Жаңалық

«ЖӘПЕК БАТЫР» КІТАБЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Қазақ тауарихын парақтап отырғанда, небір ел бастаған көсем, сөз бастаған шешеннің, қол бастаған батырдың есімдері ұшырасып жатады. Оның біразы әмбе жұртқа аян болғанымен, әлі күнге дейін жетеріне жеткізіп зерттелмей жатқаны қаншама. Сол ірі тұлғаларымыздың тарихи бейнесін айқындап, олардың ерлігі мен даналығын көпке танытып, келешекке үлгі ету бүгінгі күннің мұратына айналды.

Абыз тарихқа сенсек, етігімен су кешіп жүріп бекзадасын хан көтерген ағаш уықты, киіз туырлықты қазақтың ел қорғаған батыры аз болмаған екен. Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш демекші, қара қазан, сары бала қамы үшін найза ұстап жауға шабатын да, ала тайдай бүлінгенді ала таудай хан алдында бітістіретін де сол батырлар еді. Кешегі тесік қалқанға құзғын ұялатқан кеңестік заманда біразының аты аталмай, ерлігі еленбей, еңбегі ескерілмей келсе де, есімі ел жадынан өшкен емес. Қазақ боранға бесігін тербетсе де, ерлердің есімін ұмытпайды екен. Қайта сол Ұлы Даланың бөрі рухты, жолбарыс жүректі баһадүрлері бүгінгі ұрпақ үшін қайсарлық пен ерліктің, бекзадалық пен мәрттіктің эталонына айналып жатқандай. Бүгін ғана Көкшетауда сол ғиззатлы бабаларымыздың бірі Жәпек батырдың тарихи тұлғасы хақында сүбелі жинақтың жарыққа шығып, тұсаукесерінің өтіп жатқаны – осының бір іспеті.

Бар өмірін жорық жолында өткізген Жәпек батырдың тарихи тұлғасы көп жағдайда Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай сынды түмен бастаған батырлардың көлеңкесінде қалып қойып жатқанмен, ол – Абылайдың жасақтағы сары тіс сарбазы ғана емес, сын сағатта ханның жанынан табыла білген арқасүйері, қалмақты қуып, шүршітті қасқырқамауға салған ірі шайқастарда ел мерейін арттырған терлігі кеппес тектілердің бірі.

Баһадүр бабамыздың ерлігін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында биыл Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты  Нұртас Ахатұлының игі бастамасымен батырдың тарихи тұлғасына арналған көлемді жинақ жарық көрді, ал бүгін сол кітаптың тұсаукесеріне қатысудың сәті туды. Айтулы шараға «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Еуропа Ғылым академиясының мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жәпек батырдың ұрпағы Абай Байгенжин, «Жібек жолы» баспа үйінің президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, ақын Бақытжан Қанапиянов, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының медициналық қызмет және ғылым жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының докторы Темірлан Карибеков, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» акционерлік қоғамының атқарушы директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Болат Көпенов, Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Армиял Әбілқайырұлы, Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының құрметті азаматы Елемес Қалиев, «Жібек жолы» баспа үйінің атқарушы директоры, Жәпек батырдың ұрпағы Гүлнар Қанапиянова арнайы келіп қатысты.

Тұсаукесерге арнайы келген ақын Бақытжан Мұсаханұлымен бірге аты мәшһүр жазушы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Қажыбаев Төлеген, Қазақстан халқы Ақмолалық ассамблеясы жанындағы Облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы  Ғосман Төлеғұлұлы кітаптың тұсауын кесті. Аталмыш руханият кеші ән-күймен жалғасып, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттері көкшетаулық талантты ақын Қуаныш Оспанның «Жәпек батыр» тарихи дастанынан үзінді оқып, көпшілікті сүйсіндіріп қойды.

Біз осылай түскен жерін байрам қып, шапқан жерін ойран қып, ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған ерлердің есімі ұмыт қалмайтынына тағы бір куә болдық. Кешегі еліне ыстықта сая, суықта пана бола білген дулығалы батырлардың ерлігі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген бастамалардың арқасында бүгінгі күні қазақ руханиятының темірқазығына айналып отырғаны көңілге қуаныш сыйлайды. Біздің «рухани жаңғыру» деп жүргеніміз осы емес пе екен?!

Серғазы ҚАЙЫРБОЛДЫ,

Көкшетау қаласы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button