесенелер, төбесі көкке тірелген таулар мен бай жан-жануарлар әлемі, денсаулыққа дәрмен берер шипажайлар  бәрімізді қызықтырары сөзсіз. Оңтүстік Қазақстан облысы көптеген көне архитектуралық ескерткіштердің орталығы болып табылады. Олардың ішіндегі ең атақтылары: Қожа Ахмет Йасауи, Арыстан баб, Айша бибі кесенелері. Оңтүстік Қазақстан облысының көз қуантар әсем табиғаты, көне қалалары мен қасиетті кесенелері бәрімізге бұрыннан белгілі. Ендеше, осындай киелі жерге саяхатқа бару мен үшін үлкен қуаныш болды. Сондықтан маған осы өңірге бару туралы ұсыныс жасағанда қуана келісімімді берген болатынмын. Себебі, бұл сапардан қызықты мәліметтер жинап келетініме әрі өзімді толғандырған көптеген сұрақтарға жауап алатыныма сенімді болдым.

Ең бірінші бұл сапарда маған ұнағаны, шырайлы Шымкент қаласының көркем табиғаты мен заман ағымымен жарысқан қазіргі келбеті болды. Осы өңірге келгеннен кейін сапарымызды киелі мекен Түркістан қаласынан бастадық. Түркістан – күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі мекен.  Араб, қытай, парсылар мен еуропалықтар көз тіккен «Ұлы Жібек жолының» ортасындағы ең үлкен қала, күллі түркі жұртының тарихи астанасы. Елбасы  Н.Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы -Түркістан»,- деген болатын. Осындай көне әрі киелі қалаға бару менің бұрыннан бергі арманым еді. Биыл маусым айында  осы арманыма «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясындағы өлкетану экспедициясының барысында қол жеткіздім.  Арқалық қаласынан 70 оқушының бірі ретінде экспедиция мүшесі атанып, керемет көңіл-күйде барып келдім.

Түркістан қаласындағы әйгілі ақын, ғұлама ғалым Қожа Ахмет Йасауи және оның ұстазы болған Арыстан баб кесенелерін тамашаладым. Мен үшін бұл кесенелерді аралау рухани емделумен тең болды. Үлкендердің айтуы бойынша кесененің адам ағзасын емдеп, тазалап шығатын қасиеті бар. Мұнда бір рет кірген адам қоршаған әлемге деген көзқарасын өзгертіп шығады екен. Негізі, біздің бәрімізді таңғалдырғаны осы кесенелердің ерекше сәулеті мен қайталанбас келбеті болды. Осы кесенелерді аралағанда өздерінің емдік қасиеттерімен таңылған «Зәм-зәм», «Кәусар» суларынан нәр таттық. Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің ішінде атақты «Тайқазанды», бұрынғы ата-бабаларымыздың қолданған ыдыс-аяқ, қару-жарақтарын көрдік.

Екінші күні, бәріміз Қазығұрт тауына бардық. Халық арасында Қазығұрт тауы қақында бұрыннан қалған аңыз бар. Қарт адамдардың айтуларына қарағанда, құдай баста жерді, көкті жаратқанда, Қазығұрт тауы да бірге жаралған. Өзі аласа тау болса да, жер жүзіндегі таулардың қасиеттісі. Ілгеріде жер жүзін топан суы басып кеткенде, жалғыз осы Қазығұрт тауы аман қалған екен. Қазығұрт тауының басында, күнбатыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер Нұх пайғамбардың кемесінің орны дейді. Қазығұрттың басында бір үңгір болса керек. Ол -үңгірдің үстіне ағаш шаншып қойған Қазығұрт атаның моласы дейді екен. Басқа жерлерді бұлт басса да, Қазығұрттың басын бұлт шалмайды екен.

Барлық кесенелерді тамашалап болғаннан кейін жетекшілеріміз бәрімізді            «Тау самалы» деп аталатын жасөспірімдерге арналған жазғы лагерьге апарған болатын. Бұл жердің табиғаты көрсе көз тоярлықтай, ауасы тап-таза,тау басынан аққан шағын сарқырамасы да бар. Ондағы тәлімгерлер мен оқушылар өте мейірімді, ешкімді жатсынбай, бәрімізді жылы жүздерімен, құшақ жая қарсы алған болатын. Бұрында тек қана кітаптардан оқып, естіп жүргендерімді ендігі өз көзіммен көру мен үшін зор қуаныш, қайталанбас бақыт болды.

Қазақстанда осындай өзіндік тарихы бар киелі жерлердің көп болғаныңа мен өте қуаныштымын. Біздің елдің көптеген жерлеріне басқа да шет елдерден туристер келіп, еліміздің, қазақ халқымыздың терең тарихымен танысқанын қатты қалаймын. Осы сапардан менің білгенім және өзім үшін түйгенім көп болды. Бұл сапардан барлығымыз рухани тұрғыдан байып, өте керемет әсерде болып қайттық. Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған саяхат маған көптеген ұмытылмас естеліктерді қалдырды. Осында өткізген әрбір күндерім жадымда мәңгі сақталады деген ойдамын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button