Жаңалық

Қазаншының еркі бар...

“Бір мақалдың (мәтелдің) мәні” айдары бойынша, “Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса” атты мәтелдің мәніне ой жүгірткен едік. Осы ұмтылыс аясына қазанға байланысты ұғымдар мен түсініктерді жинақтап жадымызда жаңғыртуды да мақсат еттік. Алып-қосар, артық кеткен, кем қалған тұстары болса, толықтырушы, демеуші өзіңіз – оқырман.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған», – деп атап көрсетілен болатын. Расымен де үзеңгі, шалбар, ауыздық сияқты күнделікті қарапайым бұйымдарды ойлап табу үшін қаншама ғасырлар, тіпті мыңжылдықтар кеткені – тарихтың құпиясы. Бірақ бұларды адамзат өркениетінде алғаш қолданысқа енгізген – Ұлы дала тұрғындары, біздің бағзы бабаларымыз.

Ұлы дала – әлемдегі ежелгі металлургияның жетекші орталықтарының бірі болғандықтан, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгерткенін атап өте келе: «Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді», – делінген, мақалада.

https://adebiportal.kz/upload/1/2019/02/19/88b62bd211cf9be72f20b4524c091fec.jpg” />

Түркістандағы тайқазан (фотосурет ғаламтордан алынды)

Төл тарихымыздың түпкі қатпарларына бойлауға мүмкіндік беретін металлургиялық жәдігерліктердің бірі – қазан. Қазан – Ұлы дала тұрғындарының ежелден бері кеңінен қолданыстағы ыдыс. Бұдан 25 ғасыр бұрын грек тарихшысы Геродот сақ патшасы Арианттың қазаны туралы жазады. Қазанның көлемін былай деп сипаттайды: «Бұған 600 амфор (5-50 литрлік қос құлақты қыш құмыра) еркін сыйып кетеді. Ал бұл сақ ыдысының қалыңдығы алты елі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша ол садақтың жебесінен жасалған. Ариант атты сақ патшасы сақтардың санын білгісі келген. Сөйтіп ол барлық сақтарға бір-бір жебеден алып келмесе басы алынатындығын жариялайды. Сақ жауынгерлері әкелген жебелерден мыс қазан жасап, Эксампейге қоюды бұйырады. Сөйтіп ол өз қол астындағы жауынгерлердің сан-мөлшері туралы мәлімет алған екен. Ресейлік математик ғалым А.Н.Щегловтың есептеуінше, бұл қазанды жасау үшін 3,5-15 миллион дана жебе қажет. Қазанға 12-20 тонна су сыяды. Биіктігі 4-9,5 м, салмағы 7-46 тонна болуы керек екен.

Бұл арада қазан – бірлік пен көптіктің, айбындылықтың нышаны болып тұр. Демек, қазан – мыңдаған жылдар бойы Ұлы дала халқымен бірге жасасып келе жатқан, атрибуттық мәнге ие киелі ыдыс. Қазақ түсінігіндегі қазан және оған қатысты айтылымдық қолданыстар, ырымдар мен тыйымдар, этнографиялық сипаттар жайында аз-кем қарастыруды жөн көрдік және мұның өзі ұлттық жадымызды рухани жаңғыртуға бағытталған ұмтылыс деп көрдік.

«Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дейді қазақ мәтелі. Бұл – қандай бір жаңа бұйым жасаушы немесе рухани өнім тудырушы адамның қай детальді қалай орналастыруды таңдаудағы еркі өзінде деген мағынаны білдіреді. Және де «қолында билігі бар адам қандай шешім шығарса да, өз еркі» дегенді де тұспалдайды.

Мәтелдің шығуына болашақ әзірленетін қазанды неше құлақты етіп жасау – құймашы шебердің өз еркінде деген ұғым негіз болған. Әдетте, қазандар екі, төрт құлақты немесе құлақсыз жайдақ ернеулі болатынын білеміз.

