Жаңалық

Ұяда көргенін ұшқанда ілді

Ақтөбелік Жансерік Сүйінбаев батырлар жырын тыңдауға болатын қосымша жасады

  –  Үйдің тұңғышы болғандықтан ата-әжемнің қолында өстім. Кішкентайымнан атам халық ауыз әдебиетіне деген қызығушылығымды оятты. Қобыланды батыр, Қыз Жібек  эпостарын атамның айналмалы үстелі проигрывательден тыңдап отырған сәттерім әлі есімде. Қазіргі заманда қоғамымызда жаппай батысқа еліктеушілік орын алып отыр. Туылған сәбиден бастап, ересектер мен үлкендердің өзі тәлім-тәрбиеге жұрдай, ойдан шығарылған кейіпкерлерге табынуда. Менің ойымша, олардың орнына тарихта болған қазақтың батырларынан үлгі алып өскен дұрыс. Ел боламын десең бесігіңді түзе демекші, болашақ ұрпақтың ұлтжанды болуына әрқайсысымыз өз септігімізді тигізуіміз қажет. Менің мамандығым программист-разработчик, мобильдік қосымшалар жазумен айналысамын. Сондықтан, QazEpos деп аталатын мобильдік қосымша шығардым.

Жансерік Сүйінбаевтың айтуынша, QazEpos қосымшасы арқылы смартфонда қазақ халқының батырлар жырларын тыңдауға болады. Қазақ халқының эпостары аудио нұсқада тек күйтабақта жазылған екен. Оған қоса, көп жыр жоғалған көрінеді. Ол қосымшаны жасап шығару үшін 2 жылдай уақыт еңбектенгенін айтады. Оның ішінде, бір жылы эпостардың авторлық құқыққа ие компания өкілдерімен келісім жасасуға кеткен.

Бұл қосымшада қазақ ауыз-әдебиетінің керемет мол мұрасы – эпостарда ұсынылған. Кеңес үкіметінде Мелодия фирмасының негізінде күйтабақтарға жазылған электрондық эпостардың бар-жоғы 11 дана. Күйтабақтарды жеке жарнамалардан іздеп жүріп сатып алыдым. Олар ескі болғандықтан кейбірі цифрлауға жарамады. Сондықтан, Ресейдегі Мелодия фирмасымен хабарласып түпнұсқаларын цифрлы түрде алдырдым. Күйтабақтар заң бойынша солардың меншігі болғандықтан келісімшартқа отыруға тура келді. Қосымшада орындаушылардың құқығы “ҚазАҚ” авторлық қоғамы арқылы қорғалынған.

Қазіргі уақытта QazEpos қосымшасында Қобыланды батыр, Қыз Жібек, Мұңлық-Зарлық, Алпамыс батыр, Айман-Шолпан, Қарасай Қази батырлық дастаны, Қамбар батыр, Әли батыр, Қабанбай батыр, Нар қыз, Асау Барақ эпостық жырлары бар.

-Әзірге QazEpos қосымшасын тек App Store-дан iOS мобильдік смартфондарына жүктеуге болады. Менің бағытым тек iOS опеарциялық жүйесіне негізделген. Android операциялық жүйесіне бейімдеймін деуші программисттер табылып жатырса барлық материалдар мен техникалық құжаттарды беруге дайынмын, ия болмаса 3-4 айдың ішінде шығаруға тырысамын. Білуімше, тек эпикалық жыр-дастандардың халық арасында таралған саны 300-ге жуық, осының ішінде жарық көргендері қырыққа да жетпейді. Болашақта жарыққа шықпағандарын да қосымшаға енгізу жоспарда бар.

Әр халықтың батырлық жыры ең алдымен сол халықтың басынан кешірген сан қилы тарихи оқиғалармен тікелей байланысты. Бұлардың барлығы да ел тарихына, жер тарихына, ғасырлар бойы қазақ даласында қоныс тепкендердің рухани дүниесіне үңіліп, елінің, жерінің тарихынан хабардар болғысы келетіндер үшін ой саларлық жырлар. Эпостық жырлардан біз қазақ халқының тағдыр — талайын, тарихи және көркем ойлау ерекшеліктерін, сонымен қатар рухани — интеллектуалдық деңгейін де байқаймыз. Эпос-мәдени құбылыс. Бірақ оның арқауында нақты бір ру, тайпалардың этникалық тарихы жатады. Осы белгісі мәдениеттің де белгілі дәрежеде этникалық қызмет атқаратынын байқатады.

 Автор бұл жобаны әлеуметтік мақсаттарды көздеп жасағанын айтты. Дегенмен, қосымшадағы эпостарды толықтай тыңдау үшін оны сатып алу қажет. Бағасы шамамен 400 теңгені құрайды.          Жансерік Сүйінбаев қосымша не үшін толықтай тегін емес екенін түсіндірді. “Қосымшаның заңды түрде шығуын қалап, эпостағы жырларды орындаған және оқыған адамдарға және Кеңес үкіметінде осыларды шығарған “Мелодия” дыбыс жазу студиясының құқықтарын бұзбау үшін, оларға төлемақыларын беру мақсатында қосымшаны толықтай пайдалану ақылы түрде жүзеге асады. Эпостарды толықтай тыңдау үшін қолданушы ең арзан бағамен оларды сатып алуы керек”, – дейді бағдарлама жасаушы.

Қазақ эпостану ғылымында батырлық жырлардың табиғатына байланысты зерттеулер, ғьлыми-ізденістер аз болған жоқ. Эпостық мұрамыздың жиналып, жарияланып зерттелуі Ш. Уәлиханов, Ә. Диваев, Г. Потанин, В. Радлов, Ә. Бөкейханов, М. Әуезов еңбектерінен бастау алып, одан бергі кезеңде түрлі танымдық белестерге көтеріліп келеді.

Қазақ эпосының құнды белгілерінің бірі — әлеуметтік сана. Оның қызметі аға буын тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізуінде. Эпостық жырлардың бізге этникалық болмысында жетуі осы әлеуметтік естелік жемісі. Ол кейінгі қоғамдық өзгерістерді әп- сәтте қабылдай қоймайтын. Өзінің алғашқы болмысына берік құбылыс. Сол себепті Жансерік Сүйінбаевтың халқымыздың рухани жаңғыруына өзінше қосып жүрген үлесі орасан десек артық айтпаймыз.

Айнұр Нұрманғалиева, RUH.KZ

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button