Жаңалық

Бақтияр Мәкенұлы: Еліңнің алдындағы жауапкершілікті сезіну, ұмытпау керек

Елбасымыздың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы көп жасқа серпін болары анық. Осы жылдың аясында атқарылатын шаралар, шешілетін мәселелер жұмысы басталып кетті. Әр адам, соның ішінде жас азаматтар өз болашағының іргетасын қалау кезінде алдыңғы буын ағаларға еліктері анық. Олар өздерінің transformation жолында рухани жаңғырып, болашаққа бағдар алары тағы анық. Ел болашағы жастарға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Бақтияр Мәкенұлымен болған сырлы сұхбатымызды ұсынамыз.

Ruh.kz: Бақтияр Мәкенұлы, сәлеметсіз бе! Уақытыңыздың тығыздығына қарамастан, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рақмет! Осыдан бірнеше күн бұрын еліміз Алғыс айту күнін атап кеткен болатын. Сұхбатымызды осы мейрамның шығу тарихынан бастасақ. Себебі еліміздің көп азаматтары осы күнді Америкалық «день благодарениямен» шатастырып жатады.

Бақтияр Мәкенұлы: Саламатсыз ба! Иә, дұрыс айтасыз. Бұл мейрамды Елбасымыз осыдан төрт жыл бұрын Қазақстан Халықтарының Ассамблеясында жариялаған. Тарихқа үңілетін болсақ, Совет Одағы жылдары, қиын-қыстау кезеңі біздің елімізге қоныс аударған бауырлас халықтар мен басқа этностардың уақытымен байланысты. Қабырғасы қайысқан қоныс аударушыларды қазақ отбасылары жылы көңілімен, жылы құшағымен қарсы алған болатын. Жылы шырай мен қамқорлыққа алу көшіп келген көпэтносты халықтың сақталып қалуына, өздерінің, немере-шөберелерінің жарқын болашағына септігін тигізген. Жалпы, көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту мейрамы бауырлас халықтардың қазақ халқына алғыс айту күні болып саналады.  Сондай-ақ, біз бір-бірімізге, жақындарымызға, отбасымызға, аға-інілерімізге шексіз алғыс айтуымызды бір күнмен шектеліп қалмауымыз қажет. Күн сәулесі адамзатқа өз нұрын қалай шашса, жүректі адамдардың барлығы да жан-жағына нұрын солай төгіп тұрса, ол үлкен игі нәрсе. Қазақ халқы ата-бабасынан қалған үлкен мұра, шежірелерді және мәдениетті нық сақтап келе жатқан халық. Еліміздің мерекелік күнтізбесінің қатарына қосылған жас мейрам – Алғыс айту күні өз тарихымен қалыптасады деген ниет бар.

Ruh.kz: Бақтияр Мәкенұлы, өзіңіз айтып өткендей, игі істің бірі ол өзіңнің білгеніңмен бөлісу. Сіз «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегісіз. Сіз үшін «Болашақ» бағдарламасымен білім алуға мотивация болған не нәрсе. Біздің жас оқырмандарымызбен тәжірибе алмассаңыз.

