Жаңалық

ОЗАТ ОЙЛЫ ОҚУШЫ

Әдебиет, ғылым саласында жүргендіктен, еліміздің әдеби-мәдени, ғылыми өмірін бақылап, ел ішіндегі жаңалықтарға елеңдеп жүреміз. Бірнеше күн бұрын Алматы қаласы, Медеу ауданындағы № 33 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Айтен Бексұлтан есімді жас өреннің ауыз толтырып айтар жетістігі жайында естіп, қуанып қалдық.

Бексұлтан – мектебінің мерейі, сыныбының мақтаны. Мектепішілік түрлі іс-шаралардың басы-қасында осы бала жүреді. Өзі – қағілез, елгезек. Дүниенің сырын, беймәлім табиғаттың құпиясын білуге ұмтылап-ақ тұрады. Спортқа да епті. Өнерге де бір табан жақын. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген осы.

Біздің кейіпкер физика пәнін сүйіп оқиды. Жаратылыстану ғылымына деген сүйіспеншілігі соншалық, болашағын аталмыш саламен тығыз байланыстыруды ниет етіп отыр екен. Бүгінгі таңда Бексұлтан батырдың жетістік қоржынында түрлі халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдесі бар. Солардың ішіндегі ең айрықшасы –  республикалық  Х Фараби оқулары байқауынан «иллюстрация, баспагер» аталымы негізінде  ІІІ орын, «физика» пәні бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауында II  орын алыпты. Нанотехнологиялық ғылыми жобалар байқауына қатысқан жас зерттеуші дауыспен басқарылатын смартмашина жасап, өзінің цифрлы технологияға икемі бар екенін көрсетіп, қатысушылардың арасынан озат ойымен дара шығыпты. Мектеп қабырғасында осындай білім-білігімен танылған жас үміттің иек астындағы ертеңі нұрлы, жарқын болады деп сенеміз. Қазақтың үмітті бір баласы заманауи техниканың құлағынан ұстап, жалына жабысса, күні ертең-ақ «Made in Kazakhstan» деген ұлттық бренд аясында тың дүние ойлап табуы мүмкін емес пе. Ендеше, зерек баланың қадамы нық, арманы айқын, мақсаты берік болсын деп тілейік!

Бексұлтандай алғыр баланың бойындағы қабілетін байқап, талантын шыңдауына зор мүмкіндік беріп, бағыт-бағдар көрсеткен аяулы ұстаздарының қамқорлығына дән риза болдық. Біз, бұл ретте Фатима Бердібайқызы, Марика Мәжитқызы, Сәулем Сағиқызы сынды мектептің жоғары санатты, ұлағатты ұстаздарына  айтар алғысымыз шексіз. Жалпы Назгүл Алдабергенқызы басқарып отырған бұл мектеп-лицейде Бексұлтандай жанып тұрған шамшырақтар өте көп. Бұлар болашақ та Елбасымыз атап көрсеткен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» деген құрметті мәртебені иеленіп, дүйім жұртқа танылар жас балғындарымыз ғой…

«Ұша білген қанатқа дүние кең» деген дана халқымыздың аталы сөз бар. Бексұлтан батыр, сен – егемен, азат Қазақ елінің еркіндік таңы атқан шағында дүние есігін ашқан тәуелсіздіктің жемісің! Сен – ата-бабаң аңсаған мына мамыражай бейбіт елдің бостандық бесігінде тербелген сары ауыз балапанысың! Сен – озат та, дарын оқушысың! Сенің келешегіңе кемел білім, көкжиегі шексіз дүниетаным, ұлттық мінез керек-ақ, сол үшін бүгіннен бастап өзіңді-өзің қамшылап, жетілдіру, дамыту үшін еңбектеніп, әр сәтіңді тиімді пайдаланып, еліміздің қасиетті де, қадірлі көк байрағын еңкейтпей, намысты додаларда биіктен көрсете бер, айналайын!

Елдос ТОҚТАРБАЙ, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button