Жаңалық

Сағымбай Жұмағұл: Сәбит – ұлттық рухы күшті ақын

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында ұлт тарихына зор баға берген. Мәселен, ұлы дала елінің ұлы тұлғаларын ұлықтады. Және есімі әлі күнге дейін көп айтыла бермейтін елеусіз қалған тұлғалар туралы жазу, айту, насихаттау, таныту туралы бастама көтерді. Қазақтың рухани әлеміндегі шоқжұлдыздардың бірі, алдаспан ақын, елін сүйген қайраткер, әдебиетіміздің даму барысына мол үлес қосқан тұлға –  Сәбит ақын Дөнентайұлы еді

Биыл сол Сәбит ақынның туғанына мерейлі 125 жыл! Сәбиттану, оның мұрасы мен тағылымын зерттеу, насихаттау, жариялау ісі хақында елімізге белгілі алаштанушы, әдебиеттанушы-ғалым, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұл ағамызбен аз-кем әңгімелескен едік.

Сағымбай Ботпайұлы ұзақ уақыт Сәбит ақынның мұрасын жіті зерттеп, оның қайраткерлік, қаламгерлік даңқын насихаттап, көпшілікке дәріптеп жүр.Оның үстіне бұл ғалым Сәбит ақын туралы арнайы жазылған зерттеу жұмысының авторы. Сәбит Дөнентайұлы туралы бір айтса, осы кісі айтады дегеніміз сол еді.

Ruh.кz: Сағымбай ұстаз, Сәбит ақынды бүгінгі оқырман қаншалықты біледі? Жалпы әдебиеттану ғылымында Сәбит ақын өз бағасын алды ма? Бұл кісі өзі қандай ақын еді?

Сағымбай Жұмағұл: Сәбит Дөнентайұлы ақындығы ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының сан алуан саяси-әлеуметтік мәселелерін жан-жақты қамтуымен маңызды. Оның Ресей империясы отарындағы түркі халықтарының азаттық мұратынан туындаған милләтшілдік, жәдитшілдік сынды ұлттық жаңару мен жаңғыруға түбегейлі жол ашқан қоғамдық-саяси қозғалысқа барынша қолдау білдіріп, сыншылдық-ағартушылық рухтағы шығармашылығымен көркемдік даму үрдісіне қосқан үлесі толық бағасын алды деуге болмайды. Сәбит қазақтың революцияға дейінгі үлкен ақыны. Оның шығармалары да елдік мұрат, ерлік іске негізделген.

Ruh.кz: Сәбит ақынның шығармашылығының даму, қарыштау сәті Алаш кезеңімен байланысты ма?

Сағымбай Жұмағұл: Алаш қалам қайраткерлерімен мұраттас ақын Сәбит Дөнентайұлының тырнақалды өлеңдері «Айқап», «Қазақ» басылымдарында жарияланды. 1917-1918 жылдары «Абай», «Сарыарқа» газет-журналдарының ісіне белсене араласады. «Сарыарқа» газетінде экспедитор қызметін атқарады.

«Абай» журналында «Абайға», «Алаштың» алғашқы құрбанына», «Бозторғай», «Сарыарқа» газетінде «Жәмила қыз», «Қаулы», «Сарыарқа анамызға», «Таң» журналында «Дәуітбек», «Құсайынның арманы» өлеңдері жарияланды. «Алаш» газетінде «Азаттық күні» («Бостандық»), «Жас азамат» газетінде «Кәрі батырға» өлеңдері басылды.

«Бар шолпаның «Алаш» қазақ ортаңда!» деп ұлт қайраткерлерінің қазақ мемлекеттігін қалпына келтірудегі тарихи ерен қызметтерін қолдап, елшілдік ұранын жырлауда Сәбит Дөнентайұлының «Қаулы», «Сарыарқа анамызға», «Адаспаспыз», «Алаштың алғашқы құрбанына» өлеңдерінің маңызы зор.

