Жаңалық

«Миллиондардың емес, миллиардтардың кумирі – ДИМАШ!»

Қазақ халқының, қазақ елінің маңдайына біткен алтын баласы, дара баласы Димаш Құдайберген. Димашты білмейтін, танымайтын әлемде адам жоқ сияқты! Кеше ғана ресейлік телеарна жүргізушілерінің бірі айтқандай – «Димаш, миллиондардың емес, миллиардтардың кумирі!».

Оған дәлел – Димаш ұлымыздың күні кеше ғана (22,23 – наурыз) Ресей Федерациясының Бас қаласы Мәскеудің төрінде орналасқан,  6 000 көрерменді сыйдырта алатын Мемлекеттік Кремль сарайында жеке концертін беруі. Бұл концертке талантты әншінің жер-жердегі Dears-тары жиналды. Дәлірек айтсақ, әлемнің елуден астам елінен келген жанкүйерлері Мәскеу қаласының мәдение тарихын дүр сілкіндірді. Концертке жиналған халықтың энергетикасы өте жоғары және керемет болды! Сол энергетиканың куәсі болған жанкүйерлердің қатарында біздің қазақ қыздары да болды. Жаннұр мен Әселдің таң-тамаша көңіл-күйлерін сізге жеткізуді жөн көрдік, оқырман.

Dears – Жаннұр:

Мен, Димаштың шығармашылығымен 2017 жылдан бастап таныспын. Оның әншілігі бір төбе болса, азаматтығы, қазақ елінің баласы ретінде даралығы бір төбе! Сол жылдары Димаштың шығармашылығымен танысу барысында, оның қай елде, қай жерде жүрсе де тек қазақ тілінде сөйлеуі мені қызықтырды. Мен оның қазақ тілінде берген сұхбаттарын қазақ тілінен ағылшын тіліне аударуға бел будым. Интернет желісінен өзімнің каналымды аштым, сөйтіп Dears-тар мені және менің аудармаларымды тауып, олармен дос болдым. Шет ел жанкүйерлерінің Димашқа деген ықыласы өте зор екенін сезіндім. Өйткені, Димаштың әр басқан қадамы, әр айтқан өлеңі және киген ұлттық киімдері қазақ еліне және тарихына деген үлкен қызығушылығын арттырды. Барлық жанкүйерлер Димашты тек әнші ретінде емес, азамат ретінде үлгі тұтады, тұлға ретінде бағалайды. Біздің қазақ баласының барлық әндері – барлық емге шипа деп айтады (күлді). Мәскеу қаласында өткен концертіне келген жанкүйерлерге тоқталатын болсақ, біз өзіміз тоқтаған қонақ үйдің өзінде жетпіс бес Dears тоқтады. Олардың ішінде АҚШ, Словакия, Чехия, Түркия, Франция, Италия, Қытай және басқа да елдерден келген жандар бар. Мен, Димаштың жасап жатқан еңбегіне өте ризамын. Оған үлкен рақмет айтқым келеді. Осындай ел азаматының атқарып жүрген еңбегін мен де қолымнан келгенше қолдағым келеді. Әзірге, тек қазақ тілін насихаттау және қазақтың салт-дәстүрін шет елдік жанкүйерлерге таныстырумен айналысамын. Әрине, одан мен ешқандай пайда көрмеймін. Барлығы да шын көңілден жасалып жүрген дүниелер. Мысалы, Димаштың Германия еліндегі жанкүйері Аня апай мені әлеуметтік желі арқылы тауып, меннен Қазақстан туралы, біздің мәдениет және біздің дәстүрлер туралы сұрастыра бастады. Кейін қазағамыздың домдырасына қызығып, оны меннен пошта арқылы жіберуді өтінген еді. Алайда, мен домдыраны өз қолыммен олардың үйлеріне, Германияға апарып бердім. Домбырамен қатар, қазағымның ұлттық киімдерін де сый етіп тарттым. Міне, осылай Димаштың жанкүйер апайына домбыраны табыстау үшін, Германияға да барып қайттым. Аня апай да, Кремльде болған концертке арнайылап келді. Жалпы, Димаштың шығырмашылық кешінде болған ерекше атмосфера және энергетика барлық залды жаулап алды. Кеш өте тамаша өтті!  Залдағы көрермендер қазақтың талантты ұлына дән риза болды. Ресейдің астанасы Мәскеу қаласындағы концерт сонымен тәмам, енді, біздің Димаштың елордадағы жеке концертінде кездескенше, деп бір-бірімізбен қоштастық!

