Жаңалық

#Наурыз-cұхбат: Жүрегі «елім» деп соғатын қазақ қыздары кім?

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесінің қарсаңында Ruh.kz #Наурыз-сұхбат атты интервьюлер сериясын ұсынады. Мархабат! Жас дизайнер Күнсұлу Қоңыршаевамен сұхбатымызды қабыл алыңыздар!

Қазақтың сұлу қыздары-ай! Қолдарынан бал тамған, саусақтары майысқан арулар-ай! Қазағымның төл өнерін, қолданбалы қол өнерін ежелден аналарымыздан, апаларымыздан бойына сіңіріп келе жатқан, оны заман ағымына сай ұштастыра білген шеберқол қыз-келіншектердің жұмыстары  басқа ынталы азаматшаларға мотивация болсын. Киелі Маңғыстау жерінің аруы, жас дизайнер Күнсұлумен таныс болыңыздар.

Ruh.kz: Күнсұлу, сәлеметсіз бе! Халқымыздың ежелгі мерекесі – Амал күні құтты болсын! Кунсұлу, өзіңіз туралы айтып беріңізші.

Күнсұлу Кеңшілікқызы: Сәлеметсіздерме! Жылыңыз құтты болсын! Амал күні құтты болсын! Жасыңыз құтты болсын! Өзім киелі Маңғыстаудың тумасымын, соның ішінде Жаңаөзен қаласында туып өстім. Әкем Кеңшіліктің қызымын (күлді).

Ruh.kz: Еліміздің Батыс өңірлерінде, соның ішінде, қарт Каспийдің жерінде Амал күні ертеден тойланып келе жатқан мейрам. Бір қуантатыны маңызы зор, мәні терең Көрісу күні елемізде насихатталуда. Осы мейрам туралы біздің оқырмандарымызға айтып берсеңіз. Сіздің өңірде, сіздің отбасыңызда бұл күн қалай аталып өтеді?

Күнсұлу Кеңшілікқызы: Дұрыс айтасыз. Бүл мейрамның маңызы зор және де келер ұрпақ үшін бізден қалар үлкен мұра. Ата-бабаларымызға мың алғыс, осындай терең мағыналы күнді бізге жеткізе білгені үшін. Амал мерекесін, әсіресе, Маңғыстау халқы өте жақсы тойлайды, бір – бірімен көрісіп, үлкен кісілер “жылың құтты болсын” деп, бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп жатады. Тіпті, Наурыз көжесін дайындап, ақ дастархандарын есік ашқан барлық қонағы үшін жаяды. Бұл күн балалар үшін нағыз мейрам! Олар әр үйге кіріп, үлкендермен көрісіп, екі қалталарын тәттілерге толтырады (күлді). Біздің үйде де жылда Наурыз көже асылып, жақын-туыстардың барлығы шақырылады. Қауышқан ағайынның арасында әңгіме-дүкен құрып, барлығымыз да бір жасап қаламыз. Ал, басты мерекелік шаралар киелі жер Отпан тауда өтеді. Елдің азаматтары жиналып, көкпар, алтыбақан, арқан тартысу сияқты ойын түрлерін өткізеді. Жалпы, бұл күні ішіңдегі өкпе-наздың барлығын тарқатып, жақындарыңа деген ыстық лебізіңді білдірген дұрыс деп санаймын.

Ruh.kz: Маңғыстау халқы дәстүрге ерекше берік деп жатады. Сіздің кәсібіңіз де ұлттық дәстүрмен ұштасуда. Бұл кәсіпке қалай келдіңіз?

