Жаңалық

Түркиядағы қазақ жастары Астананың Нұр-Сұлтанға ауыстырылуына қатысты пікірлерін білдірді

Тарихымыз бен мәдениетіміздің ғана емес, тіліміздің де жақын болғаны қазақ жастарын Түрік елі баурап алып жүр. Жүздеген қазақ жастары білім қуып, Анадолыда жүргенде, елдегі жаңалықтар құлақтарын елең еткізіпті…

Алғаш естігенде таң қалдым, дейді Назерке Атымтаева, еліміздегі өзгерістерді естіген сәтін еске алып. Мұстафа Түрік салдырған қалада оқып жүрген қазақ білімпаздары көлеңкеде қалып қоя алмайтын Қазақстандағы айтулы оқиғалар тұсында Наурыз мейрамын, әдеттегідей, өз деңгейінде атай алмағанын жасырмады.

– Күллі түркі дүниесіне ортақ бұл мереке біз үшін өте маңызды. Балалық шағымыздан тойлауды дәстүрге айналдырғанымыз соншалық, қанымызға сіңіп кеткендей. Биыл елден жырақта болғандықтан, бұл мерекені тойлаудың маңыздылығы бұрынғыдан да арта түсті. Осы дәстүрлі мереке күнінде оқу орнымызда Қазақстанмен таныстыру күнін өткіздік. Қазақ салт-дәстүрлері, ұлттық киімдер, яғни Қазақстанға қатысты дүниелердің бәрімен таныстырдық. Тіпті, “Қара жорға” ұлттық биімізді де билеп көрсеттік. Сонымен қатар қыстан сақтаған етімізден Наурыз көжемізді де дайындадық. Елден жырақта жүрсек те, дәстүрлі мерекемізді бір адамдай атап өттік. Елімізде өзгерістердің болып жатқаны, шыны керек, біраз абдыратты бізді. Дегенмен туған елдің туын жықпауға тырыстық.

Наурыз – түркі халықтарына ортақ мереке деп саналғанымен, Түркияда Әз Наурызға айтарлықтай мән берілмейді екен, дейді Назерке. Елімізде 5 күндік демалыста бұл мейрамның маңыздылығын сезініп, алыстағы ағайын-туыстармен көрісетін қазақстандықтар жат елде 1 күн де мерекелік демалысқа шықпай,  Наурыз думанның иісін де сезе алмадық, дейді. Наурыздың сәнін тек Әзірбайжан, Өзбекстан сияқты шет елдерден келген студенттер ғана кіргізіп, мерекелік көңіл-күй қалыптастыруға тырысқан екен.

Түркияның астанасында тұрып жатқан Назерке бұл жақта Анкара университетінде дін социологиясы мамандығы бойынша докторантураға оқуға түскен. Алдағы 5 жыл бойы осы Анадолы жерінде болмақ.

– Жалпы Түркияда қазақтар көп. Биылдың өзінде Қазақстаннан Анкараға 20 шақты студент келді. Біз бір-бірімізге өте жақынбыз. Отбасымыздан жырақта жүргенімізді сездірмеуге тырысып жүреміз. Сол себепті жиі басқосулар ұйымдастырамыз. Мерекелерде жайлаудың көк шалғынына жайғасқандай саябақта алқа-қотан отырып, қасиетті домбыраның үнімен тыныстап, шырқалған әндерге шабыттана елітеміз. Құлақ құрышыңды қандырып, қуат күшіңді еселейтін қазақ әндерін кезектесе шырқаған әнші жастардың өнеріне серуендеп жүрген жергілікті тұрғындар тәнті болып, елең етіп тыңдасады. Бұл жақта “Анкара қазақ жастары” деп аталатын топ бар. Оның құрамында бұрыннан осында оқып жатқан аға буын өкілдері, яғни 80-ге жуық студент жастар бар.

Елорда атауының Нұр-Сұлтан болып ауысқанына қуаныпты қазақ жастары. Осы бастамамен орыс тілді талай қалаларымыздың атаулары да өзгерсе, нұр үстіне нұр болар еді, деп отыр. Айта кетерлігі, Анкарада «Қазақстан даңғылы», жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы көше бар және Анкараға таяу жерде орналасқан Кыршехир қаласындағы көшелердің біріне Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілген көше де жоқ емес.

– Анадолыда Қазақстан даңғылы бар екенін білемін, әрі мақтан тұтамын. Бірақ онда жолым түспеді әзірше. Жақын күндері міндетті түрде барып, ауылымның иісі сезілмесе де, елімнің атауы берілген даңғыл бойымен мақтана бір жүріп өтермін-ау. Сондай-ақ, ескі астанамыз Алматы көшесі, мен Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне қойылған мүсін де бар. Қысқасы, Түркия халқы қазақ еліне қай уақытта да асқан құрметпен қарайды.

Қазақстанда биылғы жыл «Жастар жылы» деп жарияланғанын да Анкарадағы қазақ жастары жақсы біледі. Талапты, әрі биікке ұмтылған жастар қауымына осы жыл аясында ерекше қолдау көрсетіліп, бірқатар жобалардың жүзеге асырылатыны да көпшілікке мәшһүр. Бұл мүмкіндіктерді Анкарадағы жағдаймен салыстырған Назерке Түркия астанасының да қалыс қалмағанын айтады.

– Анкара – білім қуып келген жастарға бар мүмкіндік жасалған қала. Жастар тек білім алсын деп, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Егер сіздің тың идеяңыз болса, моральдық және материалдық қолдау табу оңай. Осындай қолдау көрсететін арнайы ұйымдар, қоғамдық қорлар саны көп. Менің ойымша, жастарына мұндай жағдай жасаған елдің әрбір жылы – жастар жылы деп білуге болады. Біздің Қазақстанда да жастарға білім алу жағынан болсын, бизнеспен айналысу жағынан, биылдан бастап баспанаға ие болу мәселесі, шәкіртақының өсу мәселесі болсын, мықтап қолға алынған. Сол себепті біздің ел қалыс қалды деп айта алмаймын. Талапты жастар өз ісін өрге арнайы жыл жарияламаса да домалата алады деп ойлаймын.

Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өсу қарқыны Қазақстан мен Түркияның барлық деңгейдегі диалогының бай мазмұнымен және үдемелілігімен сипатталып отыр. Жыл сайын жатырқамай, өз еліндей көріп, сәйкесінше құрметке ие болып жатқан қазақ жастары үшін Анкара ғана емес, Түркияның басқа қалалары да білім алып, тәжірибе алмасатын жақсы диалог алаңына айналды. Қазақстандық елшілік бастамасымен Түркияда қазақ халқының асыл тұлғалары үшін, атап айтқанда, Абай Құнанбаевқа, Мұхтар Әуезовке, Мағжан Жұмабаевқа, Абылай ханға, Қабанбай батырға және тағы бірқатар ұлы тұлғаларымызға ескерткіштер орнатылған.

Тарихы ғана емес, мәдени құндылықтары да ортақ, түбі бір қазақ пен түрік халықтары арасындағы рухани, гуманитарлық салаларда қарқынды дамыған қарым-қатынастарымыздың жарқын куәсі болған ірі оқиғалар қатары аз емес. Мәселен, 2009 жылы Астанада Түрік мемлекетінің негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке, 2010 жылы Анкарада түркі халықтарын жақындастырудағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа орнатылған ескерткіштер емес пе…

Айнұр Нұрманғалиева, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button