Жаңалық

МЕНІҢ ЖЕТІСУЫМ (Шалқыма)

«Ақ сәлделі Алатау төсінен төнген, кең төсінде Балқашы жалтыраған, омырауында Ілесі аққан, шіркін Жетісуым,шынында, жер жәннаты ғой!» деген еді Еңбек ері, атақты Нұрмолда Алдабергенов. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кіндік қаны тамған қасиетті жерұйық мекен еске түскенде жүрегіңді шымырлатып, сағынышыңның сазын арттыра түседі екен.Мемлекет басшысы атап көрсеткен “Қасиетті Қазақстан” деген ауқымды жобаның бір тармағы осы топырақтың киелігінде еді… Сонымен, жүрек сазына көңіл бөлсек:

Жетісуым, саған деген сағынышым алабөтен. Сені үнемі сағынып жүремін.Тау баласы емеспін бе? Тау дейтіндей тауы жоқ, құмлы, сазды Сарыарқадан өзіңді сағынып, қу тірліктен мезі болған шағымда өзіңе жетуге асығамын.Пойызға отырғаннан-ақ, тауды бетке аламын, Алматы-1 теміржол бекетінен түсе салып, көкірегімді ашып, демаламын. Асқақ Алатауға ұзақ қарап тұрамын. Тау баласы тауды сағынады. Тауға қарап бой түзейді. Тау дегеніңіз – өрлігің, асқақтығың екен ау! Жаным кірленіп, арым тапталып қалған кездерімде жиі тауды еске аламын. Тау халқы тауды түсінеді. Мен – таулықпын!

Жетісуым, менің саған деген алай-дүлей сағынышым кеудемде жеті өзеніңдей тасып, толып жатады. Менің сағынышыма жеті өзеніңнің толқыны саз қосып, одан сайын үдете түсіреді. Менің балалығымның куәсі – өзің емес пе ең…Құмыңа аунап, топырағыңда тебіреніп, жайлауыңда жортып, жар басында көйлек желпіп, көбелек қуып өскендігімнен болар, саған деген махаббатым һәм сағынышым ерекше!

Жазиралы атамекенім, менің сонау түп аталарым өзіңнің қойнауыңда дүниеге келіп, өзіңнің қойнауыңнан мәңгілік орынын сайлады емес пе? Менің ата-бабаларымның кіндік қаны тамған жер болғандықтан, сені өзімнің қарашаңырағым,ошағым деп түсінемін.

Көксудың арнасында дүниеге келіп, Ақсудың төскейінде өсіп-өніп, Арасанның баурайында ержеттім. Қапалдың биігінен шыңға көтеріліп келемін. Мен бүгін қандай бір биікті бағындырсам, сол биікке шығуды өзіңнен бастадым емес пе?!

Уа, дәриға, атамекен, ақ мекен! Сарыарқада жүрген балаңның жұдырықтай жүрегі аттай тулап, көзінен ыстық тамшы жиі сорғалайды. Неге деймісің? Ой, айналайын, жарқыным-ау, ит тойған жеріне, адам туған жеріне дегенді білетін боларсың, міне, сол туған жер дегенің сағындырады ау… Әсем – Алматы, жасыл желек – Талдықорған, паң – Алатау, кірпияз – Көктөбе дегеніңіз – менің балалығым өткен жер емес пе?

Беу, Жетісу! Сенің көркемдігіңді, сұлулығыңды, пәктігіңді, әсемдігіңді, сырбаздығыңды, асқақтығыңды кескіндеуге менің шамам келмейді. Өйткені: сен Құдай Тағаланың әмірімен өр қазаққа, ер қазаққа берілген тартусың. Сен – Тәңірінің сыйысың! Құдіреті күшті Жаратқан Ием, сенің сайын далаңа Шарын шатқалын, Түрген құпиясын, Хан Тәңірін, Жоңғар Алатауын, иірілген Ілесін, Алакөл мен Балқашын,Көлсайын берген. Сенің қадіріңді білмей жүрсек кеше гөр!..

Ойхой, Жетісуым! Мен қаршадайымнан қабағын қар басқан Жоңғар Алатауы, Сұлу шоқы, Желдіқарағай, Амантекше, Салқынбел, Баянжүрегіңді аралап, сұлулығыңа, сөз жетпес көркемдігіңе ғашық болып өстім ғой… Не деген керемет ең! Бүйен жағасындағы жалбызды иіскеп, Қапал бөктеріндегі хош иісті жусан мен  бәйшешегіңді теріп, белуардан келетін майса шөбіңді кешіп, жеті өзеніңе де шомылып өскенім есімнен кетер деймісің? Жо-жооқ, мүмкін емес!

Хош,Жерұйық! Жеті ықылым заманнан қоныс тепкен байырғы елім, асыл далам, жаһұт далам, ұлан далам, жазиралы далам,өзендермен өрнектелген далам – сен менің бақытымсың!

Шіркін,Жетісуым! Өзіңмен өткен балалық шағым – бал тұнған кезеңім, балдәуренім қайта айналып келер ме екен?! Ғайыптан ғайып болып, дүниеге екінші рет келсем де, өзіңнің қойнауыңда туылар ем… Шіркін ай, Қараталың, Ілең, Үш қоңырың, Талғарың, Алмалың һәм Шарын, Көлсай, Айғайқұм, Алтынемел қандай тұнып тұрған сурет десеңші! Қылқалам бояуының түсі жетпес, ақынның сөзі мен теңеуі, жазушының шұрайлы тілі де сенің болмыс-бітіміңді суреттеп, бейнелеп тауыса алмас.

Жерұйығым – Жетісу, Сенің бір уыс топырағың, саф алтыннан қымбат маған. Сенің әрбір тасың, сайын далаң, ұшқан құсың, өскен гүлің, бауырыңда жортқан жан-жануарың, бәрі-бәрі – менің кішкентай жүрегіме үлкен махаббат сыйлады. Туған жердің қадірін, жыраққа шыққанда ұғындым.

Ән-Жетісу, Сен менің – музаммысың? Лирикамсың! Сен – менің әлі жазылмаған әнімсің.

Мен Сені сағындым ғой, Жетісуым!

(Басы. Жалғасы бар…) 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button