Жаңалық

#Наурыз-сұхбат: Қазақтың «құрақ көрпесі» шығыс пен батыстың синтезі

Дизайнер Гүлмира Уәлиханмен сұхбаттастық. Ежелгі заманнан неше ғасыр уақыт өтсе де, қанша тағдыр мен уақыт өзгерсе де біздің «құрақ көрпе тігу» өнеріміз жоғалмады, қайта тәуелсіздік алғаннан бері жаңа сатыға көтерілді, дейді қолөнер шебері. Қазақтың қолданбалы өнері, төл өнері «Құрақ тігудің» жандануына, қайта жаңғыруына зор үлес қосып жүрген еліміздің азаматшаларының қатары күн санап артып келеді.

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында Қазақстанның заманауи мәдениетіне үлкен мән берілген. Жүрегінің соғысы елінің дәстүрлі өнерімен пара-пар келетін сондай жандардың бірі – қолданбалы өнер дизайнері Гүлмира Уәлихан. Гүлмира ханыммен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Ruh.kz: Гүлмира ханым, сәлеметсіз бе! Ұлыс оң болсын! Наурыз мейрамыңыз құтты болсын!  Оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып отырсаңыз.

Гүлмира Уәлиханқызы: Сәлеметсіз бе! Мен Павлодар облысында шалғайда орналасқан ауылының қарапайым қызымын. Бала кезімде, ата-анаммен Астана мен Екібастұз жолтораптаның ортасында орналасқан Шідерті деген ауылға көшіп келгенбіз. Ауылымыздың тұрғындары неміс, орыс этносты болған еді. Ауылымыз көпэтносты болғандықтан, мен де бала болып немістің апайына, орыстың қызына ұқсауға тырысатынмын. Анам мен әкем шаруаларына берік болған жандар. Бала кезден анамның қызметте адал еңбегін көретінмін, әкем әрдайым ауылдың шаруашылығы үшін жаны ашып жүретін еді. Мен бала кезден жылқының түр-түрін танып өстім, әкем ат баптаған жан. Қазақ халқының қашан да төрт түлікке аса қамқормен қарауын бала кезден санама түйгенмін. Сол себепті де шығар, көшпелі халқымның «қошқар мүйізі» және басқа да ою-өрнегі маған етене жақын. Есімде қалғаны, қыс болсын, жаз болсын, анам және үйдің балалары, барлығымыз бау-бақшада және төрт түлік баптаумен жүретінбіз. Қолымыз бос болған уақытымыз болмайтын. Жеміс-жидектерді өсіру жұмыстары аяқталса, үйге кіріп анамыз бізге кесте тоқытатын, қуыршақтарға көйлек тігетінбіз. Біздің үйдің бес қызына да анам «қырық үйден тию» салып тәрбиелеген. Республикамыздың егемендік алған алғашқы жылдарында қиын кезеңдерді бастан өткерген болатынбыз. Алайда, әрдайым еңбек етіп, маңдай термен тапқан нанның тәттісін түсіндік. Анамызға Наурыз мейрамын, Жеңіс күнін және басқа да айтулы күндерді ауылда өткізуге көмектесетін едік. Ол кезде Наурызға ауыл тұрғындарының бірі де қалмай қатысатын. Балалар мәз-мейрам. Наурыз көже асылып, құрт-бауырсақтар дастарханға шашылатын еді. Менің балалық шағым осындай болды. Кеңес заманның ұшын көріп үлгеріп қалдық. Ауылымыздың көпэтносты тұрғындарының салт-дәстүрінен бойыма сіңірген руханиятым менің бүгінгі кәсібіме үлкен азық. Ал, Егемен елдің перзенті болу мен үшін үлкен бақыт.

Ruh.kz: Өзіңіз айтып отырсыз, анаңыз бос уақытыңызды тиімді пайдалану үшін кесте тоқытқан, қуыршақтарға көйлектер тіктірткен және де төрт түлікті көріп өскен қазақ қызысыз. Осы жағдайлардың барлығы сіздің бүгінгі кәсібіңізге алып келді ма?

Гүлмира Уәлиханқызы: Мен бала кезден армандайтын едім, киім дизайнері немесе хирург боламын деп. Алайда, мектеп бітірген жылдарым 90-шы жылдарға тұспа-тұс келгендіктен, үлкендер маған алғашында қаржылық білім ал, кейін үш жыл дипломың бойынша қызмет атқар, ал содан соң жаның қалаған мамандыққа бара бер деген еді. Міне, мен қазір үш қызыл дипломның иегерімін. Университет бітірген соң үш жыл бойы бухгалтер қызметін атқардым. Соның сегіз айын бас бухгалтер лауазымында. Ата-анаммен келісілген үш жыл уақыт зымырап өте шықты. Сол күні анама хабарласып, жұмысымды тастайтынымды айттым. Ол кісі: «қызым, егер де сен өз сүйікті хоббиіңді қоғам үшін пайдалы іске айналдыра алсаң, онда мен саған өз шексіз алғысымды айтам және сенің бұл ісің біздің ел үшін бір жұтым ауадай болар еді» деген тілегін жеткізген. Анамның бұл сөзі маған қанат бітірді.

