Жаңалық

Димаш Құдайбергенге қатысты 10 дерек

Қазақтың мақтанышы, Қазақ елін күллі әлемге танытып жүрген, қайда жүрсе де қазақтың туын, рухын асқақтатқан алтын ұлымыз Димаш Құдайбергенді білмейтін адам жоқ шығар.

Бұйырса, осы жылы Димаш Астана қаласында жеке концертін бермекші. Әншінің жеке кеші ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіледі. Жалпы, алтын ұлымыздың шығармашылық және жеке өмірінен толық хабардар болмасаңыз, Сіздің назарыңызға Димаш туралы он дерек ұсынамыз:

 

    1. Әнші Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясының түлегі. Бұл мектеп 1991 жылы ашылған, қаладағы алғашқы қазақ гимназиясы. Мектептің ашылу салтанатына (1991 ж.) Елбасымыз Н.Назарбаев қатысқан.

 

    1. Мектеп жылдары вокал сабақтарымен қатар, спорт үйірмелеріне қатысқан. Соның ішінде, таэквандо және жүзу бағыттарына.

 

    1. Өзінің туған қаласы Ақтөбеде Димаштың атымен аталған алма бағы бар. Алма бағы 2017 жылы ашылды. Бақтың ішінде шафран, башқұр, алтын превосход іспеттес алма ағаштарының сорттары кездеседі.  Ақтөбеге жолыңыз түсіп жатса, жас натуралистер станциясына да жолығып кетіңіз, аталмыш алма бағын сол жерден таба аласыз.

 

    1. Ал, алтын ұлымыздың Қытай еліндегі жанкүйерлері Андромеда галактикасындағы жұлдызды оның есімімен атады. Бұл шараны шетелдік жанкүйерлер америкалық Name A Star Live сервисі арқылы жүзеге асырған. Сонымен қатар, дарынның аты Space Service inc (SSI) тізіміне енгізілді. Бұл тізім мәңгі ғарыш мұрағатында сақталады.

 

    1. Жігітке жеті өнер де аз. Соның дәлелі, Димаштың ән қоржынындағы әндердің бірқатары өз туындылары: «Өкініш», «Война и мир», «Сөз соңы», «Тәтті елес», «Сәлем», «Ұмытылмас күн», «Көркемім». Ең алғашқы тырнақалды әні – «Көркемім» (2014 ж.).

 

    1. Димаштың Dears-тары әлемнің жер-жерінде орналасқан. Олардың бірлесіп ашқан фан-клубтары өте көп. Соның ішінде, Прага, Чехия, Италия, Франция, Греция, Португалия, Америка, Латын Америка, Түркия елдеріндегі  фан-клубтар өте белсенді.

 

    1. Димаштың Лондонда өткен жеке концертіне 47 елдің (Чили, Португалия, Латын Америка, Қытай, Ресей, Украина және т.б.) жанкүйерлері келді. Мысалы, Пекин қаласынан келген жанкүйерлер концертті тамашалау үшін ұшақпен 19 сағат жол жүрген. Осындай әншінің талантына бас иген фанаттар үшін Лондондағы фан-клуб Темза өзенінің бойымен саяхатты ұйымдастырған. Олар түгелдей бір паромды  үш сағаттан астам уақытқа жалдаған. Бұл жанкүйерлер кешінде әншінің әндері орындалып, тамаша  атмосфера болды.

 

    1. Лондондағы жеке концертінен соң Дүниежүзілік мұрағат агенттігінің директоры Димаш Құдайбергеннің өмірбаянын жазуға ынтасын білдірген.

 

    1. Димаш Ресейлік композитор Игорь Крутоймен АҚШ-та танысқан. Композитордың әнші туралы пікірі: «Ол өз жанкүйерлерімен космос арқылы тілдеседі».

 

    1. Димаштың көп армандарының бірі – өз туған жері Қазақ елінде жылына бір рет өз жеке кешін беру.

 

Қазақ елін, мәдениеті мен тілін әлем сахнасында танытып жүрген қазақ ұлына қатысты қызықты деректер бұнымен шектелмейді. Редакциямыз алдағы уақытта да алтын ұлымызға қатысты мақалаларды жариялап тұрмақ.

Елдің жүргінде, ата-ананың көңілінде, әлемдік Dears-тың назарында жүрген Димашқа біз алар асулардың биігін, жетер мақсаттардың анығын тілейміз! Қыран құстай самғаған қанаттарың талмасын, Димаш!

Бибігүл Бөкенбайқызы,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button