Қолданыстық мақсатына қарай күнделікті тұрмыстық, діни, салттық рәсімдерге арналған қазандар деп бөлуге болады және көлемі, металы да осы мақсаттан туындайды. Мысалы, салмағы екі, сыйымдылығы үш тонналық Түркістандағы тайқазан – діни рәсімдерге арналған.

Қазан – күнделікті тұрмыста ас пісіруге ең көп қолданылатын ыдыс. Қазанда сүт, бауырсақ пісіріледі, ет асылады, қуырдақ қуырылады, құрт, шай қайнатылады.

Түсіне қарай қара қазан, ақ қазан сияқты аталуының өзі оның қандай металдан жасалуына байланысты. Қазан көбінесе шойыннан, қоладан, темірден, мыстан, алюминийден т.б. металдардан жасалады.

Бірер литрлік шағын қазаншадан бастап, бірнеше тоннаға дейін сыйымдылығына қарай қазанды ас қазан, жорық қазан, тегене қазан, тайқазан т.б. түрге бөліп атайды.

Пішініне байланысты шұңғыл қазан, жайпақ қазан т.б. бөлінеді. Қазан деген сөздің түпкі шығу тегі «қазу» етістігімен байланысты екендігі анық. Қазанның кей жерлерде «қазған» аталуы мен «қазаншұңқыр» ұғымының өзі осыны меңзейді.

Қазақ, жалпы түркі халықтары өміріндегі қазан культі есте жоқ есті заманнан бері қалыптасқанын «Ер Төстік» ертегісінен аңғарамыз. Жер асты еліндегі Темір ханның ернеуі қырық құлаш қазаны көл түбінен алып шығу шарты қойылғанда, су түбіне сүңгіген Шалқұйрық тұлпар қазанды ес кетіп жан шыққанда әупірімдеп әрең тауып алып шықпайтын ба еді?

Қазан жасайтын шебер ұстаны «құймашы», «қазаншы» деумен қатар, бұл сөзді қазанды пайдаланып ас әзірлейтін адамға қаратып та қолдана береді.

https://adebiportal.kz/upload/1/2019/02/19/fb4c1eb70730bfe47c5330517a02fd64.jpg” />

Төрт құлақты қазан (фотосурет ғаламтордан алынды)

Қазан – қазақтың тіл ұшындағы сөз. «Қазан» әдетте «ошақ» сөзімен қосақталып, «қазан-ошақ» түрінде айтылады. «Мал-жаның аман ба?» мен «Қазан-ошағың аман ба?» арасындағы айырмашылық шамалы. «Қара сиырым қарап тұр, қызыл сиырым жалап тұр» деп қазақ қазан мен отты жұмбақтаған. Қазан мен ошақтың қосақтала айтылуының өзі – бірінсіз бірінің мінсіз қызмет ете алмайтындығында жатыр. Қазан – ошаққа кигізіледі. Қазанның бүйіріне таяу мөлшерде тірелетін сирақ, бұл – темір ошақ. Темір ошақтың сирағына көлденеңінен үш-төрт жалпақ құрсау шегеленіп бекітіледі. Темір ошақ жоқ жағдайда қазанды тас ошаққа да орната береді.

Қазақ асүйінде қазанның орны ежелден анық белгіленген. Киіз үйдің ыдыс-аяқ, азық-түлік тұратын және ас қамдайтын бөлігін қазан жақ, оған қарама-қарсы бөлікті оң жақ деп атайды. Қазандық немесе қазанаспа – отырықты жерде қазанды орнатып ас пісіруге арналған пеш.

Қазанның міндетті құрамдас бөлігінің бірі – қақпақ. Қақпақ тот баспайтын қаңылтырдан немесе жұқа, жеңіл ағаштан жасалуы мүмкін. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», – деп қазақ ынсапсыздықты тұспалдаған.

Қазанның Еуразия төсіндегі барша халықтар, соның ішінде түркілер үшін ерекше қасиетті мәнге ие екендігіне мысал көп-ақ. Ежелгі бұлғарлардың тұқымы, кешегі Алтын Орданың жұрнағы Қазан хандығы – бүгінгі Татарстанның астанасы. Бұдан өзге де «қазан» атауына қатысты қаншама елді мекен, жер-су атаулары бар. Қазан – ырыс пен құттың, молшылық пен берекенің, меймандостықтың, шат-шадыман, мамыражайлықтың басты нышаны.

