Жаңалық

Ғ.Ахмедьяров: «Бүгінгі таңда Қазақстанның мәдениеті өркендеу үстінде»

Қазақстандық әртістердің шетелдерде өз жанкүйерлері бар, олар өнерпаздарымыздың қолтаңбаларын алып, көшеде танып жатады. Әртістеріміздің өнері арқасында шетелдіктер Қазақстанды танып біледі, осындай дарын иелерін дүниеге әкелген елге келуді армандайды…

 

 ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде «Астана Опера» театрының 2018 жылғы қорытындысы және Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауын жүзеге асыру» тақырыбы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяровтың қатысуымен брифинг өтті.

Барлық спикерлер әлемнің көптеген елдерінде ұлттық өнерімізді паш етуге мүмкіндік берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын атап өтті.

– Қазақстандық әртістердің шетелдерде өз жанкүйерлері бар, олар өнерпаздарымыздың қолтаңбаларын алып, көшеде танып жатады. Әртістеріміздің өнері арқасында шетелдіктер Қазақстанды танып біледі, осындай дарын иелерін дүниеге әкелген елге келуді армандайды, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Өз сөзінде «Астана Опера» директоры Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет қайраткерлеріне фольклорымызды Қазақстанның ғана емес, тұтастай халықаралық қауымдастықтың игілігі болатын үлкен музыкалық туындыға айналдыруды міндет еткендігін атап өтті. Бұдан «Астана Операның» директоры қазақтың атақты батырлары Ер Тарғын, Қобыланды, Алпамыс, Едіге және өзге де кейіпкерлерді музыкалық шығармалардан көрсету мүмкіндігін зерделеп отыр.

– Қазақ халқының рухани мәдениеті үшінші мыңжылдықтың ортасына қарай жалпы адамзаттық өркениеттің айрықша бөлігі ретінде қарастырылады деген сенімдемін. Елбасы өзі айтқандай, Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды – деп қорытындылады театр директоры.

2019 жыл Жастар жылы деп жарияланғандықтан, «Астана Опера» жас дарындарды қолдау және одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар жобаларды әзірлеген. Осындай жобалардың бірі – жас әртістердің қатысуымен Дж.Россинидің «Жібек саты» операсы (премьерасы сәуірдің 6 және 7 күндеріне жоспарланған). Сол айда театр ұжымы Дж.Пуччинидің жастарға арналған әрі жастар туралы «Богема» операсының жаңа редакциясын ұсынады. Театр жоспарында С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсының қойылымы да бар. Бұдан бөлек, театрда шетелдің шығармашылық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан дарынды жас музыканттардың қатысуымен концерттер өтіп жатыр.

Бүгінде «Астана Опера» афишасында ұлттық репертуармен қатар, классикалық опера және балеттер, симфониялық, камералық музыка концерттері ұсынылған. Театрдың жақын арадағы премьерасы – П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсы. Ол 8 және 9 ақпанда өтеді. Маусым айында көрермендер назарына А.Аданның «Жизель» балетінің премьерасы ұсынылады, сондай-ақ Т.Қажығалиевтың «Дала аңызы» балетін қою бойынша ұйымдастырушылық мәселелер пысықталуда.

mks.gov.kz 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button