Жаңалық

НАЗЕРКЕНІҢ «ТҮРКИЯСЫ»

Астанадағы ірі ойын-сауық орталығының бірінде Юнус Эмре атындағы түрік мәдениеті орталығының ұйымдастыруымен жас суретші Назерке Кемелбаеваның «Түркия қазақстандықтардың көзімен» жеке сурет көрмесі ашылды.

Салтанатты шараға Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Невзат Уянык, дипломатиялық корпус өкілдері, Парламент депутаттары, көрнекті жазушы Сұлтан Оразалы, қазақ журналистикасының белді өкілдері Жанболат Аупбаев, Қайсар Әлім, ақын Дәулеткерей Кәпұлы және басқа да зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Көрменің авторы – Назерке Кемелбаева белгілі жазушы, әдебиеттанушы Айгүл Кемелбаеваның қызы. Ананың ақ сүтімен қонған қасиеті бар жас суретші – бүгінде Қазақ Ұлттық Өнер университетінің 5 – курс студенті. Көркем сурет өнер мамандығының қыр-сырын меңгерген қылқалам иесі оқуымен қатар түрік тілін үйреніп, түрік мәдениетіне қызығып жүр екен. Талабы оңғарылсын!

Юнус Эмре атындағы орталықтың оқытушылары, түрік қандастарымыз дарынды қыздың талантын байқап, қазақтың «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген аталы сөзін ескеріп, Жастар жылы аясында балғын бояу шеберінің жеке көрмесін ұйымдастырып, тіл үйренуші шәкірттерін қолдап отыр екен. Бәрекелді! Міне, жанашырлық. Әрбір жастың бойындағы дарынын, талантын байқай білсек, небір жұлдыздар жанар еді. Бұл көрме – Назеркенің алғашқы жеке көрмесі. Еліміздің Бас қаласынан бастау алған бұл көрме талантты қарындасымыздың талантын шарықтатып, шабыт береді деген ойдамыз.

Көрменің салтанатты таныстырылымы барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов қылқалам иесіне шығармашылық табыс, ақ жол тіледі. Юнус Эмре институтының басшысы, қазақтың алғыр қызы, танымал аудармашы-ғалым Алмагүл Исина тіл үйренуші шәкіртіне алғыс айтып, мекеме ұжымы атынан естелік сыйлық табыстады.

Басты айта кетер жәйт: Назерке бұрын-соңды Түркия мемлекетінде болмаған екен. Өзінің қиялымен, таным түйсігімен салған. Қырыққа жуық суреттің қай қайсысы болмасын, Анадолы жұртының мәдениетін, тарихын танытады. Мың түске боялып, құбылған суреттердің арасында «Мевлана кесенесі», «Акмадар шіркеуі», «Ежелгі Эфес қаласы», «Кападокия», «Румели Хисар бекінісі» т.с.с. көзге ерекше көрінеді.

Юнус Эмре орталығы үнемі Мемлекеттік идеологиямен санасып, Елбасы Н. Назарбаевтың саясатын қолдап отырады. Биылғы Жастар жылы аясында әлі талай қызықты шаралар ұйымдастырылады екен. Сонымен, Назеркенің «Түркиясы» өзінше қызық, өзінше мөлдір…

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button