Жаңалық

Қазақ тарихындағы дара тұлғалардың бірі – Кейкі мерген

1916 жылы бұрқ ете түскен ұлт-азаттық көтеріліс туралы тарихи тағылымдарға көз жіберсек, Амангелді Имановтың және Кейкі мергеннің есімі, ел арасында өшпес аңызға айналған ерлік әрекеттері есімізге оралады.

Кейкі мергеннің азан шақырылып қойған аты – Нұрмағамбет. Нұрмағамбет Көкембайұлы 1871-1923 жылдар аралығында өмір сүрген. Оның есімі Торғай көтерілісімен бірге аталады.

«Кейкі» есімінің де өзіндік тарихы бар. Нұмағамбет жастайынан ешкімге қосылмай жалғыз жортқанды жөн көреді. Көбіне аңшылық сапарларға жападан-жалғыз аттанады. Оның осы әдеті үшін жеңгелері «Кейкі» деп атап кеткен. Көкембайдың кіндігінен Оспан, Қосжан, Омар, Кейкі және Шұбар атты бес ұл тараған. Бес азаматтың біреуінен, Қосжаннан ғана бала болып, ұрпақтары күні бүгінге дейін жалғасуда.

Жастайынан қиыншылық, кедейлік көріп өскен Кейкі есейе келе Жыланшық болысының малын бағып, сенімді жігіттерінің біріне айналған. Мергендігімен аймақты таңқалдырған Нұрмағамбет Орта жүзге кіретін Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ атты руынан. Алпауыт күш пен құралайды көзге ататын мергендігі оның батырлық болмысының қалыптасуына әсер етті.

Жастайынан тұрмыс тапшылығын көрген Кейкі Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі басталғанда бағзы кегін қайтармақшы болып атқа қонды. Ол маусым жарлығына наразылық білдіруден тұтанған көтеріліс отрядының негізгі күші мергендер тобын басқарып, маңызды жоспарларды шашау шығармай атқарған.

Нұрмағамбет Көкембайұлы (Кейкі) Торғай ояздық соғыс комиссары, көтерілісші, халық батыры Амангелді Имановтың сенімді серіктерінің біріне айналды. Сол уақыттарда Амангелді батыр қаза тауып, Кейкі бас сауғалауға мәжбүр болды. Ол ұлытау және Қызылқұм арасын мекен ете жүріп, 1922 жылы басқыншылардың комиссары Александр Токаревті қапысын тауып, атып өлтіреді. Осыдан кейін Кейкінің соңына түскендер қуғынды күшейтіп, ақыры 1923 жылы 29-наурызда батырды қолға түсіріп, асқан озбырлықпен, жан қинаушылықпен өлтірді.

Қуғыншылар батырдың басын және екі қолын кесіп тастап, денесіз басты Торғай қаласындағы адамдар ең көп жиналатын жерлердің бірі – орталық алаңға бір ай бойы қазыққа шегелеп қағып қойды.

Жансыз басты қазақтардың бас қаласын Орынборға жеткізеді. Арада үш жыл өткенде республиканың астанасы Қызылорда қаласына ауысты. Міне, осы себепті Кейкінің басы ішкі Ресейге, Санкт-Петербург қаласына жіберілді. Күні бүгінге дейін атақты мерген, белгілі батыр Кейкінің бас сүйегі Санкт-Петербург қаласындағы антропологиялық қорда сақтаулы тұр.

Ел арасында «Кейкінің басы мен денесін қатар жерлеген күні әлемде қазақтардан асқан бақуатты ел болмайды» деген тәмсіл бар. Мұның өзі батырдың ел арасындағы абырой-беделін, тарихи мандатын айшықтай түседі.

Маусым жарлығына Кейкі Амангелдінің саяси позициясы арқылы араласты деуге негіз жоқ. Амангелдімен Рахмет болыстың жылқышысы болып, барымтаға бірге шығып жүріп жақындасқан Кейкі «әскерге адам аламыз» деген жарлыққа жеке көзқарас тұрғысынан қарсы болды. Осы ойын айналасындағы халық қолдап, бұл үдеріс хандық құратын дәрежеге дейін жетті. Халық хан ретінде Ә. Жанбосыновты таңдаса, 50 мың адамнан тұратын көтерілісшілер әскеріне Амангелді Иманов бас сардар, қолбасшы болып, ал Кейкі мергендердің мыңбасы ретінде сайланды.

Кейкі 1922 жылы арнайы құрылған Токарев пен Мағзұтовтың құрған қақпанына қапыда түсіп қалады. Кейкі өз әскерін Ахмет Ишан ауылы маңында қыстатады. Сол кезде екі қолбасшымен келіссөз жүргізбекші болып келген батырды тұтқынға алады.

Мағзұтов елде қалып, Токарев мергенді Торғайға жеткізбекші болып жолға шыққанда, батырдың жігіттері Токарев көшін аңдып отырып, мыңбасны құтқарып алады.

Өзінің саналы ғұмырында ел игілігі, ұлт болашағының бостандығы үшін алыптарға қарсы тұрған мергеннің есімі көшпесі анық. Халық ауызында жүрген «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің көзі мерген» деген тәпсір де осының айғағы болса керек.

Биыл Кейкі мергеннің өмірден өткеніне 95 жыл толып отыр. Батырды ұлықтайтын шаралар өткізіліп, «Кейкі мерген» атты көпсериялы фильм түсіріліп, халық назарына ұсынылды.

2016 жылы Қазақстан және Ресей үкіметтерінің арасында жүрген келіссөздер нәтижесінде Кейкі мергеннің бас сүйегі елге әкелініп, туған жерінде салтанатты рәсімдері жасалынып, жер қойнына берілді.

Ұлт тарихындағы ұлыларды ұлықтау – өткенге құрмет.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button