Жаңалық

Ер қанаты - ат

Ағымдағы жылдың, 14-ші қаңтар мен 13-ші ақпан аралығында Баянауыл ауданы көлемінде аталған мақала аясында атқа міну мәдениеті бойынша “Жылқы – малдың патшасы” атты эстафета жарияланды.

Атам заманда қолға үйретіліп, адамзат баласының қажетіне жаратқан жылқы түлігі көшпенділердің ең қасиетті, ең қадірлі малы. Көшпенділерді жылқы малынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғымдай қосарланып айтылған. Тіпті көшпенділер қауымын «аттылар әулеті» деп те бекерден бекер айта салмаса керек. Өйткені, ұланғайыр даланың, ұлан байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады.

Халқымыздың ортақ тарихын танытқан бағдарламалық құжат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Мемлекет басшысы ұлт тарихындағы кеңістік пен уақытты сараптай келе,

атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия, «Аң стилі» өнері, Алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны атты Ұлы даланың жеті қырына ерекше тоқталды. «Рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы ретінде жарық көрген Мемлекет басшысының бұл жаңа еңбегінде атқа міну мәдениеті біздің отанымыздан басталғанын атап өткен болатын.

Ағымдағы жылдың, 14-ші қаңтар мен 13-ші ақпан аралығында Баянауыл ауданы көлемінде аталған мақала аясында Атқа міну мәдениеті бойынша “Жылқы – малдың патшасы” атты эстафета жарияланды.

Эстафета ережесіне сәйкес, келесі тізім бойынша Баянауыл ауданына қарасты елді мекендерде жаңа құндылықтар жүйесіндегі тарихи және дүниетанымдық түп-тамырды жалғастыруды насихаттау бойынша асау үйрету, атты ерттеу және атқа міну мәдениеті тақырыбына шеберлік сағаты, ат әбзелдерімен таныстыру, атқа отыру тәсілдерін көрсету, салауатты өмір салтын дәріптеу көріністері қамтылады.

Ата – бабамыздан келе жатқан осынау салт- дәстүрді жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында аудандық ішкі саясат пен жастар орталығының жоспарына сәйкес елді мекендерде атқа міну мәдениеті эстафетасы бастау алды. Аталған шараны бастау бірінші Ақсаң ауылына бұйырды. Осы мақсатта ауыл тұрғындары атқа мінуді, асау үйретуді, жабағы жарыстың қыр-сырын көрсетіп өнерлерін ортаға салды. Салт дәстүрді құрметтеп, келешек ұрпаққа жеткізу әрқайссымыздың басты міндетіміз, дейді ұйымдастырушылары.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button