Ruh.kz: Керемет! Сіздің кәсібіңіз қазақтың төл өнерін, ұлттық қолөнерді насихаттайды. Осы туралы сөз қозғасаңыз.

Гүлмира Уәлиханқызы: Мен кәсібімді осыдан жеті жыл бұрын бастағанмын. Бұл кәсіп менің кенже ұлым Хамзамен түйедей құрдас (күлді).

Барлығы менің декреттік демалыста отырған уақытымда басталды. Қолым бос, интернет желісінде түрлі шеберлердің жұмыстарын қарап, қызығатынмын. Бір күні ресейлік шебердің құрақ тігу техникасына назар аудардым. Оның қолынан туған өнер туындылары мені шабыттандырды. Қалай да осылай тігіп үйренуім керекпін деген мен, еліміздің түпкір-түпкірінен мастер-кластарға іздеу салдым. Бірақ, менің көңілімнен шыққан ұстазды таба алмадым. Іздестіру барысында, біздің төл «Құрақ көрпеміздің» хәлі нашар екенін түсіндім. Түсіндім де, өзімді өзім өзгерттім. Яғни, интернетті, түрлі журналдарды, оқулықтарды ақтарып, мұражайдағы ескі сырмақтарды, текеметтерді, олардың үстіне түскен оюларды зерделеп, жеті өлшеп, бір рет кесіп, құрақтың жаңа бір технологиясын ойлап таптым. Түйіп-үйренген оқуымды геометриялық фигураларға ұластырып, қазақ құрақтарының блоктарын жасап шығардым.  Өз бетіммен оқуды тәмәмдап болған соң, мен тігін құралдарын және маталарды сату дүкенінің сатушысы болып жұмысқа тұрдым. Сондағы мақсатым, тігін әлемін іштен тану еді. Мен бұл жұмысты тура төрт жыл атқардым. Сол төрт жыл мен үшін алғашқы құрақтар, алғашқы клиенттер, алғашқы қателесулер мен көз майын тауысып жұмыс жасау жылдары болған еді. Қиындықтарды артқа тастап, соңғы үш жыл болды өз шеберханамды ресми рәсімдеп, қанатымды кеңге жайдым.

Ruh.kz: Гүлмира ханым, қиындықтарға қарамастан, алға жүруді тоқтатпағаныңыз көпке үлгі. Осы дара жолда сізге қолдау көрсеткен жандар кім?

Гүлмира Уәлиханқызы: Рақмет! Менің барлық бастауларыма қолдау беретін жан – ол менің жолдасым Сейсенәлі. Ол мен үшін ағам да, досым да және Құдай қосқан қосағым. Ол кісімен құрған шаңырағымыз бақытқа, шаттыққа толы. Тәрбиелеп отырған бес баламыз бар. Елбасымыздың құрған саясатының көмегімен «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша баспаналы болдық. Өз кәсібіме келетін болсақ, мен талай мемлекеттің және жеке меценаттардың гранттарына қатысқан болатынмын. Өкінішке орай, ешқайсысын да ұтпадым. Осыдан болар, шеберханамда орналасқан әрбір ұсақ-түйек заттан бастап, тігінге қажет үлкен құрылғылардың барлығы да айналымда жүрген қаражатқа сатып алынды. Шеберханамдағы ең бағалы зат – ол   25 000 АҚШ доллары тұратын тігін құрылғысы. Осындай гранттық конкурстардың кезектісінде, конкурстық комиссияның мүшесі менің бизнес-жоспарымды әрірек қойып, оның еш пайдаға аспайтынын айтқанда, мен тұнжырғам түсіп, қолымды бір сілтеуге бел будым. Сол кезде жолдасым жаныма үлкен демеу бола білді. Ол мені рухтандырған еді. Кәсіп ашу үшін достарымыздан қарызға қаражат алғанбыз. Міне, жан жарым, әрі ақылшым Сейсенәлінің маған көрсеткен, әлі де көрсетіп жүрген қолдауы осындай болды.

Ruh.kz: Сіздің жұмыстарыңыз Батыс пен Шығыстың синтезі іспеттес. Бұндай дизайнға қалай келдіңіз?