Бақтияр Мәкенұлы: Әрине, әр адамға, әр азаматқа өмірлік қиындықтан өтіп барып өз асыл арманына жету үлкен жол. Бұл жолға аяқ басу өзіңнің ішкі дүниеңнен бастау алады. «Сен бұл дүниеге қандай мақсатты асыруға келдің?», «Сен қоғамға қандай пайда әкеле аласың?» деген сұрақтар болар азаматтың көкейінде жүру керек. Мен, біріншіден Қазақ елінің азаматы болғаныма мақтан етемін. Ата-анама, мені өсірген қоғамға алғысым шексіз. Жалпы, ата-анам өмірінің көп бөлігін мемлекеттік қызметке арнаған жандар. Анам елдіміздің болашағы балалардың тәрбиесіне көңіл бөлген ұстаз. Ол бала-бақшадағы ұстаздық қызметіне өмірінің 35-40 жылын арнаған. Екіншіден, мектеп қабырғасында жүріп мен қоғамдық өмірге белсенді қатысып жүрдім. Бұл менің көшбасшылық қабілетімді қалыптастыру үшін үлкен септігін тигізді. Кейін жоғары оқу орнына түскенде де қоғамдық белсенділігімді кемітпедім. Түрлі қоғамдық ұйымдардың мүшесі болдым, студенттерге маңызды іс-шаралардың басы-қасында жүруге тырыстым. Осының барлығы мен үшін үлкен тәжірибе болды. Мен үшін мотивация болған тағы да бір фактор бар. Ол – менің өмірлік ұстанымыма идеал бола білген адамдар. Біріншіден, ол менің туған ағам, содан кейін қоғамдық-саяси өмірде тұлға болып қалыптасуыма ықпал еткен біздің Елбасымыз. Университетте оқып жүрген жылдары Елбасымен болған кездесуде болу маған да бұйырған еді. Бұл кездесу маған үлкен мотивация берген. Содан кейін өзімнің өмірлік ұстанымдарым, алға қойған мақсаттарым менің өмірлік жоспарларымды қалыптастырды. «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсу менің де арманым еді.  Бағдарламамен оқуға түсу үшін таныс-тамыр қажет деген ой менде де болған. Алайда, бұл ойымның қате екенін түсіндім. Тіл курстарына жолдастарыммен бірге барып, үйрендік. Бағдарлама бойынша оқуға түсу кезеңдерінен өту барысында ағылшын тілін жетік меңгеру және де қоғамдық өмірде жинаған тәжірибелерім маған қолғабыс болды. «Болашаққа» аман-есен оқуға түсіп, Америкаға аттандым. Ол елде де тілді жетілдіру үшін курстарға қатыстым. Бірнеше мәрте біліктілігімді дәлелдеу үшін тестерден сүріндім. Неше рет сүріндім, деп сұрасаңыз. Жеті рет өзімді сынап көрдім. Жетінші реттен ғана жолым болып, тілді меңгеру деңгейін бағындырдым десем де болады.

Ruh.kz: Сонда сіз жеті мәрте емтиханға барып, алтауынан жолыңыз болмады ма? Алайда, сәтсіздіктерге қарамастан, жетінші рет барып өзіңізді сынауға бел будыңыз. Сол кездері «болды, бұл менікі емес! Қашанғы осылай жүрем тапсыра алмай» – деген ой келді ма?

Бақтияр Мәкенұлы: Менің ойымша, адам өзінің жолындағы кездескен қиындықтарға мойымауы керек. Әрбір қиындықтың артында маңдай термен келген жеңіс тұр! Сол кедергілер арқылы адам шыңдалады және өз-өзін тәрбиелейді. Менің осы кедергілерге төтеп беруге «қамшы» болған сөз, ол анамның айтқаны еді: «Балам, қалай сен өзіңнің жылдар бойы ойыңа, санаңа қасықтап жинаған біліміңе сенім артпайсың? Өзіңе мүмкіндік бер». Осы сұхбатымды пайдаланып, артымнан ерген іні-қарындастарыма айтарым: өмірдің қиындықтарына мойымаңдар! Алға қойған армандар сендерді алға жетелеуі үшін, өздеріңе, өз білімдеріңе сеніңдер! Бәсекеге толы уақытта бәсекеге түсуге дайын болу керек. Егер де сен бірқалыпта қаламын, өспеймін десең, бұл заманның ағымынан тыс қалып қоюың деп білемін.

Ruh.kz: Бақтияр Мәкенұлы, жастар туралы сөз қозғап отырсыз. Сол әңгімені әрі қарай өрбітсек, биылғы жыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Еліміздің жастарына ерекше назар аударылып, олардың бастауларына қолдау болады деген үміт бар.

Бақтияр Мәкенұлы: Иә, Елбасымыздың бастамасымен «Жастар жылы» осы жылдың қаңтар айында бастау алды. Біздің партиямыздың («Нұр Отан» партиясы) қарамағындағы фракцияда жастарды қолдау жөніндегі комиссия жұмыс жасауда. Жақында біз партия төрағасының тапсырмасымен  жастарды қолдау бойынша арнайы комиссия құрдық. Жастар жылын жүзеге асыру мақсатында жасалған жол картасы аясындағы жұмыстарды бақылау жүргізілмек.  Еліміздің жастарына қай салада көмек көрсетіледі, қандай әлеуметтік мәселелерді шешуге қаражат бөлінеді, тағысын тағы ақпаратты жастарға жеткізу үшін ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сол бөлінген қаражаттың тиімді пайдалануын бақылау. Мысалы, жатақхана мәселесі. Жатақханаларды салу барысында, әр студентке он бес шаршы метрден бөлу. Яғни, еліміздің қай өңірінде жатақхана салынса да, бұл ғимараттар көлемі, шаршы метрі жағынан халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс. Мердігерлермен салынған, комиссиялармен қабылданған жатақханалар талаптарға сай болса, ол жерде тұратын студенттер де оқуларынан басқа дүниелерге алаңдамай білімдерін тереңдете берер еді. Сонымен қатар, еліміздің жастары категориясындағы жас мөлшерді өзгерту. Яғни, 14 жастан 29 жасқа дейінгі мөлшерді 35 жас деңгейіне дейін көтеру. Себебі, мемлекеттің жеңілдетілген бағдарламасымен баспана ала алмай жүрген отбасылар жетерлік. Ондай отбасылардың жас мөлшері сәйкес емес. Олқылықтың орнын толтыру үшін жастардың ресми жас мөлшерін өзгеру туралы құжат жобасы қарастырылуда. Шешімі де тез арада қабылданады. Бұл айтылған және де басқа да бағдарламалар мен қолдаулар жастар үшін үлкен қолдау деп білемін.

