Жаңалық

«Дамбо» көрерменге жол тартты

Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында «Болашақ» қауымдастығының «Өзіңнен баста» жобасы аясында ана тілімізде дубляжданған жиырма сегізінші фильмнің таныстырылымы өтті. Режиссер Тим Бёртон қиял-ғажайып стилінде түсірілген «Дамбо» атты отбасылық фильмі көрерменге жол тартты.

Премьераға ҚР «Болашақ» бірлескен қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы, «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары Қауымдастығының Құрметті мүшесі, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, қоғам қайраткерлері, шығармашылық интеллигенция өкілдері және дубляж жұмысына қатысқан барлық актерлік құрам өкілдері, сондай-ақ елордалық тұрғындар мен балалар қатысты. 28 наурыз күнінен бастап  еліміздің барлық кинотеатрларында «Болашақ» корпоративтік қоры және еліміздегі ірі құрылыс холдингі мен «Меломан» компанияларының қолдауымен дубляжданған аталмыш фильм көрсетіле бастайды. 

«Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Чайжунусованың мәліметіне сүйенсек, осы 2019 жылы  жас көрермендердің назарына қазақ тілінде дубляжданған 5 жаңа фильм –  (28 наурыз күні «Дамбо», 12 мамырда «Аладдин», 20 маусымда «Ойыншықтар хикаясы 4», 19 шілдеде «Арыстан патша», 28 қарашада «Мұзды өлке 2») ұсынылады екен. Енді «Болашақ» корпоративтік қоры, «Марвин» компаниясы, «Дисней» студиясы «BI Group» компаниясының қаржылай қолдауымен әлемдік фильмдер тұрақты түрде «қазақша» сөйлей бастайды.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: «Әлемге кеңінен танымал бұл фильмдерді қазақ тіліне аудару жұмысын біз 2011 жылы «Болашақтықтар» болып бастадық. Көп «болашақтықтар» ағылшын, неміс, француз және басқа тілдерді еркін меңгерген. Бірақ олардың көбі қалада өскендіктен, қазақ тілін, ұлттық дәстүрін жетік білмейді. Сондықтан біз адам боламын десек, ел боламын десек деп, «Өзіңнен баста» атты жобасын бастап кеттік. Осындай идеямызды Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевқа айтқанымызда, ол кісі бірден қолдап, мақұлдаған. Осынау фильмдердің бәрі Елбасының қолдауының арқасында «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында  жүзеге асырылып келеді. Игілігі бар осындай бағдарламалардың нәтижесінде  жастар, жас ұрпағымыз патриот болып өседі деп үміттенеміз. Әлемдегі дамыған елдердің қатарында болуы үшін біздің жас ұрпақ балаларымыздың бірлігі мықты, патриот, елжанды болуы керек. «Болашақтардың» негізгі миссиясы қазақ жастарының дүниетанымын кеңейту, еліміздің мәдени дамуына үлес қосу. Қазақша фильм көріңіздер», – деп көпшілікті құттықтап әрі фильм туралы өз ойын білдірді.

Белгілі әртіс, аталмыш фильмнің дубляж актері Жәнібек Мұсаев: «Қадірлі көпшілік, міне прайм-тайм уақытына сай қазақша фильмдер қойыла бастады. Бүгіннен бастап Сіздер әлемнің ең озық фильмдерінің ана тілімізде “сөйлеген” нұсқасын көрсеңіздер. Өздеріңіз ғана емес, туған-туыс, жақындарыңызбен достарыңызға, таныстарыңызға айта жүрсеңіздер. “Өзіңнен баста” деген сөзді әрқайсымыз жете түсінуіміз керек. Мемлекетімізде ана тілімізді өзіміз дамытпасақ, өзіміз жетілдірмесек, ұятымызға, азаматтығымызға сын. Қабыл алыңыздар” , – деп көпшілікті фильмді көруге шақырды.

     «Болашақ» корпоративтік қоры әлемдегі ең үздік әрі кино саласындағы атақты ең беделді “Оскар” сыйлығын иеленген кинокартиналарды ана тілімізде “сөйлете” бастағаны қуантады.

Жарқын ӘЛІ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button