Жаңалық

Ahmet Şahin: Атажұртымыз Қазақстан – мен үшін өте ыстық!

2016 жылдан бастап 1 – наурыз күні Қазақстанда «Алғыс айту күні» ретінде аталып келеді. Қазақстанда тұрып жатқан этнос өкілдері қарашаңырақ иесі – қазақ ұлтына алғыс айтып, ризашылықтарын білдіріп, мызғымас береке мен бейбітшілікті дәріптейді.

Осындай мамыражай мереке қарсаңында, қазіргі уақытта Астанада қызмет бабымен тұрып жатқан қаны бір, тілеуі бір түрік қандасымыз, Юнус Емре атындағы институттың қызметкері https://www.facebook.com/profile.php?id=100025906921333“>Ahmet Şahin мырзамен кездесіп, сұхбаттасып едік. Ежелгі Тұранның бақ ордасында әрі қызмет етіп, әрі қазақ жастарын, қандас бауырларын түрік тілі мен әдебиеті, мәдениетіне баулып, туысқан екі елдің арасындағы достық сабақтастықтың алтын көпірі болып жүрген ұлттық рухы биік, дүниетанымы мен көкжиегі кең, интеллектуал жас түрік азаматының жүрекжарды жылы әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.

Ruh.kz: Ахмет бей, бүгінгі мереке құтты болсын!

https://www.facebook.com/profile.php?id=100025906921333“>Ahmet Şahin: Рахмет, мен де Сіздерді осы атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Ruh.kz: Ахмет мырза, әңгімемізді түркі халықтарының тарихы, ынтымағы мен бірлігінен бастасақ…

Ahmet Şahin: Әлбетте. Түркия мен Қазақстан – ынтымағы мен бірлігі жарасқан, бір атадан тараған бауырлас ел. Біздің тарихымыз бен тіліміз бір, біздер алып бір бәйтерек ағашының бұтақтары тәріздеспіз. Түркияның халқы жалпы айтқанда, Қазақстан дегенде бауыр ел, туыс деген жақсы ойда. Қазақ елі – Түркиялықтар үшін өте ыстық. Өйткені, бұл жер – түріктердің атажұрты, алтын бесігі.

Ruh.kz: Оқырмандарымызға Юнус Емре атындағы түрік мәдениеті институтының құрылу тарихы, атқаратын қызметі мен миссиясы жайында толық ақпарат берсеңіз.

Ahmet Şahin: Юнус Эмре институты 2009 жылы Түркияда құрылды. Қазіргі күні әлемнің 56 елінде орталығы бар. Қазақстанның елордасы – Астана қаласында 2010 жылы ашылды. Ашылу мақсаты – Түркия мен Қазақстанның мәдени саладағы ынтымақтастығын дамыта отырып үлес қосу, түрік тілі мен өнерін, мәдениетін бауырлас Қазақстан халқына таныту болып табылады. Орталығымызда түрік тілін үйрететін курстары бар, курстарда Түркиядан келген 4 мұғалім дәріс береді. Сабақтарымыз күніне 2 ауысымда өтеді. Тіл курсынан басқа өнер және мәдениет саласында да орталығымыз Қазақстан көлемінде әр түрлі шаралар өткізіп тұрады. Шараларымыз Астанадан басқа Алматы, Өскемен және Түркістанда жиі өтеді.

Ruh.kz: Қазақстандағы оқытушылық қызметіңіз қалай басталды? Жалпы атажұртыңыздағы қандас ағайындарыңыз қалай қарсы алды? Қазақстанның қай қалаларында болдыңыз? Біздің еліміз туралы көзқарасыңыз қалай?

Ahmet Şahin: Астанаға алғаш рет 2015 жылдың тамыз айында келдім. Әр түрлі елдердегі Юнус Эмре орталықтарына мұғалімдерді Анкарадағы институт басшылығы жолдайды. Қазақстанға келгенде еш қиындық көрмедім. Мұның себебін былай деп айтуға да болады. Біз, қазақтар мен түріктер өте бауырмал және қонақжай елміз. Келген қонақты үнемі құшақ жая қарсы аламыз. Сондықтан келген күнімнен бастап қазірге дейін өзімді өз елімде жүргендей сезінемін.

Қазақстанның бірнеше қаласында болдым. Атап айтатын болсам, Алматы мен Түркістан, Шымкент, Бурабайда болдым. Атажұртымыз Қазақстан –  мен үшін өте ыстық! Келешегі зор, экономикасы қуатты, мәдениеті дамаған ел.

Ruh.kz: Түрік тілін үйренуге деген қазақстандықтардың қызығушылығы қалай? Осы уақыт аралығында қанша шәкіртке түрік тілін үйрете білдіңіз?

Ahmet Şahin: Бауырлас Қазақстан халқының түрік тілін үйренуге деген қызығушылығы өте жоғары деңгейде дей аламыз. Орталығымызда 2010 жылдан бері  3600- дан астам қазақстандық түрікше үйренді. Курсымызға келіп тіл үйренушілер өте көп болғаны соншалықты, үлкен кезектік тізім бар.

Ruh.kz: Түрік тілін үйрету курсының қандай деңгейлері бар? Сабақтарыңызда қандай әдістемені қолданасыз?

Ahmet Şahin: Тіл курстарымыз халықаралық тіл үйрету стандарттарына сай өтеді. Курстарымызда бастапқы, орта және жоғарғы деңгей бар. Сабақтарымызда Юнус Эмре институты дайындаған оқу материалдарын қолданамыз. Сондай-ақ сабақтарымыз күн ара аптасына 3 рет  болады.