Ruh.kz: Елбасының тағы да назар аударған мәселесі – ол болашақ мамандарды дайындауда, елдің қалыптасуына, нарықтың сұранысына сай кәсіптік мамандықтарға назар аудару. Яғни, кеңседе отырып, қалам мен қағаздарды арқаламай, елдің қажеттілігінен туындаған мамандарды даярлау. Алайда, ауылдың, аймақтардың жастарына осы ақпаратты жеткізу қаншалықты дұрыс жолға қойылған?

Бақтияр Мәкенұлы: Дұрыс қойылған сауал. Елбасымыз кәсіптік білімге ерекше назар аударып, ден қойып отыр. Өткен жылдың өзінде ғана кәсіптік білім беру саласында 20 000-дай грант бөлінген. Соның ішінде орта және жоғары оқу орнындарындағы дизайнер, слесарь, флорист, оператор сияқты тағысын тағы мамандықтар бойынша оқу гранттары баршылық. Бұл кәсіптік біліммен оқыған мамандардың барлығы да шетелдерде өте мәртебелі және де ақшасы көп төленетін мамандықтар. Ал, біздің елдің жастары бұны әлі де сезіне қойған жоқ. Олар мектепті аяқтай сала экономист, заңгер мамандықтарын игеруге ұмтылады. Әрине, бізге жақсы, сапалы заңгерлер қажет. Дей тұрғанмен де, менің ойымша біз сол аудандарға, облыстарға барып, жас түлектерге ақпаратты сапалы түрде жеткізуіміз керек. Ол жастарға кәсіптік мамандық игеруі еш ұят нәрсе емес екендігін, сол мамандық оның жарық болашағына үлкен септік болатынын және де бұл еңбек адал екендігін түсіндіру керекпіз. Мен өзім де студент болып жүрген жылдары клининг компаниясында қосымша жұмыс жасағанмын. Бұл еңбектің еш адалсыздығы жоқ. Және де кәсіптік мамандықтарды рейтингі жағынан көтерген дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, Астана қаласының мамандар нарығында білікті сантехниктер мен бала күтушілері аз. Осылай әр қаланың, облыстың кәсіптік мамандар рейтінгісін жасай отырып біз толық картинаны көре аламыз. Бұны пилоттық жоба ретінде енгізуге болады. Жастар өз қаласына қажетті мамандар рейтингісін көре отырып, әрі қарай өз жоспарларын құра берер еді.

Ruh.kz: Жастар жылын жастардың жетістікке жету жолдары дейміз. Бақтияр Мәкенұлы, еліміздің жастарына берер кеңесіңіз, ағалы сөзіңіз – жетістікке жету жолындағы үш қағида қандай болмақ?

Бақтияр Мәкенұлы: Жетістікке жету үшін біріншіден, ұмтылыс керек. Екіншіден – абырой керек. Ал үшіншісі, ол –  жауапкершілік. Білім алуға, өзіңді жетілдіруге ұмтылу. Өз ортаңда, қоғамда өз абыройыңды жоғалтпау.  Қай жерде жүрсең де ата-анаңның алдындағы, еліңнің алдындағы жауапкершілікті сезіну, ұмытпау керек. Менің ойымша осы үш ұстанымнан алыс кетпеген азамат тұлға болып қалыптасып, үлкен жетістіктерге жете алады. Жетістікке жеткен азаматтардың көптігі біздің елдің одан әрі өркендеп, дамуына алып келеді.

Ruh.kz: Бақтияр Мәкенұлы, жастардың игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызға жеміс тілеймін!

Бақтияр Мәкенұлы: Сізге де рақмет! Сендер де өсе беріңдер!

Бибігүл Бөкенбайқызы,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button