Жаңалық

ЗЕЙНЕТКЕР СӘКЕН АТЫНДАҒЫ СТИПЕНДИЯ ТАҒАЙЫНДАДЫ

Ұлт зиялысы Сәкен Сейфуллин опат болған күні еліміздің бас қаласында қайраткерді еске алуға арналған бірқатар тағылымды шаралар өткізілді. Соның бір көрінісі – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агратехникалық университетінде өткен шара. Іс-шараның басты мақсаты –   Сәкен Сейфуллин атындағы шәкіртақыны тағайындау.

Аталмыш жиынға еліміздің белді драматургы, актер және ақын Қанат Жүнісов, С.Сейфуллиннің нағашы қарындасы Әбіш Асылгүл және сәкентанушы-ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлназия Ибраева қатысты.

Кездесу барысында Асылгүл Рахымжанқызы Сәкен Сейфуллиннің поэзиясында ерекше орын алатын туындылары «Тау ішінде», «Ақсақ киік» шығармаларын студенттерге оқып берді. Ал, Қанат Жүнісов «Сәкеннің Сталинге хат жазғаны рас па?» деген мақаласына тоқталып өтті. Кеш соңында университеттің оқу озаты, көпбалалы отбасынан шыққан студент Ерболов Диас Ерболұлына «Сәкен Сейфуллин атындағы стипендия» тағайындалды. Бұл стипендияның ұйымдастырушы және тағайындаушы – Асылгүл Әбіш апамыз. Зейнеткер Асылгүл апа енді өзінің ай сайынғы алатын зейнетақысын Ерболов Диастың атына ашылған есепшотқа аударады.

Міне, өсер елдің зиялы ұрпағы осындай болмақ! Егер, әр қазақ баласы осы Асылгүл апамыздай қайырымды, мейірім болып, даңқты атасын құрметтеп, рухына дұға қылып, бүгінгідей игі істі қолға алса, қара қазақ өкілі пәтерден пәтерге көшіп, жұпыны өмір кешер ме еді. Адамның жақсылығы да, сұлулығы да істеген ісінде емес пе! Есепшотында миллиондаған ақша жатқан, тек өзінің қара басының қамын күйттеген қалталыларға қарағанда, әр күнін «шүкір»  деп өткізетін қарапайым еңбек адамдарының жақсы ісіне қарап, сүйсініп қалады екенсің…

Асылдың тұяғы, жақсының көзі Асылгүл Рахымжанқызының қайраткер ақын атындағы шәкіртақыны тағайындау себебін редакция тілшілеріне берген сұхбатынан оқи аласыздар.

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button