«Қаулы» – 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен Екінші жалпықазақ сиезі күндерінің ізін баса туған өлең. Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы жарияланып, Алаш мерейі aсқақтаған шуақты кезеңді өзек еткен ақын құрылтайда бас қосқан барша қауымның («Бай да бар, шешен де бар, көсем де бар») өрелі мұрат-мақсатын, игі арман-аңсарын («Ұят та басқалардан қалғанымыз, Далаға кетпес бұған салғанымыз. Бай малын, батыр күшін аямасын, Ендігі осы болсын арманымыз») жеткізеді. Барша исі қазақ баласын ұйыстырар кемел жұмыс еріккеннің ерігі, желіккеннің желігі еместігіне әлеумет назарын аудартады. Жеке бастың қамын күйттеген қаймана жұрттың қоғамдық бейқамдығын сатиралық уытты тілімен түйрейді («Сонымен жұрт тарайды асын ішіп, Таң атса таз қалыпқа қалған түсіп. Қаулыны күнде-күнде жасайтұғын, Ет бар ма қазан-қазан тұрған пісіп»).

Алаш қайраткерлерінің дербес мемлекет құру жолындағы қажыр-қайратына сенім артқан ақын олардың ел мүддесімен біте қайнасқан азаматтық қажыр-қайратқа толы күрестерін, түрме қорлығы мен патша тыңшылары тарапынан жүргізілген қысымдарға қарамастан ұлтты ұйыстыра білген отаншылдық ұстанымдарын қолдау – қазақты шын сүйген ерлердің абыройлы міндеті деп біледі. Әлеуметті өрге сүйреген тұлғалардың ұлт бақытына туған кемеңгерлік болмысына сүйсінді.

Қазақтан шыққан білгендер,

Халқыңды өрге сүйреңдер!

Қазаққа да туды ай, күн,

«Жарық мұнда, жүр» деңдер.

Бақытымызға берді Алла,

Сіздердейін кемеңгер,

«Сөзді ұғарлық адам жоқ,

Не ғыламыз» демеңдер

Еңбек кетпес далаға,

Жығылғанын демей бер,

Тарт қолынан, ет жәрдем,

Оттан шықсын күйгендер.

Оңсын милләт десеңіз,

Алалықты сүймеңдер.

Түзу жетсін мақсатқа,

Арттарыңнан жүргендер.

Бұл сөздерді тек көрмес,

Қазағын шын сүйгендер.

(«Қазақтың білгендеріне»).

Ruh.кz: Сәбит ақынның шығармашылығы несімен құнды? Оның өлеңдерінде қандай мәселелер көтерілді?

Сағымбай Жұмағұл: Сәбит Алаштың азаттық туы асқақтаған тарихи күндері «Сарыарқа анамызға», «Адаспаспыз», «Алаштың алғашқы құрбанына» атты өршіл рухтағы ұлттық сезімге толы өлеңдерін жазды.

Ақын Отан-анаға деген перзенттік сүйіспеншілігін, имани махаббатын жеткізеді.

Жүрмісің сау-саламат, қайран анам!

Көрсетті құдай көзге қайдан анам!

Өзіңмен ұрпағыңды еткей еді,

Жасаған жылдан есен, айдан аман!

Жүз құлдық, мың шүкірлік жеткізді Алла,

Болам деп мұндай, сірә, ойда бар ма?

Аймалат көкірегіңді, қыс мойнымнан,

Арман жоқ шықса жаным бүгін таңда.

Отаршылдық тепкісінде жаншылып, тарихтың ауыр тезінен өткен арда елінің азаттық күніне жеткен сәттегі қуаныш күйін тебіреніспен жырлап, ұлт жасампаздығына мемлекетшілдік сана биігінде келді.

«Кезінде бойың сыйлы, басың құтты,

Өсірдің тәрбиелеп талай ұлды.

Бақытсыз балаларың туғаннан соң,

Дұшпандар қастық қылды, үзді, жұлды…», – деп егілген ақын алмағайып кезеңде елдікке төнген қауіп-қатерден сақтандырып, қилы дәуірлерде ұлтқа тұтқа болған тарихи тұлғалардың тағылымды өмірін қандастарына үлгі-өнеге етеді. Елге айбын, дұшпанға айбар болған қыр перзенттерінің Алаш елінің еркіндігі мен жерінің тұтастығы үшін жанын қиған рух ерлігін мақтаныш сезіммен айшықтайды.