Әсел – Dears:

Димаштың шығармашылығымен бұрыннан таныспын. Қазақстандық бола тұрып, оның шығармашылығымен әуестенбеу ұят қой. Алайда, әншіміздің өлеңдерінің жай тыңдарманы болдым. Былтыр Димаштың Мәскеу қаласында концерті өтеді деген уақыттан бастап қана оның белсенді Dears-ның қатарына қосылдым. Ол үшін әлемнің барлық жерінде орналасқан фан-клубтарымен хабарластым, олар мені өз қатарына қосты. Жалпы, Dears-дың толқыны өте күшті, әрі ұйымшыл. Мысалы, Мескеуде өткен концерттің алдында барлық жанкүйерлер бас қосып, Димаштың отбасымен тамаша кеш өткіздік. Наурыз мейрамы болған соң, қазақы дастархан қонақтар үшін жайылды. Димаштың шығармашылығының арқасында, шетелдік жанкүйерлер қазақтың бай дастарханымен де танысты. Фан-клубтардың ұйымшылдығы концертте де байқалды. Қытай елінен келген қыздардың қолдауымен концерт барысында, Димаш «Махаббат бер маған» әнін орындай бастағанда жүрекшелермен флэшмоб ұйымдастырылды. Ол флэшмоб үшін біз қызыл жүрекшелерді қайшымен қидық, оларды көрермендерге тараттық, түсіндірдік. Бұл өте әсерлі көрініс болды. Сондай-ақ, біз осы концертке қай елден, қанша жанкүйерлер келгенін анықтау үшін Кремль концерт залының көрермендерді отырғызу жоспарын да жасадық. Сондағы мақсатымыз, үлкен жанкүйерлер отбасымыздың жалпы георафиялық картинасын көру еді. Ол үшін жер-жерден келген қонақтар өз елінің жалауларымен қолдағы билеттер бойынша өз орындарына жайғасты. Ал, мен және Афина қаласынан келген Алма есімді керемет қыз барлық жоспардың суретін бірнеше ұйқысыз түн бойы жасадық (күлді). Отырғызу жоспарының жалпы картинасын жасау арқылы біз концертке келген қонақтардың 53 елден келгенін анықтадық. Концерт бір тыныста өтті десек те болады. Екі күн болған бұл кеш – Димаштың жанкүйерлері үшін ең қымбат сыйлық. Біз ерекше талантты әншіміздің шашбауын әрқашан да көтеріп жүруге дайынбыз. Оның ел үшін, елдің мәдениеті үшін жасап жүрген еңбегі өте зор! Димаш арқылы әлем қазақ елін, қазақ мәдениетін, қазақтың домбырасын және қазақ тілін таныды. Мысалы, осы мақаланы да шет елдік Dears-тар қызыға оқиды, олар мақаланы аударады, сол үшін тілді де үйреніп жүрген жандар жетерлік. Біздің Димаш тек асқақтай берсін, ал біз оны қашан да қолдаймыз!

P.S. Ұлыстың Ұлы күні –Наурыз мейрамында Мәскеу қаласының жүрегінде болған Димаштың жеке ән кешіне келген халықтың санында шек болмады. Бұл көрермендердің барлығы да біздің ұлымыздың, оның талантының хас табынушылары. Оған күмән жоқ. Бұл кеште Димаштың отбасы, еліміздің Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, қазақ сахнасының театр және эстрада жұлдыздары, ресей сахнасының эстрада жұлдыздары да қонақ болды.

Димашжан, өнерде қаққан қанатың талмасын! «Қазағым», деп соққан жүрегіңді Жаратушы әр кез қолдасын!  Еліміздің бас қаласында «Арнау» кешінде кездескенше, Dears!

БИБІГҮЛ БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button