Жаңалық

Қазақ өнерінің тау тұлғасы - Асанәлі Әшімов

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы дүниеге келді. Қазақстандық кино және театр актері, режиссер, театр педагогы, профессор. Ол еңбек жолын сонау кеңестің жылдарында бастаған.

Асанәлі Әшімов — қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып есептеледі. Оның кинодағы Бекежан (“Қыз Жібек”, 1971), Шадияров (“Атаманның ақыры”, 1971, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының, 1972), Мәмбет (“Сарқырама”, 1973), Қасымханов (“Транссібір экспресі”, 1977, бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесі, 1978), Кемел (“Нан дәмі”), Нұрғазы (“Алатаудың ай мүйізі”), Қаражал (“Жаушы”, 1980), Шыңғыс хан (“Бұлғар даласынан ескен жылы жел”, 1998) рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті.

Әшімов режиссер ретінде кең танылды. Ол сахналаған Н. Гогольдің “Ревизор” (1979, өзі Дуанбасының рөлін ойнады), Ғ.Мүсіреповтың “Амангелді”, И. Оразбаевтің “Мен ішпеген у бар ма?!” (екеуі де 1987), С. Ванустың “Сұлтан болсам егер мен” (1988), жылы Ж. Аймауытовтың “Ақбілек” (1989) спектакльдері мен ол түсірген “Жылан жылы” (1981, Цой Гук Инмен бірге; 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальдің дипломына ие болды), “Шоқан Уәлиханов” (1984; 4 сериялы телефильм, өзі Шыңғыстың рөлін ойнады), “Қозы Көрпеш — Баян Сұлу” (1995) фильмдер Әшімовтің режиссерлік шығармашылығының да кең ауқымын көрсетеді.

Әшімов өнеріне арналған “Асанәлі” деректі фильмі (1986, реж. И. А. Вовнянко) түсірілді.

Суреткер талантының тағы бір қыры – жазушылық. Оның «Майраның әні» (1995), 5 томдық шығармалар жинағы (2007), «С любовью, Ваш Асанали Ашимов» (2008), «Ғұмыр-дария» (2012) жинақтары қалың оқырманның сүйікті шығармаларына айналған туындылар.

А.Әшімов бүгінгі таңда М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі және Қазақстан Театрлар ассоциациясының төрағасы ретінде ұлттық сахна өнерінің өркендеуіне мол тәжірибесімен, абырой-беделімен елеулі үлес қосып жүр.

Асанәлі Әшімовтің ұлттық өнерге қосқан орасан зор еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды.

Ол Қазақстанның халық артисі (1976), КСРО халық артисі (1980), Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығымен (2000), «Отан» (2001), «Құрмет» (2007), «Парасат» (2007), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен (2012), және «Достық» (2014) Ресей Федерациясының М.Ломоносов атындағы (2007) және ЮНЕСКО -ның «Алтын қыран» ордендерімен марапатталған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button