Күнсұлу Кеңшілікқызы: Негізі менің бірінші мамандығым қаржымен байланысты. Оқу орнын бітірген бойда қаладағы бірнеше мекемеге түйіндемемді қалдырдым. Содан бірнеше күннен соң мен жұмысқа шықтым. Таңнан кешке дейін жұмыста жүру, қағаздардан бас алмау – бұның барлығы мен үшін жат екенін түсіндім. Басымды тәуекелге салдым. Несиеге шағын тігін машинасын алдым да, бір айлық тігіншілер курсына бардым. «Қолыңа ине ұстап көрмеген адамсың, бұл істі алып кете аласың ба?» – деп анам алаңдады. Содан ісімді бастап кеттім. Алғашқы туындыларымның фотоларын әлеуметтік желіге жүктедім. Алғашқы клиенттерімді үйде, ас үйде қабылдадым (күлді). Қайран кездер-ай, деуге болады. Қазір қарап отырсам, адам баласы алдына мақсат қойып, шын ниетімен жұмыс жасаса, барлық жетістікке жете алады екен. Ең бастысы – дұрыс мақсат!

Қазақтың қызы болып туған соң, соның ішінде қолданбалы өнермен айналысқан соң, қазақ оюларын тіге білу бізге міндет деп ойлаймын.

Ruh.kz: Сізге қолдау көрсеткен жандар кім?

Күнсұлу Кеңшілікқызы: Жаңа айтып кеткендей, анам бастапқыда қатты уайымдаған болатын. Алайда, менің таңдауыма ата-анам еш қарсылығын білдірмеген еді. Менің шеберлігіме сеніп, маған тапсырыс берген құрбыларым және олардың аналары. Әрі қарай барлығы ниетке байланысты деп білем.

Ruh.kz: Өзіңізге басқа мамандықта жұмыс жасап жүріп, шеберлікке ауысу қиын болды ма?

Күнсұлу Кеңшілікқызы: Қоғамда адамдармен тез тіл табысып кететін жанмын, сондықтан қаржыгерден тігіншілікке, дизайнерлікке ауысу мен үшін еш қиындық тудырмады. Қандай да бір адаптациялық кезезеңнен өту де болмады. Таңдау жасаған жолымда білек сыбана жұмыс жасап кеттім.

Ruh.kz: Көйлектеріңіздің дизайнын өзіңіз ойластырасыз ба? Неден шабыт аласыз?

Күнсұлу Кеңшілікқызы: Көйлектердің дизайнын ойлап-табу ойыма бірден келе бермейді, шабыт қажет, идея қажет. Бір керемет идея аяқ астынан, бес-ақ минуттың ішінде келуі мүмкін. Музам осылай келген бойда қолыма қарандаш алып дәптеріме түртіп аламын. Шабытты, музамды көбіне табиғаттың аясынан іздеймін. Туған өлкемнің тау-тастарын, киелі жерлерін аралап тұруға тырысамын. Бұл саяхаттардан алған әсерім міндетті түрде жаңа топтамаға ұласады. Мен өз жерімнің патриотымын!

Ruh.kz: Қазақ еліміздің ұлттық қолөнерін насихаттап жүргеніңіз, жұмысыңыздан көрінеді. Сіз бабалар мұрасының аманатын сезінесіз бе?

Күнсұлу Кеңшілікқызы: Мен Қазақ елінде, қазақ болып туғанымды мақтан етемін! Сондықтан еліме қызмет ету – менің міндетім деп санаймын. Қазақтың қарапайым кішкентай қызымын, менің қолымнан тамаша дүниелерді шығару келгендіктен, ойыма бірден қазақы нақыштағы киім үлгілерін тігу келген еді. Әжелеріміздің салып кеткен ою жолын одан әрі жалғастыру, түрлендіру мен үшін үлкен құрмет.

Ruh.kz: Батыс пен Шығысты өз туындыларыңызда шебер үйлестіре білдіңіз, ол да өнер. Тіккен киімдеріңіз қаншалықты сұранысқа ие?