Хан болған Бөкей, Жәңгір, Абылайың,

Ер болған Кенесары, Наурызбайың.

Сықылды Төле, Едіге биің өтті,

Көп қозғап ескі дертті не қылайын.

Туғыздың нелер сұлтан, арыстанды,

Өткіздің талай бағылан, серке санды.

Басыңда сол бір дәурен тұрған шақта,

Кім саған көз алартты, беттей алды.

Тарих тағылымын көркемдік танымда жаңғыртқан ақын кешегі бірлігі мығым, елдігі асқақ Алаштың бүгінгі мүшкіл халіне қайғырады. Жатқа тізгін берген елдің ауыр жағдайына күйінеді, атаға жетпей туған жетесіздің ардан безген тексіздігін шенейді.

Таусылып о күндегі оңды балаң,

Арами, азғын туды соңғы балаң.

Өз-өзін мас батырдай байлап беріп,

Жат елге қоңсы болып қонды балаң.

Ақын қасиетті Отан-анамызға тағзым етіп, барша Алаш баласының ұлттық сана биігінде болуы үшін ана алдындағы перзенттік парызы мен қарызын жете ұғынуына, ақтық демі таусылғанша ата-бабалар аманатына адал болуына ой салады.

Кез келдің мына күнге анамыз-қарт,

Басалқы айт, түзу жөнге балаңды тарт!

Шағыңда жасың жеткен күте алмаса,

Кінәң жоқ, обалыңды Алашқа арт!

Азаттықтың ақ жолын ұстанған өр халқын елдік заңғарындағы мақсат-мұратына еш адастырмай жеткізетін Алаш қайраткерлерінің қажыр-қайратқа толы кемел істеріне кәміл сеніммен қарап, «Адаспаспыз» өлеңімен қуаттайды. Барша қандастарын Алаш баласын еркіндіктің жарық жолына бастаған ақ жүрек ерлердің тарихи қызметін қолдауға шақырып, жұрт жұмысын жұмыла атқарудағы намыстарын қайрады.

Біз бәйгеге ат қосамыз «Алаш» деп,

Аянбай шап, «егей түс» пен «талас» деп.

Барды аптап, тілеп тұрмыс құдайдан,

Ия, Жасаған, аруақ көтер, бақ аш деп!

Кежімдедік талай тарлан шұбарды,

Сүзіп құйрық, тағып үкі, тұмарды.

Әулекі жоқ қосып күлкі боларлық,

Ақыншылды «айт» дегенге құмарды.

Бар шолпаның «Алаш» қазақ ортаңда!

Бар шығарың қайнатқанда сорпаға.

Махамбет те кісі боп па дегендей,

Түк көрмейтін соқыр ма едің соншама

(«Адаспаспыз»). 

«Ұлттық идея – талай ұрпақтың еңбегімен, қуаныш, қайғысымен сараланған дүние. Бұл қайталанбас байлық өмірге ұлттық, өзіндік тарихи болмысымен келген, сол себептен де ол ұлттық дүниетанымның айнасы», – деп жазады ұлттанушы Амангелді Айталы. Осы ілкі қасиеттерді шығармашылығына сіңірген ақын «Бірін бастап, бірін тастап, ұлт ісімен ойнама» («Жүрекке»), «Қызмет көрсет халқыңа, Игі ат қалсын артыңа, Діндесіңді бауыр тұт, Қарамай қазақ, сартына, Аз нәрсеге мас болып, – «Мен пәлен» деп шалқыма, Пайдалы басқа өнерден, Ұлт керегі дегеннен, Жан қиналып жолында, Бас кетсе де тартынба» («Замандастар») – деп, бүгінгі тәуелсіздік талабымен астасып жатқан мәңгілік қағиданы ту етіп көтерді. Сондықтан Сәбит Дөнентайұлының қазақтың азаттығы үшін жанын қиған Алаштың арда азаматы Қази Нұрмұхамедұлы қазасына арнап, «Алаштың алғашқы құрбанына» өлеңін жазуы заңдылық болатын.

