Жаңалық

Өнерге арналған күндер

Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өнер онкүндігі салтанатты түрде бастау алды. Жастар жылы аясында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде құралған онкүндіктің барлық іс-шаралары оқушылар мен ұжымды тек қана өнерге ғана баулып қоймай, сондай-ақ ұлттық тәлім-тәрбиеге бағыттайды дейді өнер мұғалімдері.

«Қазақтың 100 әні» жобасының негізінде «Сазды әуендер» атты қазақ әндерінің байқауы, «Ұлы даланың жеті қыры» суреттер байқаулары өткізіледі деп жоспарланған.

– Онкүндіктің алғашқы күнінен бастап, барлық оқушылар мен ұстаздар арасында акция ұйымдастырылды, оның мақсаты – жастар жылы логотипінен алынған белгілер онкүндік төсбелгілерінде бейнеленіп, барлығына таратылды. Ашылу салтанаты да ерекше әсер қалдырды, өнерлі қыздардың мыңбұралған билері, әр бір қатысушының қолындағы ұйымдастырушылардың өз қолдарымен жасалған түрлі-түсті жолақтар, іс-шараны одан әрі әрлендіре түскендей, – дейді оқушы Азалия Магзыумова.

Азалия ән өнеріне жақын болғандықтан, бұл апталықты асыға күткенін айтады. өз басы «Қазақтың 100 әні» жобасының негізінде «Сазды әуендер» атты қазақ әндерінің байқауында өнер көрсетпекші.

Онкүндіктің алғашқы күнінде ақ «Ұлы дала есімдері» атты портреттер көрмесінің презентациясы ұйымдастырылды. Онда еліміздің атақты тұлғалары – Абай Құнанбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шоқан Уалиханов, Мәншүк Мәметова т.б. портреттерін оқушылар салып, әрқайсысының өмірдеректері мен елімізге қосқан үлестері жайлы баяндаған еді.

– Біз елі мен жері үшін тер төккен даналарды әрдайым мақтан тұтамыз, – дейді 10 «Е» сынып оқушысы Альтаир Тұяқбаев. – Олардың есімдері тарих беттерінде мәңгі сақталатыны айқын және кейінгі ұрпақ осындай жандардан үлгі алады. Мен өзім Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасып, елі үшін жанын пида еткен қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың портретін салдым. Батыр қыздың бейнесі жарқын болып есте қалуы үшін аралас техника қолданылды.

Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» киіз үйінің салтанатты ашылуында оқушылар халқымыздың салт-дәстүрлері мен мәдениетін тілге тиек етті.

28 ақпанға дейін оқушылар, мектеп ұжымы түрлі сайыстар, көрмелер, қылқалам шеберлерінің байқаулары мен іс-шараларына қатысатын болады. Мысалы, «Қол өнер белестері» атты сәндік қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесінде оқушылар өз қолдарымен заманауи әшекей бұйымдарды жасап шығарса, «Заманауи әуендер…» атты вокалды-аспаптық ансамбль концертінде өздерінің әншілік, музыкалық қабілеттерін көрсетпек. Сондай-ақ мектептегі түрлі өнер үйірмелерінің шеберлік сағаттары жоспарланған. Осы шаралардың барлығы Жастар жылы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізіне бағытталады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button