Жаңалық

Жазу - мінәжат

Қазақ Ұлттық Өнер университетінің белсенді студенттерінің ұйымдастыруымен «Тұлғатану» жобасы аясында оқырман қауым көрнекті жазушы, драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Франц Кафка және «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты Роза Мұқановамен кездесті.

Роза Мұқанова – қазақ әдебиетіндегі өзіндік орны бар үлкен қаламгер. Қазақ әдебиетінің даму арнасына сексенінші жылдардың басында қосылған талантты топтың бірегейі. «Қыз жылаған» әңгімесімен қазақ прозасына құбылыс болып келген талантты қаламгердің қаламынан көптеген сүбелі туындылар жарық көрді. Міне, осы шығармасы қазақ театры репертуарының алтын қорына еніп, он сегіз жылдан астам уақыт бойы көрермен қауымның көзайымына айналды. Бұл –  атақты «Мәңгілік бала бейне» спектаклі еді. Танымал суреткердің қаламынан осы күнге дейін «Жарық дүние», «Дүние кезек», «Құдірет-кие» және ІІ томдық таңдамалар жинағы жарық көрді. 2001 жылы ислам әлеміндегі құнды мұра Рабғұзидың «Қисса-сүләнбия» кітабын алғаш рет ана тілімізге аударып, оқырман қауымға зор қуаныш сыйлады. Қазіргі таңда республикамыздың алдыңғы қатарлы драма театрларында қаламгердің спектакльдері жиі қойылуда.

Жазу-мінәжат. Бұл –  қаламгердің шығармашылық кредосы. Рухани кездесудің басты тақырыбы да осы атаумен өтті. Суреткер жазу-ғұмырдың машақаты мен барақаты, әдеби шығарма тудырудың ерекшелігі мен қасиетін киелі деп атап өтті. Кездесу барысында даңқты прозаик өзінің балалық шағы, өскен ортасы, ата-әженің қазақы тәрбиесі, арман-аңсары және жазу ғұмырындағы шығармашылық шеберханасы, шығармашылық әдеби шеберлігі һәм бүгінгі әдеби тенденция мен қазақ өнерінің ахуалы турасындағы салиқалы ойларын ортаға салды. Кездесуге танымал өнертанушылар мен актерлер, студент жастар, оқырмандар қатысты.

Елдос Тоқтарбай, 

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button