Гүлмира Уәлиханқызы: Пэчворк немесе құрақ ол әрқашан да синтез. Шығыс пен Батыстың, көне мен жаңаның синтезі, әртүрлі қолданбалы өнердің  коллаборациясы. Мысалы, құрақ пен былғары ісі, құрақ пен біз кесте. Құрақтың түп негізінде бірнеше этностың тарихы мен тағлымы бар. Құрақтың бойынан өзбектің хан атласын, адрасын, түріктің сюзанасын, мозайкасын, египеттің оюын және орыстың гжелін кездестіре аламыз. Барлығы да шебердің жандүниесіне байланысты. Қаншалықты екі елдің мәдениеті мен күнделікті салтын бір-бірімен үйлестіре алатынында. Бұл құрақ қай халықтың тарихымен байланысы туралы талқылаулар әр кезде де болған және болады да. Өйткені, Ұлы Жібек жолы заманынан бері барлығы да өзара араласып, сіңісіп кеткен. Сол уақытта, ата-бабаларымыз шетелдік маталарды өзіміздің жүнге, шеберлердің туындыларын дәмді етке айырбастап отырған. Барлығы да араласып кетті. Біздің «ши құрағымыз» батыстың «құдығына» айналды. Және де біздің елдің көпэтносты екенін де естен шығармау керек, біз тек батыс пен шығыстың синтезін ғана емес, сондай-ақ көптеген этностардың және мәдениеттердің синтезін жасап отырмыз.

Ruh.kz: Гүлмира ханым, осындай тарихы бай кәсіпті бастауда қорқу болды ма және осы ұлттық кәсіпті белгілі бір деңгейге көтеруде қиындықтар болды ма?

Гүлмира Уәлиханқызы: Өте қызық сұрақ. Күнде, таң атқанда менің ойыма келетін алғашқы ойлардың бірі – халқымыздың ұмыт болып, қайтадан жанданған қолданбалы өнерін  мен өз тарапымнан сай деңгейге көтере аламын ба? Белгілі дәрежеге көтерген соң, оны сол қалпында ұстай аламын ба? Бұл ойлар меннен бір сәтте алыстамады. Мен өзімді шебер ретінде бренд ете аламын. Бірақ, ондай мақсат жоқ. Мен әжелеріміз бізге мұра етіп қалдырған осы кәсіп түрін республика деңгейінде үлкен дәрежеге көтергім келеді. Жүрегінде ұлттық рухы бар, жанарында оты бар қыз-келіншектерді осы кәсіпке алып келгім келеді. Бұл шеберлердің арқасында құрақ өнері киіз басу және былғары қолданбалы өнерлерімен қатар аталуы керек. Еліміздегі құрақ тігу ісіне жанын құрбан ететін шебердің бірімін. Мен көпбалалы анамын. Мен де қиналамын. Мен де қорқамын. Ештеңеге қарамастан алға ұмтылудамын. Менің басқан әр қадамын осы арманыма жетудің жолына арналады.

Ruh.kz: Ұлттық нақыштағы дүниелер тұтынушыларға қаншалықты қажет?

Гүлмира Уәлиханқызы: Керек. Іздейді. Керектігі сонша, біздің шеберханада дайын туындылар ешқашан болмаған. Бірден тауысылып қалады. Құрақтың құны да жоғары. Ол дұрыс деп ойлаймын. Себебі құрақ мозайкасы қолөнердің сакральді түрі және терең философиялық мазмұнға ие. Өз ісін сүйетін шебердің қолынан шыққан әр жұмыстың жаны бар. Ал тұтынушы құрақпен бірге жақсы энергетиканы да сатып алады. Тұтынушылардың қатарында құрақ сатып алуға деп ақшасын бір жыл жинаған жас қыздар да бар, үлкен әулеттің апалары да бар, біздің шеберхананың байланыс телефондарын бір-біріне қимай берген шетелдің қонақтар да бар (күлді). Жоспарлы түрде тұтынушыларымызға Қытайдан Францияға дейін, Біріккен Араб Әмірліктерінен Америка құрама штаттарына дейін құрақтарымызды жіберіп отырамыз.

Ruh.kz: Осындай керемет туындыларды шығару үшін командаңызға адам жинаған шығарсыз.

Гүлмира Уәлиханқызы: Тұрақты негізде істеп тұрған командам жоқ деуге болады. Менің оқуымды оқып, мастер-кластарымды бітірген келіншектердің арасында менімен жұмыс жасағысы келетіндері қалады. Олар менің дизайным бойынша тапсырыстарды тігеді. Олардың ішінде, зейнетке шыққан апалар, көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар да бар.