Ruh.кz: Бұныңыз рас. Осы Қази Нұрмұхамедұлының қапыда болған қазасы жайлы азалы өлеңіне тоқталсаңыз. Қази деген кім еді? Бұның бәрі бүгінгі жас буынға қызық болуы да мүмкін…

Сағымбай Жұмағұл: «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы №34 санында «Байымбет» бүркеншік есімімен берілген «Тұңғыш құрбан» атты мақала соңында Сәбит Дөнентайұлының «Алаштың алғашқы құрбанына» өлеңі жарияланды. Ақын қызыл әскер оғынан қапыда мерт болған Алаш атты милициясының сардары Қази Нұрмұхамедұлының мезгілсіз қазасына егіліп, ұлт ұланының қаһармандық ерлігін тебіреніспен жырлайды. Азамат ердің баласы сыналар сәтте елі үшін жанын пида еткен есіл боздақты Алаштың қаһарманы деп бағалайды. Қази қазақтың қабылан жүректі, рухы биік, күрескер азаматы еді. Алаш Орда үшін шыбын жанын қиып, большевиктерге қарсы күрескен. Қазы туралы жазылған дерек аз. Соның ішіндегі көлемдісі осы Сәбит ақынның шығармашылығы дер едім. Ақынның Сәбит туралы азалы дүниесі оның жас бейнесі соғылған жыр ескерткіші сияқты. Қазыдай күрескер ерлердің көбі советтік жүйенің зардабын шегіп, өлім құшқан. Өлмеді, опат болды. Қолдан өлтірді. Бұл сұмдық әрі қатыгез жүйенің сұмпайы ісі еді. Қазы туралы өлеңіне назар аударыңызшы:

Тірі жанға қылмыссыз,

Қисыны жоқ оққа ұштың.

Қара өмірден тұрмыссыз,

Періште боп көкке ұштың.

Қандай жанға қастық қып,

Кіммен баққа таластың!

Жат жігерін жастық қып,

Қаһарманың Алаштың.

Ойлатып хал, шағыңды

Таңба салдың жүрекке.

Бірақ сенің бағыңды,

Таппас ешкім тілеп те.

Әрі тұңғыш, әрі тақ,

Күнәсі жоқ меймандос!

Қонағыңды күтіп ап,

Ұлттың ұлы қош бол, қош!

Алаш азаттығын, ел мен жер тұтастығын, саяси теңдігі мен рухани кемелденуін жырлаған Сәбит Дөнентайұлының «Сарыарқа анамызға», «Адаспаспыз», «Алаштың алғашқы құрбанына» өлеңдері елдік қасиеттерге бұла күш дарытудағы жасампаздық қасиетімен құнды. Көрдіңіз бе, рухты жырлар! Бұл өлеңдердің бәрі Қазының қайраткерлігін аша түседі деп санаймыз.

Ruh.кz: Бәрекелді! Шіркін ай, сол заманның тұлғалары тау сияқты алып тұлғалар еді ғой. Сөз соңында Сәбит ақынның шығармашылығының маңыздылығы жайында айтсаңыз.

Сағымбай Жұмағұл: «Бозторғай», «Ауырған арыстан», «Көзі тоймайтын ит», «У жеген қасқырға» өзге де мысал өлеңдері, қазақ прозасының әлемдік әдебиеттің айшықты ағымы сентементализмен поэтикалық жүйеде тоғысуының жарқын үлгісі «Көркемтай» әңгімесі, «Қазақ», «Айқап», «Абай», «Сарыарқа», «Таң» басылымдарында жарияланған көсемсөздері Сәбит қаламына тән шеберлік қырларын толықтыра түседі. Оның асыл мұрасы өзі сүйген туған халқымен жасай береді. Сәбит ақынның шығармашылығы, мұрасы уақытпен алға, ұрпақтан ұрпаққа жетер нағыз саф алтынмен тең туынды. Әрине, оны түсінер, бағалар ұрпақ болса…

Жарқын ӘЛІ,

 Ruh.кz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button