…Пышақтан малым кетпесе,

Қазаным оттан түспесе.

Ауылдан топыр үзілмей,

Ошақтың оты өшпесе…, –

дейтін кешегі хандық дәуірдің дауылпазы Ақтамберді жырау толғауынан қонақжай да думаншыл, қазанынан ас кетпеуді тілейтін ер қазақтың даладай дархан пейілін көретініміз анық қой.

Қазан – талай мәрте аласапыран жаугершілік замандарда ұрпақты аман сақтау жолындағы ақырғы үмітін паналатар көзтаса болған. Бүтіндей бір әулет түгелдей жау қылышына туралып, найзасына шаншылар ажал қаупі анық төнгенде талай жанкешті аналар жандәрмен жас ұрпағын төңкерген қазанның астына тығып үлгерген екен. Сол төңкерілген қазанның астында жатып тірі қалған жалғыз ұлдан өрбіп қанат жайған қаншама әулет, ру, тайпалар жайлы аңыздар ауызша шежіремізде жетіп артылмай ма!

Қазан төңкеру демекші, төңкерілген қазан – қазақ үшін жаман ырым. Біріншіден, жау келгенде жан сақтау үшін төңкеріледі. Екіншіден, түрлі себеппен бір әулет немесе отбасының адамдары түгелдей өмірден өтіп оты сөнер болса, көршілер ырымдап ол қазанды алып пайдаланбаған. Қазанды зиратқа төңкерген. «Қазаны төңкерілді» – тұқымы құрыды дегенді білдіреді.

Қазан-ошағының амандығы жолында қазақ ерлері қашанда басын бәйгеге тігіп, қатерге қасқайып қарсы тұрған.

Исатайдың барында,

Қара қазан, сары бала

Қамы үшін қылыш сермедік, –

деп патша билігіне, ел ішіндегі озбырларға қарсы атой салған ерлердің бірі – кешегі Махамбет еді ғой.

Қазан – жеке түтін иесі ретінде отағасы мен отанасы атанудың нышаны. Үйленген соң оң жақта бірге тұрып жатқан ұл мен келінді жеке отау етіп шығаруды қазақ «қазан-ошағын бөлектеу» деп ишаралайды. Сондағы берілетін басты үй мүлкі – қазан. Сондықтан да қазақ «азансыз молда болса да, қазансыз қатын болмайды» деген.

Үй болып жеке шыққанда ата-ананың берген қазаны – жас отбасы үшін әкеден ұлға, енеден келінге табысталатын ең қадірлі мұра. Қазанда отбасының, әулеттің ырысы мен құты тұратындықтан оны жоғалтуға, басқа біреуге сыйлап жіберуге, сындыруға болмайды. Мұны болашақта кепиет пен қырсыққа жолықтырар жаман ырымның нышаны деп білген. Ұрпақтан ұрпақ ауысып, рулы елге айналған аталастар түп бабасының қара шаңырағындағы қазантүптің қара қазанынан дәм татуды қастерлі парызы санаған. Бұл да болса қара қазанның ағайын-туысты жат болып кетуден сақтап, бірлікке шақырудағы орнын танытады. Қара шаңырақтың қазанында піскен асты сыбаға, тәбәрік ретінде алыстан арнайы келіп ырымдап алып кетіп тарататын ғұрып әлі де бар. Қазақ шаңыраққа ие болатын кенже ұлды «қазантүбім», «сіргежиярым» деп атаған.

Киіз үйді жыққанда, түйеге артып көшкенде шаңырақ пен қазанның мәртебесі анық көрінеді. Шаңырақты көсем атанға артып, қазан салынған әсем қазанқапты өркешіне іледі. Қазанқап – кереқап тәрізді, қазанның көлеміне сәйкес жасалған, өң беті оюланып, шашақталған, ілме-бүрме баулы киіз қап. Қазанқап қазанды сынып-кетілуден сақтаумен қатар, адамның үсті-басына, өзге заттарға түп күйесі мен майы жұғудан қорғайды.