Күнсұлу Кеңшілікқызы: Дұрыс айтасыз. Мен күнделікті өмірде де Батыс пен Шығыстың үлгілерін араластырғанды ұнататын жанмын. Осы әдетім болар, өз топтамаларымда ежелгі тарихымыздың парақтарында кездесетін таңбаларды қайта жаңғыртып жүрмін. Сұраныс жағына келетін болсақ, қазір қыз-келіншектердің көбі этно стильді өз гардеробтарынан көргісі келеді. Яғни, қалалық мәнерге тігілген ұлттық киімдер сұранысқа ие деп сеніммен айта аламын.

Ruh.kz: Күнсұлу ханым, ұлттық қолданбалы өнерді насихаттау үшін қандай да бір конкурстарға, фестивальдарға қатыстыңыз ба?

Күнсұлу Кеңшілікқызы: 2018 жылы “Сән мен сахна” фестиваліне қатысқан болатынмын. Фестивальдан екінші дәрежелі дипломды қанжығама байлап келдім. Негізі, бұл конкурсқа қатысу мен үшін үлкен сын болды. Оған дейін ешбір бәйгеге басымды тігіп көрмеппін. Іштей қобалжу, қорқу болды. Алайда, конкурс барысында бізге үлкен демеу болған және біздің қорқыныш сезімімізге «су сепкен» сән әлемінде жүрген апайларыма алғысым шексіз.  Содан соң, фестиваль барысында көп тәжірибе жинадым, өзімнің көп қателіктерімді көрдім, үлкен дизайнерлер қалай жұмыс жасайтынын, көйлектерді қалайша әсем ұштастыра алатынын, қалай кәсіби жұмыс жасау керектігін білдім.

Ruh.kz: Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

Күнсұлу Кеңшілікқызы: Алдағы жоспарым, әлі де қазақ еліне керемет туындыларымды көрсету. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында айтылғандай, біз Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныстыру рәсімдерін өткізуіміз керекпіз. Сол себепті мен де туған өлкемнің жас дизайнерлеріне қолдау көрсеткім келеді, оларды еңбектерін әлемге паш еткім келеді. Сол мақсатта Жаңаөзен қаласында сәндік қойылымдарды ұйымдастыру.

Ruh.kz: Өзіңіз сияқты қазақтың қыздарына берер кеңесіңіз. Жетістікке жетудің нақты үш жолы қандай, сіздің ойыңызша.

Күнсұлу Кеңшілікқызы: Әрбір қазақ қызына білімді болу, болашақта еріне, халқына адал қызмет ететін қыздарымыз көп болсын деймін!

Менің жетістікке жетудің өз жолдарым бар. Ол – сабыр, білім және тәжірибе. Адам баласы өмірде қателеспей жүре алмайды. Кей кездері аяғын шалыс басуы мүмкін, ал кей кездері бастаған ісі нәтижесіз немесе аяқсыз қалуы мүмкін. Осы уақытта сабырға келу керек. Сабыр түбі сары алтын екенін естен шығармау керек. Әр жақсы істің артында береке бар. Білімді мыңды жығады деп бекер айтылмаса керек. Қазір Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатының арқасында барлық көкірегі ояу қазақстандық білім ала алады. Сол мүмкіндікті біз қалт жіберіп алмауымыз керек. Тек білімі бар азамат өз еңбегінің жемісін көре алады деген ойдамын. Ал, тәжірибеге келсек, егер сенің бойыңда сабыр мен білім ұштасып отырса, бастаған ісіңнен тәжірибе жинау қиын емес. Бұл жинақталатын тәжірибе сенің өз игі істерің үшін адал қызмет етеді. Менің жетістікке жетудегі негізгі үш қағидам осы деп білемін.

Ruh.kz: Күнсұлу ханым, берген сұхбатыңызға рақмет! Ұлыстың Ұлы күні –Наурыз мейрамы құтты болсын! Жетістіктерге жете беріңіз!

Күнсұлу Кеңшілікқызы: Сізге де көп рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!

Бибігүл Бөкенбайқызы, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button