Ruh.kz: Тіл үйренушілерге өз ұлтыңыздың дәстүр мен мәдениетін, өнерін, ұлттық құндылығын жеткізе білдіңіз бе?

Ahmet Şahin: Курсымызға келушілерге тіл сабақтарымызда түрік халқының өнерін, мәдениеті мен дәстүрін де үйретеміз.

Ruh.kz: Түрік азаматтарының қай елге барып, қызмет етсе, сол елдің тілін меңгеріп, әдет-ғұрпынан хабардар болып, сол мемлекетке құрмет көрсететін қасиеттерін білеміз. Бұл қасиеттеріңізге көп рахмет!  Мәселен, сіз қазақ тілін қалай меңгердіңіз?

Ahmet Şahin: Қазақша мен түрікше бір-біріне грамматикалық жағынан өте ұқсас тілдер. Сондықтан қазақша үйрену мен үшін аса қиын болмады. Қазақ тілі маманынан теориялық сабақ алдым, сөйлеу мәнерін дәріс тысында қазақ достарымнан үйрендім. Қазақстанда шыққан жаңа кинолардың барлығын жібермей, көріп тұрамын. «Жау жүрек мың бала» фильмін 2 рет көрдім. «Алмас қылыш» фильмін де сүйсіне отырып тамашаладым.

Ruh.kz: Білуімізше, сіз қазақ тілін жетік меңгерумен қатар қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын да жақсы біледі екенсіз. Барлық түркі халқына ортақ ұлы ақын Мағжан Жұмабайдың бір өлеңін оқып бересіз бе?

Ahmet Şahin: Түркі халықтарының танымал тұлғасы Мағжан Жұмабайдың «Алыстағы бауырыма» атты өлеңін өте жақсы көремін. Ол өлеңін ХХ  ғасырдың басында Түркияның ұлт-азаттық соғысы кезінде түрік халқына қолдау көрсету үшін жазған. Аталған өлеңді мен Түркияда жүрген кезде оқыдым және қатты ұнайды.

Ruh.kz: Естіген боларсыз, біздің мемлекетімізде соңғы екі жылдан бері қоғамдық ортада резонанс тудырған ұлттық маңызы мен сипаты зор Елбасы Н.Назарбаевтың, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары жарияланды.Аталмыш бағдарламалық мақаланы оқыған боларсыз, эволюциялық жаңару жолындағы Қазақ елінің ұлттық бірегейлігі туралы өз көзқарасыңызды білдірсеңіз.

Ahmet Şahin: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын оқыдым. Бұл жобалар өте маңызды қадамдар болып табылады. Себебі, өз тарихын, өткенін білмейтін халықтың келешегі бұлыңғыр. Аталған жобалардың әрқайсысы келешекке сәуле түсіретін, жол көрсететін карта іспеттес. Елбасының мақаласын оқыған әр азаматтың өзіне деген, келешегіне деген сенімі арта түседі деп ойлаймын.

Ruh.kz: Былтырғы жылы Түркияның Жастар саясаты жөніндегі министрі елімізге ресми сапармен келген. Сапар барысында министр мырза сіздердің институттарыңызда тіл үйреніп жүрген жастармен кездескен. Сонда министр екі мемлекет арасындағы туыстық әрі достық қарым-қатынас турасында жақсы пікір білдіріпті. Ал биыл Қазақстанда «Жастар» жылы, жас түрік азаматы ретінде қаңдас бауырларыңызға қандай кеңес берер едіңіз? Мәселен, оқу, өзін-өзі дамыту, жетілдіру үшін не істеу керек? Түркияның білім беруге қатысты түрлі тегін гранттық бағдарламалар туралы пайдалы ақпарат берсеңіз.

Ahmet Şahin: 2019 жыл Елбасының тапсырмасымен “Жастар жылы”  болып жариялануын үлкен қуанышпен қарсы алдым. Сондай-ақ, Түркияда да 19 –  мамыр жыл сайын Жастар және спорт мерекесі ретінде кең түрде атап өтіледі. Екі бауырлас елдің жастардың үлес  саны өте жоғары, сондықтан жастарға мемлекет тарапынан үлкен мән беріледі. Өйткені, жастар – елдің келешегі.

PS:  Біз, Юнус Емре атындағы институттың табалдырығын аттап, ішке енгенде, «Сәлеметсіздер ме!» деп жылы жүзбен қуанып қарсы алған Ахмет ұстаз өзінің мәдениеттілігімен, парасат-пайымымен ерекшеленіп-ақ тұрды. Оның сөйлеген сөзінен, Қазақстан туралы ақжарма ақ тілегінен ұлы бабаларымыздың алдаспан рухы, Тұран топырағына деген құрметі мен ықыласын сезіндік. Заман өзгеріп, қоғам түрленсе де, нанотехнологиялар дамып, қарыштаған кезеңде бағзы замандағы Отүкеннің Ахметтей оғланы Атажұртында алшаң басып жүріп, қыпшақтың байырғы тілі –  қазақ тілінде емін-еркін сөйлеп, екінші Мекке атанған қасиетті Түркістан дегенде айбаттанып, асқақтап отырады екен. Түріктің жас зиялысы осындай қасиеттерімен көзайым болды. Мұстафа Кемаль аңсаған, Мағжан Жұмабай үміт еткен Тұранның әр жасы осы азаматтай болса екен!

Сұхбаттан соң, фотожурналист әріптесім Жәмилаға: «Ахмет замандасым – менің мақтанышым!» дегім-ақ келді. Мен оны мақтамаймын, онымен мақтанамын! Әрдайым жолыңыз болсын, Ахмет ұстаз!

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button