Жаңалық

ТІЛ ҮЙРЕНУГЕ УАҚЫТ ЖОҚ ПА?

Уақыт жоқ болғанмен, тіл үйренуге ниетіңіз бар шығар?

Қазір шет тілдерін үйрену және білу жаңа тенденциялардың қатарында. Расында, қандай да бір шет тілді жетік меңгеру арқылы сіз өз өміріңізге жаңа леп алып келесіз, алдыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылады. Жаңа тілді меңгеру – жаңа достармен, өмірлік көзқарасы бір адамдармен танысу және саяхаттарда өзіңізді сенімді ұстау.

Алайда, күнделікті өмірдің қарбаласынан шет тілін арнайы курстарға барып оқуға әрқайсымыздың қолымыз тие бермейді. Бұл мақалада шет тілін үйрену үшін қажетті ережелер туралы айтылады.

Мотивация табыңыз

Егер сіздің «анық шет тілін не үшін үйренемін?» деген сұраққа нақты жауап пен мақсатыңыз болмаса, онда шет тілін үйренемін деген үміт оты бекер жағылғаны. Көп жағдайда шет тілін үйренемін деген «шәкірттің» нақты мақсаттары болмай шығып жатады. Сол себепті өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Мен шет тілін не үшін үйренгім келеді?»

Шет тілін таңдау жолында сізге берер аз-кем кеңесіміз:

  • Атқарып отырған қызметіңізге қажет болатын шет тілін меңгеріңіз;
  • Өзіңіз қызығушылық танытып жүрген тілді үйреніңіз;
  • Болашақта жиі қолданатын тілді үйреніңіз;
  • Өзіңізге тиімді тілді меңгеріңіз;
  • Сіздің әр саяхатыңызды ерекше ететін тілді үйреніңіз;
  • Әлем классиктерінің шығармаларын қай тілде оқығыңыз келеді, сол тілді меңгеріңіз.

Өз мотивацияңызды нақты белгілеген жағдайда, өмірде қандай жетістіктерге жете алатыңызды көз алдыңызға елестете алатын боласыз. Тілді оқу жолының нәтижесінде неге қол жеткізетіңізді анықтап алғаннан соң, өзіңізді оқуға қинамайсыз, керісінше оқу процесі жеңіл өтеді.

Тәртіпті қатаң қадағалаңыз

Әскери қаталдық пен тәртіп тілді үйренудегі маңызды шарттардың бірі. Оқу процесімен күнделікті айналысатын болсаңыз сіздің күн тәртібіңізге тіл оқу дәрістері автоматты түрде енетін болады. Бір сөзбен айтқанда, тіл меңгеру сағаттарын сүт қосылған шайды ішумен пара-пар дәрежеге жеткізу керексіз. Бұл әдет күніне кем дегенде бір сағат уақытыңызды алу керек. Себебі жаңа ақпарат ешқашан ұмытылмайды, ол ми қабаттарының түпкіріне барып сақталып, меңгеріледі екен. Оқу процесінің бір сағаты барысында сізге сыртқы дүние кедергі келтірмеуі тиіс. Адам өзінің алдындағы оқулығымен жеке қалған жағдайда оның ойы ештеңеге бөлінбейді.

Тіл оқыту курстарына жазылыңыз

Тілді өз бетімен немесе репетитормен оқуға да болады. Бірақ тіл курстарында сіз өзіңіз сияқты пікірлестермен танысасыз. Сондай-ақ топта өзіңізден баса шапқан курстасыңыз болса, одан қалай да алға шығуға ұмтыласыз. Бәсеке қай адамды болса да жігерлендіреді ғой.

Тілдік орта табыңыз

Жас баланың өзі туған тілінде сөйлеп кетер алдында, сол тілді екі-үш жыл бойы тыңдап өседі. Осы уақыт аралығында сөз тіркестері, бөлек фразалар мен контексттер жадыда жатталады. Шет тілін үйреніп жүрген үлкендердің кішкентай балалардан айырмашылығы жоқ. Үйреніп жүрген шет тіліне қарай тілдік орта тапқан жақсы. Егер тілдік ортаға сіңісу үшін сіздің уақытыңыз тапшы болса, онда басқа амал қарастырайық: Сіз күнделікті телефоныңызға жүктелген музыканы тыңдайсыз және үйде болған кезде сериалдар мен фильмдерді көретін шығарсыз? Міне, сол музыканы және сериал-фильмдерді түпнұсқа тілінде тыңдаңыз. Көркем туындылардың түпнұсқа тілін күнделікті тыңдап жүріп, құлағыңыз бұл тілге қалай үйренгенін байқамай қаласыз. Сол тілдің сөздерімен қатар, олардың айтылуы кезінде қандай эмоциялар қолданылатынын байқайсыз. Кинофильмдерді көрумен қатар, өз-өзіңізбен күнделікті шет тілінде сөйлеуді әдетке айналдырыңыз. Мысалы, үйден шығып бара жатқанда: «мен барлық бөлмедегі жарықты өшірдім бе?» деген секілді. Көрдіңіз бе шет тіл үйрену үшін Лондонға билет алудың қажеті жоқ.

Тағы бірер кеңес

  • Шет тілінің алфавит-плакатын сатып алыңыз да, көрінетін жерге іліп қойыңыз.
  • Өз компьютеріңіздің және смартфоныңыздың «жұмыс үстеліне» алфавитті жүктеп алыңыз;
  • Смартфоныңызға шет тілін үйрететін қосымшаны жүктеңіз;
  • Шағын дәптер сатып алып, оны қасыңыздан тастамаңыз. Дәптерге жаңа меңгерген сөздерді жазудан жалықпаңыз.
  • Жаңа меңгерген сөздерді күнделікті өмірде пайдалануға тырысыңыз;
  • Таңертең сіздің есте сақтау қабілетіңіз жоғары деңгейде жұмыс жасайды. Сол мүмкіндікті жоғалтып алмау үшін күнде таңертең үйренген сөздерді ауызша-жазбаша қайталаңыз;
  • Әлеуметтік желінің пайдаланушысы шығарсыз. Шет тіліндегі түрлі қызықты аккаунттарға жазылыңыз;

«Мен өзге тілді үйрене алмаймын», «Маған қиын», «Түрлі курстарға бардым, бірақ нәтиже жоқ» деген адамдар арамызда баршылық. Психологтардың пайымдауынша, адамдың барлық кедергілері, оның өз санасында жасалған кедергілерге пара-пар болып келеді екен. Яғни, «маған шет тілі не үшін қажет?» деген сұраққа нақты жауап берсеңіз болғаны. Сіздің қолыңызды және мүмкіндігіңізді ешкім байламайды. Тіл үйрену процесін алдымыздағы дүйсенбі күніне, оқу жылының басы – қыркүйек айына немесе жаңа жылдың басы қаңтар айына қалдырмаңыз. Адам санасының шексіз мүмкіндіктерін дәл қазір пайдаланыңыз! Шет тілін үйренуде жетер жетістігіңіз мол болсын, оқырман!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button