Ruh.kz: Өзіңіз айтып кеткендей мастер-кластар өткізеді екенсіз. Қай қалаларда өткізесіз? Бағасы қолжетімді ме сіздің оқуыңыздың?

Гүлмира Уәлиханқызы: Иә, шамам келгенше оқимын деген адамды оқытуға тырысамын. Қай қалада дейсіз бе? Қазақстанның барлық қаласында деуге болады. Оқимын, үйренемін деген қыз-келіншектер шақырса, сол жерлерге баруға тырысамын. Бүгінгі күні менің оқуымды оқып, құрақ тігуге үйренген жанның саны 1 000 адам. Соның ішінде 100 қыз-келіншекті тегін оқыттым. Оқу тәмәмдаған оқушыларыммен байланыс үзбеймін. Өзіміздің Whatsapp желісінде ашқан тобымыз бар. Сол топта берілген сұрақтарға жауап беруге, оларды қолдауға тырысамын. Қолдаулардың көмегімен менің үш оқушым аумақта шағын кәсіп ашу үшін грант ұтып алды. Сонымен қатар, мемлекеттік емес ұйымның қолдауымен Семей өңірінің қыз-келіншектерімен оқу жүргіздім. Қолөнершілер Одағының қолдауымен киелі Маңғыстау жеріне барып, өзін-өзі дамыту үшін мастер-кластар жүргіздім. Сондай-ақ менің бастамаммен Астана қаласындағы «Green tal» әлеуметтік шеберханасында құрақ тігіп үйренемін деушілерге сабақ жүргіздім.

Ruh.kz: Біздің қолданбалы өнерді насихаттау мақсатында фестиваль-сайыстарға қатысып, қанжығаңызды майлайсыз ба? Біздің ұлттық колоритке шетелдіктер қызығады ма?

Гүлмира Уәлиханқызы: Мен Қолөнершілер Одағының мүшесімін. Қазақстанның үздік қолөнер ұстазы –  «Асыл ұстаз» номинациясының иегерімін.   Ресей елінде 2017 жылы өткізілген «Традиция» құрақ фестиваліне қатысып, «Рухани жаңғыру» еңбегім арнайы марапатқа ие болды.

Ал, 2016 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізілген фестивальда еліміздің  ұлттық өнерін таныстырдым. Жақында ғана ЮНЕСКО-ның халықаралық сапа белгісіне ие болдым. Шеберханам барған елдердің барлығында құрақ өнері жоғары бағаланды және де үлкен сұранысқа ие.

Ruh.kz: Бірінші қойылған жауаптардың ішінде, өзіңіз айтып өттіңіз, ұлттық қолөнерді жаңа деңгейге көтеру керек деп. Сіздің ойыңызша, ол үшін не қажет?

Гүлмира Уәлиханқызы: Менің ойымша, Қазақстанның Қолөнершілер Одағын жан-жақты қолдау керек. Себебі, Одақтың құрамында еліміздің мықты қолөнершілері жиналған және де олардың қолөнерді одан әрі дамыту үшін ықпалы да, тәжрибесі де бар. Еліміздің қолөнершілері үшін қызмет атқаратын  ковркинг-кеңістік пен мұражай керек.

Ruh.kz: Ал өзіңіздің жоспарларыңыз қандай?

Гүлмира Уәлиханқызы: Алдағы он жылға қойған жоспарым – Алматы қаласын нағыз өркениетті орынға айналдыратын қолөнершілер орталығын ашу.

Ruh.kz: Гүлмира ханым, оқырмандарымызбен жетістікке жетудің үш жолымен бөліссеңіз.

Гүлмира Уәлиханқызы: Әрине.  Біріншіден, сіз атқарып жүрген қызметті сіздің жаныңыз сүйіуі керек. Қолыңыз жүрмей, жұмысыңыздан түңілген уақытта сабыр сақтаңыз. Есте болсын әр үлкен жетістіктің артында сіз сияқты қарапайым адамдар тұр.

Жаратушым берген әр күн біз үшін үлкен сый. Оны берекелі өткізіңіз. Өз кәсібіңіздің пайдасы үшін өткізіңіз. Егер де жұмыс жасауға күш-жігеріңіз таусылса, тым болмаса арманыңызбен бір толқында болыңыз.

Ruh.kz: Біздің оқырмандарға жандану бағытында берген жауаптарыңыз бен кеңестеріңіз үшін рақмет сізге! Кәсібіңізден тек береке көріңіз! Наурыз мейрамы құтты болсын!

Гүлмира Уәлиханқызы: Менің ел игілігі үшін жасап жатқан еңбегімді елеп, меннен сұхбат алғаныңыз үшін рақмет!

Бибігүл Бөкенбайқызы,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button