Жаңалық

Қазақстандық оқушы Кореядан алтынмен оралды

Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Ислам Сүлеймен Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында өтіп жатқан «Young Scientist-2019» Халықаралық ғылыми жобалар сайысында бірінші дәрежелі дипломға ие болды.

Еске сала кетейік, жасөспірім өткен жылы оқушылар мен студенттердің ең үздік Start-up жобалары арасында қазақ тіліндегі «Киелі жерлерге туризм» мобильдік қосымшасымен ерекше көзге түскен. Бүгінгі таңда қазақ тілінде туризм бойынша ақпарат беретін дереккөздер мен мобильді қосымшалардың жоқтың қасы екенін ескерген ол смартфон арқылы «Ертіс өңірінің киелі жерлеріне туризм» қосымшасын құрастырып, мемлекеттік тілде құнды ақпаратты ұсынуды жөн көрген.

Жоба авторы аймақтағы Мәшһүр Жүсіп кесенесі, Үміт апа мешіті, Ғабдул Уахит кесенесі, Исабек Ишан кесенесі мен Қоңыр әулие үңгірі бойынша туристік маршрут ұйымдастыруды ұсынады. Оған тамақтану, демалыс орны мен тасымалдайтын көлік шығындары кіреді.

– Корей еліне алғаш келуім. Маған бұл ел ерекше қонақжайлылығымен, әрбір келген адамға деген шын ниеттерімен ұнады. Конкурсқа тоқталатын болсақ, өте әділ өтті. Еліміздің намысын қорғаған біздің үш оқушы да биік дәрежеден көрініп, жүлделі орындарға ие болды. Өте қуаныштымыз. Осы мүмкіндікті берген өзімнің ғылыми жетекшілеріме, алтын ұя мектебіме алғысым шексіз! – дейді ол.

География пәні бойынша Ислам Сүлеймен ғылыми жобалар секциясында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «Қазақстандағы сакралды туризмді дамыту» атты ақпаратты-танымдық мобильді қосымшасы мен сайтты ойдағыдай қорғап шықты. Дайындаған жетекші ұстаздары Темірхан Қасымов пен Айнагүл Ермекова. Жас ғалымға Кореядағы Woosong университетінің SolBridge Халықаралық Бизнес мектебінде оқуға 80 пайыздық жеңілдік беретін арнайы сертификат табысталды.

Айта кетерлігі, бұған дейін бала кезінен Ұлыбритания елінің тарихына деген қызығушылығы зор Ислам Ұлыбритания патшайымы II Елизаветадан хат алған болатын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button