Қазақ ырысы мен құты шайқалмаған, бақ-дәулеті үзілмеген байлық иесін «қазанынан қаспақ кетпеген» десе, өмірі киер киім, ішер асқа жарымай ашпа-жалап күй кешкен, шыр жұқпаған ордашарқыны «қазанына қақ тұрып көрмеген» деп нәр бітпеген кедейді айтады. «Қаспақ» демекші, қазанның қаспағын қыратын жалпақтау жүзді темір – қырғыш. Сүт пісіргенде қазанның түбінде дәмді қаспақ түзіледі. Осы қаспақты қырып жеген қыз болашақта тұрмысқа шығып, тойы өткен күні сібер жауын болмақ. Бұл – халықтың ырымы. Қазақ жат жұрттық қыз баласына қазан мұраламайды. Себебі, отбасы, әулеттің ырыс-құты қызбен бірге өзге елге ауып кетеді деп ырымдайды.

Қырғыш пен оттың, жел қаңсытқан тоттың әсерімен жылдар өте, жұқарған қазан шытынап жарылады, тесіледі, сынады. Қазақ шеберлері қазанды арнайы шегемен жамайды, дәнекерлейді. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деген сөз – өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат. Қазан тез тоттанып, қаңсымас үшін «түбі таттанып, дәмі татып кетеді» деп үнемі майлап ұстаған. «Қазанның бүтіндігі – берекенің бастауы» деп білген қазақ, ел ішілік шырық бұзар тентек-тебіздерді «қазанбұзар» атаған. Мұндай қазанбұзардың ерсі қылығына ренжіген ағайынның «өкпесі қара қазандай болуы» да заңдылық қой. «Бір атым насыбайға да өкпелейтін қазақ, бір ауыз мақтау сөзге де «бөркі қазандай болып» қуанып қалмай ма.

Қазақ қазанды ежелден бері киелі санаған. «Қазаннан аттама», «қазанды төңкерме», «төңкерген қазанды басыңа көтерме», «қазандағы қарасуды сапырма» т.б. ырым-тыйымдар осының айғағы. Қазақ ауылы аяғы ауыр әйел айы-күні жетіп толғата бастағанда «жарысқазан» ырымын жасаған. «Қазандағы ас піскенше, толғақ жиілеп, әйел тез босанады», – деп санаған. Егер толғақ ұзап, босану кешіге бастаса: «Қатын бұрын туа ма, қазан бұрын пісе ме?», – деп пышақты қазанған жанитын болған. «Жарысқазанды» кей жерлерде «қазанұшық» деп атайды. Мұнда ет емес, бидай қуырады.

Қазан – қашанда отанасының біліміндегі дүние. Еркектің міндеті – қазанға салар асты түзден қамдау. «Қатын қайраттанса, қазан қайнатады» деудің мәнісі – феодалдық патриархалды қоғамдағы қазақ әйелінің орнын білдіреді. «Қазанның құлағын ұстаған», яғни билік-мәнсабы бар адамдар отбасында арнайы қазаншы ұстаған. Қазақ еркегі, өте бір амалсыз жағдайда болмаса, үй тірлігіндегі қазан-ошаққа араласа бермеген. Мұндай араласқыш еркекті «қазанбасшы» деп ұнатпаған. Бірақ ұлы ас пен тойдағы тайқазанды пісіру – ерлердің шаруасы саналған. Қазанжаппайдың дәмін қазанның қадіріне жеткен қазақ баласы білер.

Мінеки, қазанға қатысты ұғымдардың бір парасын жадымызда жаңғыртқанда осылай болды. Бұдан өзге де қамтылмағандары қаншама. «Ұлы даланың жеті қыры» ұлттық санамыздың жаңғыруына тың серпін берері, көмескі тартқан құндылықтарымызды шаңынан аршып алуға, оны бүгінгі мен болашақтың игілігіне айналдыруға септігін тигізері анық. Болашақтан үміттіміз. «Қазан аузы жоғары…»

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button